Біздің еліміз БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне қазіргі заманның барынша өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстанның сыртқы саясаты туралы айта келіп, екі маңызды мәселені ұсынған еді. Оның біріншісі – барлық елдер үкіметтерінің ізгі ниет білдіру тәртібімен Ұйымның бітімгерлік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Онда әрбір мемлекет осы қорға өздерінің қорғаныс бюджетінің бір пайызын бөліп, оны жыл сайын ұлғайтып отыру көзделген. Екінші ұсынысы – Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру. Мемлекет басшысының осы бастамалары көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ тарапынан қолдау тапты және еліміздің сыртқы саясатын айқындауда ерекше рөл атқарды.
БҰҰ мен Қазақстан арасында осылай басталған ынтымақтастық БҰҰ жарғысына сәйкес дамып, бүгінде жоғары сатыға көтерілді. Бұл жерде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жаппай қырып-жоятын ядролық қаруды өндіруді тоқтатуға, ядролық сынақтарды өткізуге тыйым салуға, адам өліміне соқтыратын қарулы қақтығыстар мен жанжалдарды бейбіт жолмен реттеуге, терроризм мен заңсыз есірткі құралдарының айналымына қарсы күресуге шақырған бастамаларының, ұсыныстарының орны бөлек екенін айтуымыз керек. Қазіргі кезде дәл осы мәселелер өзінің өзектілігімен әлемдік қоғамдастықтың назарын аударып келеді әрі алаңдатып отыр.
Еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігінің бір жылын артта қалдырды. Танымал саясаткерлер мен сарапшылар жыл ішінде атқарылған жұмыстар мен өткізілген іс-шараларға жоғары баға берді. Елбасымыздың халықаралық деңгейдегі беделі мен саясаткерлігін де ерекше атап өтті. Өйткені еліміз Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайланған күнінен бастап, оған қатысты мәселелер Мемлекет басшысының тікелей бақылауында болды және бақылауында болып келеді.
«Еліміздің оған сайлануы – Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі мен еңбегінің мойындалуы деген сөз, – деген еді Президент еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануына байланысты үндеуінде. – Біздің еліміз бейбітшілікті, қауіпсіздікті және орнықты дамуды жақтайтын тәуелсіздік жылдарының барлығында өзінің нақты істерімен дәлелдеп келеді. Бізге әлемдік қоғамдастықтың мұндай сенім көрсетуі мемлекетіміздің қарқынды дамуына және береке-бірлігімізге де байланысты».
Қазақстанның Ұйымның Қауіпсіздік Кеңесі мүшелігіне сайлануы, оның бір жылын табысты аяқтауы, Елбасымыз атап өткендей, біздің еліміздің ғана емес, бұған дейін халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке жауап беретін беделді органда ешқашан өкілеттілік етпеген бүкіл Орталық Азия елдерінің де табысы. Себебі бұған дейін Орталық Азиядағы мемлекеттердің ешқайсысы Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайланбаған. Қазақстан бұл жауапты әрі мәртебелі орган мүшелігін халықаралық қатынастардың күрделі кезеңінде, жанжалдар мен қауіп-қатердің асқынған кезінде атқарып отыр. Еліміз осы қатерлерден тартынып отырған жоқ. Қайта осынау жаһандық проблемаларды шешудің жолдарын іздестіруге сүбелі үлес қосу үшін жұмыс істеп келеді.
Қазақстан Президенті еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі қызметіне кірісуіне байланысты «Қауіпсіз, әділ және өркендеген әлем құру үшін жаһандық әріптестікті нығайтуға қазақстандық тұжырымдамалық көзқарас» атты саяси жолдау арнағанын халықаралық қоғамдастық жақсы біледі. Бұл саяси жолдау өткен жылдың қаңтарында БҰҰ-да көпшілікке таныстырылды да. Іс-шараға БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те қатысты. Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында «Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мен нығайтудың бірінші кезектегі маңыздылығын негізге ала отырып, оның бүкіл күн тәртібі бойынша әділ және шынайы жұмыс істейтін болды», деп атап өтеді.
Осыған байланысты төрағалықтың алғашқы отырысында Қазақстан тарапы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелерімен бірлесе отырып, қаңтар айындағы қызметінің бағдарламасын бекітті, жұмыс жоспарын нақтылады. Қатысушы шетелдік дипломаттар бағдарламаның сапалы дайындалғанына назар аударды. Мысалы, БҰҰ-дағы Ресейдің тұрақты өкілі Василий Небензя қазақстандық делегацияның Кеңес төрағалығының жұмысын сәтті атқаратынына сенім білдірді. Ал Ұйымдағы АҚШ-тың тұрақты өкілі Ники Хейли мен өзге де елші-дипломаттар Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтетін «Жаппай қырып-жою қаруын таратпау: сенім шаралары» деген тақырыптағы іс-шараның аса өзекті екенін атап өтті.
Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде Елбасымызбен терезесі тең келетіндей әлемдік деңгейдегі саясаткер өте сирек, тіпті жоқ десе де болады. Сондықтан да Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевтың көтерген бастамалары мен айтқан ұсыныстары жоғары бағаланып, халықаралық қоғамдастық тарапынан қолдау тауып жатады. Сондай-ақ беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері, әлемге танымал саясаткерлер онымен кездесуге ынта танытып отырады. Мысалы, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшылары Кофи Аннан және Пан Ги Мунмен бірнеше рет кездесті. Олар елімізге ресми сапармен келіп те қайтты.
Ал БҰҰ-ның қазіргі Бас хатшысы Антониу Гутерришпен өткен жылы екі мәрте кездесті. Астанада өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне арнайы келген А.Гутерриш пен Н.Ә.Назарбаевтың кездесуіндегі екеуара әңгімеде баршаға ортақ мәселелер талқыланғанын көрер едік. «ШЫҰ тарихында БҰҰ Бас хатшысы оның жұмысына бірінші рет қатысуда. Сіздің осы шараға келуіңіз ұйым үшін тарихи сәт – ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның қабылдануымен тұспа-тұс келіп отыр. Сол арқылы бұл ұйым аймақтық деңгеймен шектелмей, елеулі саяси күшке айналуда», деп атап өткен еді Елбасымыз.
Қазақстан Президенті, сондай-ақ Қазақстан БҰҰ қызметінің қағидаттары мен оның барлық бастамаларын әрдайым қолдап келгеніне назар аударды. «Өзіңіз білетіндей, Қазақстан антиядролық қозғалыс көшбасшысы саналады және БҰҰ тарапынан 29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні болып жарияланды», деді Елбасы. Ал БҰҰ Бас хатшысы А.Гутерриш ШЫҰ-ға Үндістан мен Пәкістанның мүше болғанына тоқтала келіп: «Мен осы саммитке ШЫҰ-ның бірте-бірте бүкіл әлемдегі ықпалдастық орталығына айнала бастағанын жете сезініп келдім. Бұл ұйым бүгінгі әлемдік құрылымның маңызды тірегі болып саналады. Үндістан мен Пәкістан осы басқосуда сындарлы диалог жүргізу үшін жаңа мүмкіндіктерге ие болады деп ойлаймын», деді.
Жыл өткен сайын әлеуеті арту арқылы ірі халықаралық ұйымға айналған Шанхай ынтымақтастық ұйымы Қазақстан Президентінің бастамасы бойынша құрылған болатын. Ал еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалығы басталғанына екі аптаға жуықтады. Бұл Қазақстан дипломатиясы үшін үлкен сын және сынақ болмақ. Еліміздің осы сынақтан да сүрінбей өтетініне сенім мол.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»