Қазақтың қайсар ғалымының есімімен Астанадағы бір көшенің аталуына байланысты бүгін Қазақ технология және бизнес университетінде Астанада «Қайым Мұхамедханов - Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты семинар өтті. Семинарға ғалым Ғарифолла Есім, ақын Несіпбек Айтұлы, ғалымның ұрпақтарынан Дегдар Қайымұлы, Дина Қайымқызы мен Қарлығаш Қайымқызы қатысты.
«Табиғатынан таза, әуелгіден-ақ әділ, қайсар ғалым әрі ұстазымыз Қайым Мұхамедхановтың құрметіне берілген көшенің ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Өз өмірінде қуғын-сүргіннің сан азабын тартса да, ұстазы Әуезовті ұстап бермей, сатқындық жасамай, түрмеге түскен, нағыз ғалымға тән қайсар мінез көрсеткен Қайым ағамызға қашан да құрмет көрсете білуіміз керек», - деді семинарда сөз сөйлеген ақын Несіпбек Айтұлы. Қайым Мұхамедхановқа берілген көше Елорданың Есіл ауданында орналасқан. Нақтырақ айтқанда, Қорғалжын тас жолымен қатарлас жатқан көше Ш. Айтматов көшесімен қиылысады.
«Қайым Мұхамедханов Абайдың мектебі болғанын дәлелдеген тұлға. Сонау Қарауылда отырып Абайдың балалары әлемдік мәселені көтереді. Пайғамбар жоқ, адамзат қайда адасып барады? Алдағы бағыты қандай, міне, осындай ойларды Абайдың айналасы айта білді. Бұл дегеніңіз таңғажайып дүние емес пе?» - дейді өз сөзінде Ғарифолла Есім.
Айта кетсек, Қайым Мұхамедханов 1916 жылы 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Көп жыл бойы Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Ол - Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі. 2004 жылы дүние салған.