Отырыс барысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының облыстық мәслихаттың депутаттарына бағытталған, Жамбыл облысының әкімі қызметіне Асқар Мырзахметовті тағайындау туралы ұсынысы жазылған хатты оқып берді. Депутаттар Прези-
денттің ұсынған кандидатурасын бірауыздан қолдады.
Бұдан кейін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев пен Президент Әкімшілігінің Басшысы Әділбек Жақсыбеков Жамбыл облысының активімен кездесіп, жиын барысында жаңа әкімді таныстырды.
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Кәрім Көкірекбаевқа бірлесіп атқарған жұмыс үшін алғыс айтты. Таныстыру барысында Үкімет басшысы Б.Сағынтаев Асқар Мырзахметовтің түрлі жауапты басшылық лауазымдардағы мол тәжірибесін атап өтіп, жаңа басшылыққа Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын іске асыру бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Сондай-ақ облыс активімен кездесу барысында «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров, Жамбыл облысының Қоғамдық кеңес төрағасы Жандар Кәрібаев сөз сөйледі.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»