Негізінен мұндай есеп-қисаппен CIES Football Observatory деген зерттеу компаниясы айналысады. Олардың мәліметі бойынша 2018 жылғы біріншіліктегі жасы үлкен команда – Панама. Соңғы 32-ші жолдаманы аяқасты жеңіп кеткен Панама ойыншыларының орташа жасы – 29,4. Тұңғыш рет ғаламдық додаға қатысқалы отырған бұл ұжым тәжірибесі толысқан футболшыларға, әзілдеп айтқанда «шалдарға» сенім артады екен.
Ал одан кейінгі орындарда Исландия (29,0) және Коста-Рика (29,0). Ең жас құрама санатына Нигерия (24,9), Германия (25,7) және Англия (25,9) жатады. Жер шарының чемпионын анықтауға келген барлық 32 команданың орташа жасы болса 27,4-ті құрайды.
Енді осы жас мәселесін құрлықтарға бөліп қарайтын болсақ, онда мынандай тізбек шығады: КОНКАКАФ – 28,6, Оңтүстік Америка – 27,8, Азия – 27,2, Еуропа – 27,2, Африка – 26,5.
2018 жылдың біріншілігінде футболшылары ең ұзын құрама – Сербия. Балқан түбегінің аяқдопшыларының орташа бойы 185,6 сантиметрді құрайды. Олардың қатарында кезінде «Астана» сапында ойнаған Неманья Максимовичте болып қалуы әбден ықтимал. Сербия ұлттық құрамасының бас бапкері Славолюб Муслин «Валенсия» сапында арагідік алмасып алаңға шығып жүрген жас ойыншыны қосалқы құрамға алуы мүмкін. Сербиядан сәл ғана қалып тұрған құрамалардың үштігін түгелімен скандинавтар иемденді. Мысалы, Швеция (185,2), Исландия
(185, 0) және Дания (185,0). Ал Әлем біріншілігін қабылдайтын Ресей бұл тұрғыда 6-орында (184,9). Ең ұзын құраманы анықтадық, ал ең қысқалары қайсы дейсіз ғой? Ол Оңтүстік Америка өкілі – Перу (178,3), одан кейін Жапония (178,1) және Сауд Арабиясы (176, 2).
Ал енді мына қызыққа қараңыз: Африка құрлығынан шыққан Марокко құрамасы футболшыларының 61,5 пайызы Мароккода туылмаған азаматтар. Бұл жөнінен Мароккоға тең келер ешкім жоқ. Тек Сенегалдың ғана 40 пайызы өзге елде туып-өскендер. Сонымен қатар айтса сенгісіз, дегенмен Португалия футболшыларының 32,1 пайызының кіндігі Пиреней түбегінде кесілмегендер. Жарыс қожайыны Ресей бұл есепте 5 пайыздық көрсеткішпен 12-орында. Одан бөлек Бразилия, Сауд Арабиясы, Иран, Германия, Колумбия, Мексика және Оңтүстік Корея құрамаларында да арагідік осындай ойыншылар бар.
Сөз соңында кейбір құрамалар ойыншыларының өнер көрсететін біріншіліктеріне де тоқталып өтсек. Мысалы, Хорватия, Швеция, Исландия құрамаларының 23 футболшысы түгелімен өзге біріншіліктерде ойнайды. Яғни өзге чемпионаттарда ойнап, нәпақа тауып жүрген легионерлер. Олардан кейін Сенегал (97 пайыз), Сербия (92,3 пайыз). Ал бұл жағынан 0 пайыз көрсеткіш тіркеп отырған екі команда бар. Олар – Сауд Арабиясы мен Англия. Сауд Арабиясында өздеріңіз білетіндей футболшыларға өзге елде өнер көрсетуге тыйым салынған. Батыстың азғындаған өмірін көріп, адам бұзылады деп санайды. Ал Англияның жағдайы айтпаса да түсінікті. Әлемдегі ең мықты футбол лигасы Англияда екені дау тудыра қоймас.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»