Қан қысымының үнемі жоғары болуы инсультқа апаратын жолдың бірі. Мамандар артериалдық гипертонияның жастар арасында өрістеуіне қатты алаңдаушылық білдіруде. «Артериалдық гипертонияның өсуіне темекі шегу, алкогольді шамадан артық тұтыну, дененің артық салмағы, аз қимылдау, күйзелістер тәрізді факторлар едәуір әсер етеді» – дейді дәрігерлер.
Астана қаласындағы саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығының үйлестірушісі Шыңғыс Байкөбенов жыл сайын елімізде Дүниежүзілік инсультпен күрес күнінің шеңберінде бірқатар шаралар өткізілетінін, негізінде қан айналымы жүйесі ауруларының алдын алу үшін күш біріктіруде жұмыс берушілер, бизнес құрылымдары, жергілікті атқарушы органдар, ҮЕҰ және басқа да мүдделі ұйымдар мен жекелеген адамдардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарамауының маңыздылығын алға тартады. Адамдардың денсаулығына зиян тигізетін әдеттерден арылуы, сонымен қатар инсульттің алғашқы белгілері білінгенде дұрыс және дер уақытында алғашқы көмек көрсетудің маңызы туралы жұртшылықтың хабардар болуына басты мән береді. Шынымен біз жазатайым әріптесімізде немесе туысымызда инсульт белгісі білінсе не істеуіміз керек? Инсульттiң бастапқы негiзгi белгiлерi қандай, ол туралы нақты не білеміз?
Инсульттiң бастапқы негiзгi белгiлерi қол, аяқ бұлшық еттері жансызданып, сөз бұзылып, бас ауырып, жүрiс бұзылып, адамның есінен тануы мүмкін. Егер жақыныңызда осы белгiлер байқалса оны елемеуге болмайды, дереу дәрiгерге жүгінген абзал. Дер кезінде көрсетілген шұғыл медициналық көмектің әр сағатының аса маңызды мәні болғандықтан инсульттiң пайда болуынан кейiн уақтылы емдеуін бастап және диагнозы дұрыс қойылған жағдайда инсульттің зардабын мейлінше азайтуға болады.
Ал бұзылған функцияларды қалпына келтiру үшін инсульттiң емдеуi кешендi болу қажет. Бұл бойынша дәрі-дәрмекпен қоса оперативті емдеу, әлеуметтік және физикалық оңалту атқарылып, емдеу барысында түрлi мамандар, невролог, нейрохирург, терапевт, кардиолог, хирург сонымен бiрге басқа мамандар, ЕДШК инструкторы, логопед, психолог, әлеуметтiк қызметкер қатысады. Ал ең негізгі мән берілуі тиіс дүние – адамдардың саламатты өмір салтын ұстануы.
Шынында, аурудың алдын алған әлдеқайда тиімді, әрі қалтаға түсетін салмақ та азая түседі. Осы ретте елімізде Денсаулық сақтау министрлігі патологиядан болатын өлім-жітім көрсеткішін төмендету мақсатында бірталай жұмыс атқаруда. Мәселен, жасы 40-тан асқан тұрғындарды скринингтік зерттеулерден өткізудің маңызына тұрғындар жете мән бере бермейді. Ал соның арқасында өздері білмей жүрген қаншама артериалды гипертония ауруына шалдыққан пациенттер анықталған.
Соның нәтижесінде азаматтар қан қысымын бір қалыпта ұстайтын тегін дәрілермен қамтамасыз етілуде. Оған қоса осы аурудың диагностикасы мен емделуінде жоғары технологиялық әдістерді қолдану оңтайлы нәтижелерін беруде. Мысалы, Астанадағы Ұлттық нейрохирургия орталығында ми аневризмасына шалдыққан пациенттерді емдеуде жаңа технология кеңінен қолданылады, оның нәтижелері көңіл қуантарлық дәрежеде. Сонымен қатар еліміздің барлық өңірінде кардиологиялық орталықтар, инсультқа шалдыққан науқастарға кешенді емдеу шараларын ұйымдастыру үшін 40 инсульт орталығы ашылды.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»