11 Қаңтар, 2018

2018: ұстаным өзгермейді, белсенділік артады

369 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көптеген болжамдарға сәйкес, 2018 жыл бүкіләлемдік қоғам­дас­тық­ үшін өте күрделі жыл болады. Халықаралық қатынастар жүйе­сінің дағдарысы жағдайында әр­бір дербес мемлекет жаһандық бей­бітшілік пен тұрақтылыққа қол­ жеткізу үрдісіне өз үлесін қо­суы тиіс. Қазақстан әлемдік күн тәртібінен шеткері қалмайды. Қалай десек те, бізді өңірлік және жаһан­дық деңгейдегі статус-квоға ықпал ететін бірқатар жағдайлар күтіп тұр.

2018: ұстаным өзгермейді, белсенділік артады

Қазақстанның сыртқы саяси күн тәртібін ашатын маңызды оқиға – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі төрағалық болып табылады. Бұл бір жағынан жауапты міндет, сонымен қатар ол Қазақстан үшін және жалпы Орталық Азия аймағы үшін маңызды саналатын проблемаларға бүкіл әлемнің назарын аударуға мүмкіндік болып табылады.

Сирия мәселесін реттеу үшін Астананың бітімгерлік әлеуетін пайда­лану жалғасатын болады. Келіссөздердің кезекті раунды ақпан айында өтеді деп күтілуде. Осылайша «Азиялық Женева» өзін сириялық қақтығыстың мәселелерін жедел шешуге мүмкіндік беретін тиімді алаң ретінде таныта бермек.

Биылғы жылдың көктемінде Астанада өтеді деп күтілетін Каспий сам­миті де тарихи оқиға болуы мүмкін: бұл кезеңде Каспийдің құқықтық мәр­тебесі туралы конвенцияға қол қою жоспарлануда. Бұл Каспий маңы­ның бес мемлекеті арасындағы өзара тиімді әрекеттестік пен теңіздің таби­ғи ресурстарын пайдалану үшін өте маңыз­ды шешім болып саналады.

Интеграциялық және инфрақұры­лым­дық жобаларды бірте-бірте жүзеге асыру жалғаса беретін болады. Мә­селен, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЕАЭО-ның жаңа Кеден ко­дексі күшіне енді. Ол өз кезегінде Еура­зиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарлар мен қызметтердің қозғалысына серпін береді. Одақтың жаңа кедендік заңнамасы электронды технологиялардың қазіргі заманғы мүмкіндіктері ескеріле отырып әзірленді. Онда кәсіпкерлерге пайдасын тигізетін көптеген жағдаяттар қамтылған. Осы құжаттың арқасында кедендік технологиялар цифрланатын болады. ЕАЭО-ның Кеден кодексі құқық қолдану тәжірибесінде қордаланып қалған мәселелерді жоя­ды. Сонымен қатар Қазақстанның инфрақұрылымдық бағдарламалары мен бастамаларын «Бір белдеу – бір жол» жобасына біріктіру бойынша Қытаймен арадағы жұмыс жалғасады.

Орталық Азия мемлекеттері көш­басшыларының бейресми саммиті болуы мүмкін. Айта кетейік, мұны Өзбекстан президенті Шавкат Мир­зиёев бастама ретінде ұсынған еді. Қазақ­стан бұл бастаманы толығымен қолдайды және саммитті өткізуге платформа ұсынуға дайын. 

Алдағы қазан айында Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының VI съезі өтеді. Оның тақырыбы қауіпсіз әлем құру мәселелеріне бағытталып отырғаны да кездейсоқтық емес.

Дүние жүзіндегі саяси турбулент­ті­лік, зорлық-зомбылық әрекеттер мен терроризмді ақтау үшін дінді пай­далану жағдайында діннің бейбіт табиғатын уағыздауды және радикал­ды экстремистік қозғалыстарға тү­бе­гейлі қарсылықты ұстанатын негізгі діни қайраткерлердің консенсусы қажет.

Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісі де өзекті мәселе болып қала береді. Сондықтан 2018 жылдың екінші жартысында Қазақ­станның төрағалығымен өтетін Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) саммитінің күн тәртібі өте маңызды. Ұйымға төрағалық ететін ел ретінде Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл орайда нақ­ты әскери-техникалық ынтымақтас­тық­ты ұйымдастыру, терроризмге қарсы әрекет ету, киберқауіпсіздіктің қауіп-қатерлеріне қарсы тұру секілді маңызды басымдықтарды белгіледі. Бұдан бөлек Ұжымдық қауіпсіздіктің 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыру жөнінде бекітілген іс-шаралар жоспары мен ақпарат саласындағы кибер қауіп-қатерлерге қарсы тұру бағытында ынтымақтастықты нығайту мақсатында қол қойылған келісімдегі міндеттерді жүзеге асыру маңызды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан алда күтіп тұрған халықаралық және аймақ­тық ауқымды оқиғаларға белсене қатысып, өзінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту бағытындағы ұстанымдарын өзгертпейді. 

Зарема ШӘУКЕНОВА
Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры