Аймақтар • 10 Қаңтар, 2018

Махамбет ауданында батырдың ескерткіші бой көтерді

1556 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында халық батыры Махамбет Өтемісұлына арналған ескерткіш бой көтерді. Батыр есімімен аталатын Махамбет ауданының орталығынан ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев қатысып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында жасалған игі істің маңызы жайлы айтты.

Махамбет ауданында батырдың ескерткіші бой көтерді

Ал аудан әкімі Сырым Рыс­қалиев «Елі үшін ер болып туған Исатай мен Махамбет есімдері күллі қазақ халқы үшін қастерлі де құрметті. Өшкеніміз жанып, рухани жанымыздың шамын қайта маздатқан жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қа­сиетті борышымыз. Батыр атымен аталатын аудан орталығында баба ескерткішінің жоқтығы барша жұртшылықтың көңіліне қаяу түсіріп келген еді. Міне, батыр бабамыз алып ескерткіш болып ортамызға оралды. Махамбет Өтемісұлына арналған бұл еңселі ескерткіш рухымызды оятатын, ұлы мұраттарға жетелейтін, елжандылыққа, отаншылдыққа үндейтін қастерлі де қасиетті орынға айналатынына сенеміз», деді. 

Салтанатты жиында батыр­дың төртінші ұрпағы Бағыт Ғаб­дуллин, облыстық қоғам­дық қауым­дастық төрағасы Мұ­рат Сақ­тайұлы, Қазақстан Жазу­шы­лар одағы Атырау облыс­тық филиалының төр­ағасы, ха­лықаралық «Алаш» сый­лы­ғының иегері, ақын Қойшығұл Жыл­қышиевтер сөз алды. 

Ескерткіштің авторы – мү­сінші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Серік Мә­тениязов. «Батыс Альянс строй» мекемесінің басшысы Әділ Жұбанов тұғырын орнатты. Ескерт­кіштің жалпы биіктігі – 10 метр 80 см. Қоладан құйылып, тұғыры темір-бетонмен жасалып, гранитпен қапталған.

Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ