Қалада биылғы көлік реформасы аясында сыйымдылығы әртүрлі 388 автобус алынған. Олардың 195-і бағыттар бойынша қызмет көрсетуде. Оған қоса қалаға әкелінген су жаңа 200 автобус кезеңдер бойынша жолға шығады. Өз кезегінде жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус алған, қазіргі уақытта олардың 91-і қала жолдарында.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қаланың автобус паркінің 30 пайызға жаңаруы және бағыт желісінің ұлғаюы жолаушылар легін 20,6 пайызға арттырған. Егер 2016 жылы 174,6 млн адам тасымалданса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 220,1 млн жолаушыға артқан. «Тасымалдаушы жоспарлы шығуды қамтамасыз ете алмаса, интервал мен жылжымалы құрамды жаңарту «Алматыэлектротрансқа» беріледі. Мысалы, №70 бағытта автобустар жаңарды, интервал қысқарды, соның арқасында жолаушылар легі 12 есе өсті, яғни тәулігіне 395 адамнан 4,6 мың адамға дейін жетті. Жақында 18 метрлі автобус-гармошкалар №201 бағыты бойынша жүре бастады, ол күніне 11,6 мың адамды тасымалдауда, болжамдағы жолаушылар легі – 25 мың адам», дейді жауапты мамандар.
№12 бағыты бойынша жолға шыққан 12 метрлі төмен еденді автобустар Еуро-5 экологиялық сыныпқа сай, сыйымдылығы 100 адамнан жоғары, кондиционерлермен, бейнебақылау камераларымен, пандустармен және басқа да қажетті құралдармен толық жабдықталған. Аталған бағытты «Алматыэлектротранс» ЖШС ұйымдастырған. Мәселен, жай күндері автобустар арасындағы интервал алты минутқа қысқарса, демалыс күндері екі минутқа азайған. Босаған автобустарды «Green Bus company» ЖШС №120 бағытты күшейту үшін пайдаланады, кейін бұл бағыт айналмалы болады деп күтілуде.
Еске салсақ, бұған дейін Алматыда көлікті реформалау аясында №22, 70, 86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шығып, №77 бағыт қайта ашылып, көліктер №201 магистральды бағыты бойынша жүре бастаған еді. Көрші облыстан қалаға қосылған елді мекендерге толық көлік қызметін көрсету мақсатында сегіз бағыт ашылған болатын. Шаһар тұрғындары мен қонақтарын Медеумен қауыштыратын су жаңа алып автобустар иір-қиыр жолдар мен кілт бұрылыстардан іркілмей өтіп, демалушыларды діттеген жеріне аман-сау жеткізбек.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ