Өндірістік база аймақтың мұнай өндіруші компанияларына мұнай барлау, бұрғылау, геофизикалық барлау жұмыстарын жүргізу қызметтерін ұсынады. Бүгінгі таңда компанияның жергілікті бөлімінде 327 қызметкер жұмыс істейді. Компания қызметкерлері облыс әкіміне мамандар даярлауда кездесетін бірнеше мәселелерді көтерді. Осыған орай, кәсіптік мектептердің басшыларымен осы компания негізінде бірыңғай кәсіптік училищесін құру туралы ұсыныс енгізу тапсырылды.
Келесі нысан Қызылтөбе ауылындағы 75 орындық «Мың ғасыр» жекеменшік балабақшасы болды. Ашылғанына 2 ай болған балабақша бүгінде19 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сапар одан әрі №6 орта мектебінде жалғасты. Аталмыш білім ошағында 3 210 оқушы мен 321 қызметкер бар. Мектеп үш ауысым бойынша білім береді.
Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев Басқұдық ауылындағы 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, ағымдағы жылы пайдаланылуға берілетіндігін айтты. Сондай-ақ, биыл тағы 5 мектептің құрылысы басталмақ. Сол арқылы аудандағы үш ауысымды оқыту жүйесін реттеуді көздейді.
Облыс әкімі Мұнайлы ауданындағы жұмыс сапары барысында «Эмир ойл» және «Шұғыла» ЖШС мұнай және жанар-жағармай сақтау базасының жұмысымен танысты. Бұл – мұнай өнімдерін алуға, сақтауға және таратуға арналған резервуарлық фермасы және ғимараттар, құрылыстар мен байланыс кешені бар кәсіпорын. «ҚазТрансГазға» 150 мың тонна ілеспе газ сатады. Ақсаз аймағында зауыттың құрылысы аяқталғаннан кейін шамамен күнделікті 600 м3 өңделген газ алу мүмкін болмақ. Бұл өңірдегі газ тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.
Іссапар бір ауысымда орта есеппен 50 пациент қабылдайтын, 31 қызметкер - 5 дәрігер және 20-дан астам медбике жұмыс істейтін Баянды ауылындағы дәрігерлік амбулаториясында және Баянды ауылының маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдау полигонында жалғасты. Заңды тұлғалар үшін қалдықтарды қабылдау құны 1 текше метрге - 559 теңге, жеке тұлғалар үшін 194 теңге. Ералы Тоғжанов полигонның қалдықтарды жинау жұмыстарына дайындығы, қоқыс өңдеу бойынша инвесторларды тарту туралы есеп дайындауды тапсырды.
Келесі нысан «Усманов» ауыл шаруашылық кәсіпорны болды. Шаруашылықтың негізгі қызмет түрі – сүт, айран, шұбат, қымыз өндіретін ірі қара мал. Кәсіпорында 12 қойма, 15 жылқысы бар 2 қора, 4 түйе, 30 тауық және 6 түйеқұс бар. Жеке секторда 20 жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Дәулет ауылының тұрғыны 28 жыл мұнай саласында қызмет еткен Айтқұл Салманов 5/50 бағдарламасы арқылы шаруа қожалығын ашып, өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Алдағы уақытта жылқы, сиыр өсірумен қатар, шаруашылықты Еділбай қойларымен толықтыру жоспарлануда. Жеке қожалықты ірі қараны бордақылау, мал өсіретін базаға айналдыру үшін әкімдік тарапынан қолдау көрсетілетін болды.
Сапар соңында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Мұнайлы ауданының активтерімен және ақсақалдарымен кездесті. Жиында аудандағы шағын және орта бизнестің дамуы, Қызылтөбе ауылын сумен қамтамасыз ету, жол және тағы басқа бірқатар мәселелер көтерілді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы