Қазақстанның сыртқы саясатына – 20 жыл
Біз ұлы бабаларымыздың дипломатиялық табыстарын лайықты мақтан тұтамыз. Олар күрделі тарихи кезеңдерде ел мүдделерін шебер қорғаған. Алайда, Қазақстанның жаңа тарихында тәуелсіздікке ие болумен бірге, еліміздің сыртқы саясаты тіпті күрделі жағдайларда қайта жасалған. Біздің қазіргі заманғы сыртқы саяси қызметтің тәжірибесі және шетелдердегі дипломатиялық өкілдіктеріміз болған жоқ, білікті кадрлардың үлкен жетімсіздігі байқалды. Қазір дипломатиялық қызметтің майталмандарының, КСРО СІМ жүйесінде жұмыс істеген біздің кадрлық дипломаттардың, елдің тәжірибелі саясаткерлерінің белсенді қатысумен жаңа егеменді мемлекеттің сыртқы саясаты құрылуының күрделі мәселелерін жедел жағдайда шешуге мәжбүр болдық.
Сонау 1992 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
«саяси және экономикалық реформалар негізіндегі елдің тұрақты дамуы үшін жағымды сыртқы ортаны құрудан» тұратын сыртқы саясаттың негізгі мақсатын айқындады. Кейін әлемдік қоғамдастықтың кең тануына және қолдауына ие болған белгілі халықаралық бастамаларды қоса алғанда, дәл Елбасы Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының авторы болып табылады. Қол жеткізілген елеулі табыстар Қазақстан Президенті іске асырып жатқан сыртқы саяси бағыттың қисындылығы мен даналығының айқын дәлеліне айналды.
Шетелдерде ұлттық мүдделерді қорғау, бітімгерлік бастамаларды ілгерілету, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау, тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, халықаралық және екіжақты ынтымақтастықты нығайту, шетелдік әріптестерге Қазақстан жөніндегі объективті ақпаратты жеткізу Қазақстанның басты сыртқы саяси басымдықтары болады.
Тарихи өлшем бойынша өте қысқа мерзімде Қазақстан халықаралық қатынастардың жауапты субъектісі ретіндегі беделін бекітті. Мемлекетіміз өзекті әлемдік мәселелерді шешу және жаңа әлемдік тәртіпті құру ісіне белсенді қатысуда. Бүгін Қазақстан халықаралық аренада тұрақтылықтың, мемлекет дамуының қарқынды және өркендеген моделінің генераторы ретінде лайықты бағасын алып отыр.
Қазақстан іргелес елдермен әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтымақтастық қатынастарын құрды. Бүгін еліміз 138 мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әртүрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.
Қазақстанның өңірдегі және әлемдегі өсе түсіп отырған беделі тұтастай алғанда бірқатар сыртқы саяси бастамалардың сәтті іске асырылуымен айшықталса, әлемнің жетекші елдерімен стратегиялық әріптестіктің қалыптастырылуымен, халықаралық ұйымдардағы белсенді қызметімен қамтамасыз етілуде және Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарды үдемелі кеңейтуге негізделуде. Осы жылдар ішінде Елбасының жүздеген жұмыс және ресми сапарлары, сондай-ақ шетелдердің мемлекеттер, үкіметтер, халықаралық ұйымдар мен сыртқы саясат ведомстволары басшыларының Қазақстанға сапарлары өткізілді.
1992 жылы ерікті түрде ядролық қарудан бас тартып және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы Елбасының халықаралық бастамаларының арқасында қарусыздану үдерісінің және жаппай қырып-жою қаруын таратпаудың белсенді жақтаушысы бола отырып, Қазақстан әлемнің жетекші ядролық державаларынан халықаралық қауіпсіздік кепілдіктерін алды. Өз кезегінде, жағымды сыртқы жағдайлардың құрылуы шет ел инвестицияларының кең тартылуына, Қазақстан халқы әл-ауқатының жоғарылауына мүмкіндік жасады.
2010 жылғы сәуірде Вашингтонда өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммит барысында АҚШ Президенті Б.Обама Елбасын «халықаралық таратпау үдерісінің көшбасшысы» деп атады.
Үстіміздегі жылдың қыркүйегінде Нью-Йоркте өткен БҰҰ БА 66-сессиясындағы сөзінде Қазақстан Президенті таратпау және ядролық қызметті бақылауды қамтамасыз ету саласындағы маңызды бастамалардың жаңа жинағын ұсынды. Елбасы ядросыз әлем стратегиясының баламасыздығы жөнінде мәлімдеді, ядролық державалардың ядролық қаруды қолданудан және қолдану қаупінен бас тартуы туралы конвенцияны қабылдау оның маңызды кезеңі болуы тиіс екенін атап көрсетті. Жапониядағы АЭС апаты тұрғысынан Президент Н.Назарбаев атом энергетикасын қауіпсіз пайдаланудың әмбебап және міндетті қағидаларын дайындау туралы ұсыныс жасады.
Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық табыстары сыртқы экономикалық байланыстардың негіздерін – экономикалық дипломатияны бекітті, елдің индустриялық-инновациялық бағдарламасын іске асыру мақсатында тікелей шетел инвестицияларын және жаңа технологияларын тарту үшін жағымды сыртқы ортаны құру оның басымдықтары болып қалуда.
Елбасының дана және көпқырлы саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан экономикасына 130-дан астам млрд. доллар тартылды, жан басына шаққандағы табыс 9 мың доллардан асты. Қазақстан – Орталық Азияға келген барлық сыртқы инвестициялардың 80%-дан астамының қабылдаушысы. Әрбір іске асырылған инвестициялық жоба – ұлтымыздың және Қазақстанның әрбір жеке азаматының әл-ауқатының кепілі. Инвестициялар мен инновациялар жаңа мыңжылдықтағы жаңа Қазақстанның қозғалтқыш күштері болып табылады. Халқымыздың әл-ауқатының өсімі үшін СІМ Қазақстан экономикасына инвестицияларды, инновацияларды және жаңа технологияларды тарту ісі бойынша көп еңбекті қажет ететін жұмысты жалғастыруда.
Ресей Федерациясымен одақтастық қатынастарды дамыту – Қазақстан Президентінің сыртқы саяси бағытының сөзсіз жетістігі. Бүгін РФ-мен өзара ынтымақтастықтың басты жетістіктері өңірлік интеграцияда, сондай-ақ сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту кеңістігінде жатыр. ҚР және РФ тандемі зор Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың берік факторына айналып отыр.
Шығыстағы ұлы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығының айғағы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптестік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда.
Стратегиялық әріптестік дәнекерлері Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен байланыстыруда. Бұл факт екі ел президенттерінің 2006 және 2010 жылдарғы Біріккен мәлімдемелерінде көрініс тапқан. Өзара қызметтестіктің қол жеткізілген деңгейі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау режімін бекіту, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақтау мәселелеріндегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа негізделуде.
Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты әріптестіктің аса жоғары деңгейіне шығара алды. Еуроодақ елдері бүгін Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында ЕО елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетістігіне айналды.
Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан – ЕО: 2020» Энергетикалық хартиясын дайындау және қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз ҚР мен ЕО арасындағы жаңа арқаулық келісімде көрініс табуы қажет.
Еуропалық бағытта қол жеткізілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді. Мұндай ұстаным Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың биылғы Қазақстан халқына Жолдауында нақты атап көрсетілген.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтты. Отанымыз өңірлік экономиканы белсенді инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүргізуде. Қауіпсіздік, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, еңбек миграциясы проблемалары мен өңір өмірінің басқа да өзекті мәселелері назарымыздан тыс қалмақ емес.
2010 жылғы көктемде және жазда орын алған оқиғалардан кейін Қырғызстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдайларға назар сала отырып, Қазақстан бауырлас қырғыз халқына гуманитарлық жәрдем қолын созды және көмектесудің мемлекетаралық бағдарламасын дайындап, қабылдау жөнінде ұсыныс жасады.
Қазақстан аумағынан халықаралық терроризм, есірткі трафигі, діни экстремизм қатерлері шығатын Ауғанстанның тұрақты және орнықты дамуына мүдделі. Елімізде ауған жастарын оқыту үшін 50 млн. доллар бөлу жөніндегі бастаманы қоса алғанда, Қазақстанның ИРА-ға гуманитарлық көмек көрсету туралы шешімі де әлемдік қоғамдастық тарапынан қанағатпен атап өтілді.
Сыртқы саясат және дипломатия әрқашанда елдің әлеуеті мен қуатының көрсеткіші ретінде қала береді. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпұлтты еліміздің мүдделеріне халықаралық аренада табысты өкілдік етудеміз.
Еліміздің жаһандық және өңірлік деңгейлердегі көпжақты құрылымдар жұмысына белсенді қатысуы халықаралық беделіміздің күшеюіне мүмкіндік беруде. Бұл ретте Қазақстан қызметі БҰҰ жарғысының мақсаттары мен қағидаларына сәйкес келетін халықаралық ұйымдарда ғана көрініп отыр.
БҰҰ мүшесі ретінде, өткен жылдар ішінде Қазақстан осы беделді көпжақты ұйымда көрнекті орынға ие бола алды. Қазақстандық бастамалардың бірқатарын әлемдік қоғамдастық қолдады, бұл еліміздің жағымды халықаралық беделінің қалыптасуына жәрдемдесті. Кейбіреулері ілгерілету кезеңінде тұр. Сөйтіп, Қазақстан БҰҰ Бітімгерлік күш-жігер қорын құруды, Жаһандық энергетикалық-экологиялық стратегияны қабылдауды ұсынды, «Жасыл көпір» кең ауқымды экологиялық бастаманы және бірқатар басқа идеяларды алға шығарды. Мемлекетіміз 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өз кандидатурасын ұсынып отыр.
Қазақстанның білім, ғылым, мәдениет және коммуникациялар сияқты адамзаттың дамуы үшін маңызды салалардағы үнқатысу үшін жаһандық тұғырнама болып табылатын ЮНЕСКО-мен ынтымақтастығы үдемелі түрде дамуда. ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасы тізімінде қазақстандық объектілердің болуын кеңейту бойынша жұмыс жалғастырылуда. Қазіргі уақытта оған Қазақстанның мәдени және табиғи мұрасының үш үлгісі – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесі», «Тамғалы археологиялық ландшафының петрогифтері» және «Сарыарқа – Солтүстік Қазақстанның далалары мен көлдері» енгізілген. ЮНЕСКО Бас конференциясының таяудағы сессиясында 2013 жылдан бастап 2022 жылға дейін Қазақстанның Мәдениеттерді жақындастыру туралы халықаралық декадасын жариялау жөніндегі ұсынысы қабылданған.
Қазақстан АӨСШК-ні беделді форум ретінде бекіту бойынша жұмысты дәйекті жүргізуде. Қазіргі кезде әлемдік қоғамдастық еліміз бастамасын Азиядағы қауіпсіздік проблемалары бойынша үнқатысу мен консультациялар өткізу, пәтуа негізінде шешімдер алу және шараларды іске асыру үшін бірегей мемлекетаралық алаң ретінде қабылдауда.
ЕҚЫҰ-дағы төрағалық және 2010 жылы Астанада осы ұйымның Саммитін өткізу қазақстандық дипломатияның ең ірі жетістіктерінің бірі болды. ЕҚЫҰ-дағы төрағалық Отанымыздың жылнамасына жарқын тармақ болып мәңгілікке енді, ал Астана саммиті XXI ғасырдың бірінші онжылдығындағы ең ірі халықаралық оқиғалардың біріне айналды.
Қазақстаның 2010-2011 жылдардағы Шанхай ынтымақтастық ұйымындағы төрағалығы табысты болды. 2011 жылғы 15 маусымда Астанада өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысы елімізді шырқау биікке көтерді. Саммит қорытындылары сыртқы саясаттың жаһандық және өңірлік мәселелерін шешудегі Қазақстаның рөлі мен орнын одан әрі жоғарылата түсті.
2011 жылғы 28-30 маусымда Астанада өткен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші отырысы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарының назарын аударған маңызды оқиға ретінде тіркелді. Астана кездесуі мұсылман қоғамдастығы үшін ағымдағы жылдағы ең ірі саяси оқиға қатарында есте қалды. Төрағалық барысында ислам әлемі мен Батыс арасындағы үнқатысуды кеңейтуді қоса алғанда, бірқатар идеяларды бастама ретінде көтеру жоспарланған.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан көпжақты интеграциялық ынтымақтастық шеңберіндегі байланыстарды қоса алғанда, ТМД елдерімен қатынастарды дамытуға маңызды орын беріп келеді.
«Тәуелсіз елдер арасындағы болашақ қатынастардың негізінде ұлттардың бабаларымыздың бірнеше ұрпағы тәрбиелеген рухани бірлігі жататын болады», деп ерекше атап көрсеткен болатын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев сонау 1991 жылдың өзінде-ақ. Қазақстандық тараптың бастамасы бойынша, ТМД-ны одан әрі дамытудың тұжырымдамасы және оны іске асыру бойынша Негізгі іс-шаралар жоспары мақұлданған. Осы құжаттар ынтымақтастықтың ұзақ мерзімге арналған бағыттарын айқындайды және ынтымақтастықтың қызметін «жандандыруға» арналған.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық Қазақстан Республикасының сыртқы саяси басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің еліміз өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ҰҚШҰ шеңберіндегі өзара қызметтестікті дамыту, оның әлеуетін жоғарылату бойынша күш-жігерді одан әрі қолдануға ниетті.
Еуразиялық экономикалық қоғамдастық шеңберіндегі Қазақстанның ынтымақтастығы ірі жетістіктермен сипатталуда. Негізгі күш-жігер Қазақстан Республикасының, Беларусь Республикасының және Ресей Федерациясының Кеден одағын құруды аяқтауға шоғырланған. 2010 жылы ҚР-дың ЕурАзЭҚ-тағы төрағалығы жылында Бірыңғай кедендік тариф қолданысқа енгізілді, Кеден одағының Кеден кодексі күшіне енді. Қазіргі уақытта 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап интеграцияның келесі кезеңін – Бірыңғай экономикалық кеңістікті іске қосу үшін қажетті іс-шаралар өткізілуде.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан Солтүстікатлантикалық шарты ұйымының Орталық Азиядағы маңызды әріптесіне айналды. Қазіргі уақытта ҚР қауіпсіздікті нығайту мақсатында Альянспен ынтымақтастық тетіктерін белсенді пайдалануда. Төтенше азаматтық жоспарлау, ғылым және жария дипломатия саласында НАТО-мен ынтымақтастық нәтижелі дамуда.
Жоғары халықаралық беделі мен еуропалық демократия саласындағы көшбасшылық рөлін ескере отырып, Қазақстан Еуропа кеңесімен өзара тиімді әріптестік қатынастарды нығайтуға мүдделі. Еліміз конституциялық құқық бойынша консультативтік орган – Еуропа кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін еуропалық комиссиясының (Венеция комиссиясы) жұмысына белсенді қатысуда.
2004 жылғы Ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде Қазақстан Парламенті мен Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамуда.
Өзінің ішкі тәжірибесін – ұлтаралық келісімді сақтаудың және нығайтудың моделін пайдаланып, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы әмбебап көпір рөлін атқаруға талпынуда. 2007 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы 62-ші сессиясының қарарында көрініс тапқан 2010 жылды Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық жылы деп жариялау туралы бастамасы әлем мәдениеті мен діндер арасындағы үнқатысуды дамытуға Қазақстанның қосқан маңызды үлесі болды.
Елбасының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының құрылтайын шақыру туралы бастамасы халықаралық қақтығыстарды шешу және қазіргі кездегі қатерлерге қарсы тұру үшін әлемдік діндердің рухани және адамгершілік әлеуетін біріктірудегі Қазақстанның нақты үлесіне айналды. Елімізде осыған дейін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш құрылтайы болып өтті. Қазіргі уақытта 2012 жылғы мамырда төртінші құрылтайды өткізуге дайындық бойынша ұйымдастырушылық жұмыстар жүргізілуде.
Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды. Түркі академиясын құру сол мақсатқа қызмет етуде, оның ресми ашылуы 2010 жылы мамырда Астанада өтті. Үстіміздегі жылдың қазанында Алматыда ТМЫК-ның алғашқы саммиті ұйымдастырылды. Оның жұмысының қорытындылары бойынша қатысушылар түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған Алматы декларациясын қабылдады.
Өткен жылдар ішінде Қазақстан гуманитарлық құқық және адам құқығы саласындағы 49 көпжақты әмбебап конвенциялардың қатысушысы болды. Мемлекетіміз адам құқықтары саласындағы халықаралық-құқықтық құрылымдармен тұрақты ынтымақтастық орнатты және ұлттық заңнама мен құқық қолдану тәжірибесін халықаралық стандарттарға одан әрі сәйкес келтіру бойынша олармен белсенді өзара іс-әрекет танытты. 2010 жылдың ақпанында Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің шеңберінде өзінің бірінші Әмбебап мерзімді шолуынан сәтті өтті, ол адам құқықтарын қорғау саласындағы елімізде қол жеткізілген оң үдерістерді бейнеледі.
2011 жылдың шілдесінде Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні орындау бойынша Қазақстанның ұлттық баяндамасының бірінші қорғалуы өтті, ол адам құқықтарын қорғау ұлттық жүйесін одан әрі жақсарту бойынша мақсатты жұмыстың бөлігі болып табылды.
Аумағында Арал теңізі және бұрынғы Семей ядролық сынақ алаңы сияқты қатерлі аймақтары бар Қазақстан қоршаған ортаны қорғау және жаһандық климатты сақтау мәселелерін шешу үшін сыртқы саяси тетіктер қолдануда. Аралды құтқару халықаралық қорына төраға бола отырып, Қазақстан қорды ұйымдастырушы елдермен бірге 2011-2015 жылдарға арналған Арал теңізі бассейні мемлекеттеріне көмек көрсету бойынша іс-қимылдар бағдарламасын дайындауға белсенді кірісті. Климат өзгерісі бойынша Копенгаген келісімін орындай бастады және парникті газдарды шығаруды төмендету бойынша өзіне елеулі сандық міндеттемелер алды.
Каспий жағалауы мемлекеті ретінде Қазақстан Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтауға зор назар аударуда. Мемлекетіміз аталған мәселе бойынша өзінің ұстанымына беріктік танытуда және Каспий жағалауы елдері арасында халықаралық құқықтың жалпы қабылданған қағидалары мен нормаларына негізделген тұрақты және достық қатынастар орнату бойынша жұмыс жүргізуде. Каспий теңізіндегі тұрақтылық пактісін жасасу идеясының бастамашысы да Қазақстан болып табылады.
Есірткі қатеріне қарсы тұруда БҰҰ-ға белсенді жәрдемдесуге адалдығын растай отырып, Қазақстан өз аумағында Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі орталықазиялық өңірлік ақпараттық және үйлестіру орталығын құру үшін барлық қажетті жағдайларды жасады.
Қазақстан терроризмге қарсы күрес жөніндегі барлық он үш халықаралық әмбебап конвенцияларға қосылды. Мемлекетіміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін бұлжытпай орындауда және жыл сайын БҰҰ Контртеррористік комитетіне жасалған жұмыс туралы Ұлттық баяндаманы ұсынуда.
Қазіргі кездегі қазақстандық дипломатия мемлекет және оның азаматтары өмірінің барлық дерлік салаларымен іргелес. Бүгін саясатты, экономиканы, көлікті, медицинаны, мәдениетті, спортты, ғылымды, білімді және өмірдің басқа салаларын дипломатияның қатысуынсыз немесе жәрдемдесуінсіз елестету қиынға түседі. Осының барлығы бізден жоғары біліктілікті, терең білімді, тәжірибені, еңбексүйгіштікті және патриоттықты талап етеді.
Мысалы, шетелдердегі азматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау ҚР СІМ консулдық қызметінің негізгі қызметтерінің бірі болып табылады. ҚР ҰҚК Шекара қызметінің мәліметі бойынша, жыл сайын Қазақстан азаматтарының шетелдерге 4 млн.-нан астам сапарлары іске асырылады.
Көп жағдайда консулдар адвокат ретінде қызмет етуге, сондай-ақ төтенше жағдайлар – табиғи апаттар, техногенді апаттар немесе «ыстық нүктелердегі» әскери іс-қимылдар кезінде отандастарымызға көмек көрсетуге әркез дайын.
Күн сайын шетелдердегі қазақстандық консулдар жүздеген азаматтарымызға көмек көрсетуде. Дипломаттарымыздың біліктілігі арқасында белгілі саяси қақтығыстар кезінде Қазақстан азаматтарын Египеттен және Ливиядан шығынсыз шығаруға; Исландия жанартауының салдарына байланысты ЕО әуежайларында қалып қойған жолаушыларымызға көмек көрсетуге; ағымдағы жылдың наурызында болған Жапониядағы Фукусима АЭС-інен сәуле тарауы кезінде қазақстандықтарға қолдау көрсетуге мүмкіндік туды.
Қазіргі уақытта 15 елмен Қазақстанның ұлттық төлқұжатын ұстаушыларды визалық талаптардан босату туралы келісімдерге қол қойылды. ЕО-ның консулдық қызметтерімен визалық режімді жеңілдету бойынша консультациялар тұрақты негізде жүргізілуде.
20 жыл ішіндегі дипломатиялық қызметті қорытындылай келе, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан сыртқы саяси бағыт өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.