Киіз ұғымы архаизмге айналып бара жатқандай еді. Дәуірбек секілді қолөнершілер қазір киізден, жүннен түрлі бұйымдар жасап, қайта жаңғыртуда.
Жаһандану заманында ұрпақтарымыз халқының рухани-мәдени мұралар сабақтастығын білуі қажет. Сарайдағы басқа да үйірмелерге 3 мыңдай оқушы келеді екен. Шығармашылықпен айналысуларына жақсы жағдай жасалған. Айпақшы, опера әншісі Мария Мудряк, әншілер Жанар Доғалова, Ринат Малцагов, Әсел Мұқатаевалар да осы сарайдағы ән студиясынан өнер әлеміне қанат қаққаны белгілі.
– Мақсат – балаларға халқымыздың әрқайсысының ғасырлық тарихы бар қолөнер түрлерін үйретіп, ою-өрнек арқылы ой салу. Мән-мағынасын түсіндіремін. Содан барып ұлттық қолөнерге деген ерекше қызығушылық, сүйіспеншіліктері оянады, – дейді Дәуірбек мұғалима.
Үйірмеге келуші ұл-қыздарымыз ши тоқу, ши орау, жүн түту, иіру, құрақ құрау, кесте тігу, ою-өрнекті ою тәсілдері және алаша тоқудың барлық қыр-сырын үйренуде.
Сөмке, шашқыстырғыш, әшекей бұйымдарын, аяққа іліп алар сүйретпелер тігеді. Балалар жасаған бұйымдардың «Сырмақ» үйірмесінде ерекше қоры жинақталған. Дәуірхан мұғалима шиді күз айларында даладан өзі буып, жинап әкеледі. Ал киіз басуға жүнді ата-аналар өздері жеткізіп береді. Мысалы, Мәскеуде өткен «Детство без границ» атты халықаралық балалар шығармашылығы көрмесіне қатысқан Әйгерім Қуанның киізден жасаған жұмыстары жүлде алды. Әмина Исабекова, Меруерт Смағұлова, Далия Мадьярова, Жанар Құлмағамбет, Қайдар Саяжандар – болашақ қолөнерші, суретшілер. Олар «Сырмақ» үйрімесінен үйренгендерін жоғары оқу орындарына түскен соң да жалғастырмақшы.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР
Суретті түсірген
Әсем Айып