Осындай кездесудің бірі Тасқала ауданында өтті. Елімізде атқарылып жатқан әлеуметтік жұмыстардың ауқымы бұл ауданнан да анық көрінеді. Соңғы екі жыл ішінде аудан орталығында 8 шақырым жол жөнделген. Бұл жұмыс биыл да жалғаспақ. Өткен жылы «Өңірлерді дамыту 2020» бағдарламасының «Ақбұлақ» бағыты аясында Мерей және Шежін ауылдық округінде су құбыры жаңартылды. Биыл Амангелді және Атамекен ауылына таза су тартылады. Ал Тасқала мен Мереке округтерінде су құбырын қайта жаңарту үшін жобалық-сметалық жұжаттар дайындалуда. Мұнымен қоса мемлекеттік жекешелік әріптестік бойынша екі жоба қолға алынады. Бұл жөнінде Тасқала ауданы әкімінің міндетін атқарушы Арсен Баяндықов баяндап берді.
Тасқала ауданының экономикалық әлеуеті өте күшті. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан Орал-Саратов халықаралық автожолы биыл толық аяқталып, пайдалануға берілмек. Сол кезде Тасқала ауданының шекаралық қарым-қатынаста маңызы тіптен арта түседі.
Парламент депутаттарына жергілікті тұрғындар өз ұсыныс-пікірлерін де жеткізді. Мәселен, Тасқала аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бақтығұл Тасмағанбетов судың бағасын түсіру жөніндегі ұсынысын білдірсе, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балықов аудан орталығында теміржолдан өтетін екінші жол салу, коммуналдық төлемдердің бағасын тұрақтандыру, аудан орталығында тұрғындарға толық медициналық қызмет көрсету туралы ұсыныстарын ортаға салды.
Депутаттар Сенат пен Мәжілісте өткен жылы атқарылған жұмыстар, қабылданған заңдар туралы қысқаша баяндап, Президенттің «Рухани жаңғыру»бағдарламалалық мақаласында айтылған мақсат-міндеттер жайын тілге тиек етті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтияр Мәкен Зеленов ауданындағы Белес ауылында «Белес Агро» ЖШС жұмысымен танысты.
Астық өнімін өндіруші ірі кәсіпорынның ұжымымен жүздескен депутат бұл жерде де Мәжілістің сессияда атқарған жұмысы туралы баяндап, қаралған заңдарға қысқаша шолу жасады. Ел экономикасының дамуы, зейнетақы жүйесін жетілдіру, еңбеккерлер мүддесінің қорғалуы туралы пікір білдірген депутат Елбасының жаңа Жолдауы мен салалық реформалар міндеттеріне қатысты ой бөлісіп, сауалдарға жауап берді.
Бұдан кейін Белес ауылында орналасқан «Батыс Пауэр» ЖШС-на бас сұққан депутат газ-турбиналық электр станциясы жұмысшыларымен кездесті.
– Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамуымыздың жаңа мүмкіндіктерін айқындап берді. Биылғы жолдау әлемнің жаңа даму бағытына бейімделу мен ел болып жетістікке жету жолын табудың бағытын нұсқады. Жыл санап өркендеп келе жатқан елімізді одан әрі дамыта түсу – Елбасы діттеген мақсат. Осыған халқымыз тұтастай жұмылуы тиіс. Жаңа жыл ел тарихында айтулы шаралармен айшықталмақ. Мақсат айқын, жоспар нақты. Халқымызды табысқа жеткізетін, алға жылжытатын ең бастысы фактор – бірлігіміз. Біз өзара сыйластықта, түсіністікте әрекет еткенде ғана алдағы асуларды оңай әрі нәтижелі аса аламыз, - деді өз сөзінде Бақтияр Мәкен.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан
Суретті түсірген Әсемгүл БЕКЕШЕВА