Президент • 15 Қаңтар, 2018

Қазақстанның төрағалығына әлем үлкен үмітпен қарайды

322 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация­лар қыз­метінде Сыртқы істер ми­нистрлігінің ұйымдастыруымен БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчамен онлайн конференция өтті. 

Қазақстанның төрағалығына әлем үлкен үмітпен қарайды

Нью-Йорктен тікелей эфирде ұйым­дас­тырылған жиынға еліміздің бұқара­лық ақпарат құралдары өкілде­рі жиналды. Онлайн конферен­ция Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сіне төрағалық етуіне байланыс­ты ұйымдастырылды. Вебинар­да сөз сөйлеген М.Енча Қазақстан­ның Кеңестегі жұмысының маңыз­ды­лығына тоқталды.

«Қаңтарда Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесі төрағасы қызметіне кірісіп кетті. Мұның маңызы жоғары. Қазақ­стан күн тәртібін ұйымдастырып, ұйым атынан сөз сөйлеп, оның отырысын шақырады. Келесі аптада маңызды бірқатар іс-шара өтпек. Соның бірі – Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өтетін «Жаппай қырып-жоятын қаруларды таратпау: сенім шаралары» атты жиын. Бұдан бөлек, Орталық Азия мен Ауғанстан мәселелеріне арналған жарыссөз ұйымдастырылады», деді спикер.

М.Енча Сириядағы дау-жанжалды шешуде Қазақстанның маңызды қадамдарға барып, Астанада ке­ліс­сөздер ұйымдастырғанын атап өтті. Оның пікірінше, ондағы ахуалды жақ­сар­туда Астана процесінің маңызы зор.

«Астана келіссөздері Сирия мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосты. Соның арқасында шиеленісті азайту, деэскалация аймағын құру секілді мәмілелерге қол жеткізілді. Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілі Стеффан де Мистураның басшылығымен өтетін Женева келіс­сөз­деріне қолдау көрсетті», деді М.Енча.

Бат хатшы көмекшісінің айтуынша, Қазақстан Орталық Азиядағы бей­бітшілік пен тұрақтылықты нығайту мақсатында аянбай тер төгіп келеді.

«Қазақстан әлемде, Орталық Азияда қауіпсіздік пен бейбітшілікті нығайтуға елеулі үлес қосып, өз мүм­кіндігін тиімді пайдаланып отыр. Мысал ретінде ядролық қарусыздануға үндеуін, Семейдегі сынақ алаңының жабылуын, Орталық Азияда ядролық қарусыз әлем құру бастамаларын атап өтуге болады. Қазақстан баста­ма­сымен Халықаралық ядролық сынақ­тарға қарсы іс-қимыл күні белгіленді. Елдеріңіз өз қызметін одан әрі тиімді жалғастыра беретініне сенімдімін», деді Бас хатшының көмекшісі.

Еліміз Орталық Азия мен
Ау­ған­стандағы бейбітшілік пен тұрақ­тылықты нығайту мақсатында даму мен қауіпсіздік мәселелерін бірге талқылайды. Спикердің пікірінше, бұл аймақтағы ахуалды жақсартуға үлес қосады.

«Ауғанстандағы жағдайды әс­ке­ри жолмен шешу мүмкін емес. Кері­сінше, өңірлік әріптестікті нығайтып, инфрақұрылымдық жобаларды қолдаудың маңызы зор. БҰҰ-да Ауғанстан мәселесін шешудегі Қазақстан тарапы атқарып жатқан жұмыстарымен жақсы таныс. Мәселен, Алматыда ауған жастары білім алып жатыр. Меніңше, мұндай қолдау өңірдегі тұрақтылық пен дамуды нығайтады. Әлемде бейбітшілікті қамтамасыз етудегі Қазақстанның рөлін атап өткім келеді», деді М.Енча.

Бұдан кейін еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі құрамында басым­дық беретін бағыттарына тоқталды. Спикердің айтуынша, Қазақстан тарапы көтеріп отырған мәселелер жер-жаһанда бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін өте қажет.

Келесі аптада өтетін ядролық қаруды таратпау жөніндегі іс-шараның осы тақырыпты кеңінен тарқатуға қосар үлесі зор. Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан мемлекет ретінде әлемнің бірқатар еліне үлгі болады. Осы орайда жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселесінде Қазақстан халықаралық қоғамдастық алдында беделге ие. Әсіресе ядролық қаруды қолдану ықтималдығы жоғары қазіргі жағдайда елдің рөлі ерекше.

БҰҰ Бас хатшысының кеңесшісі қа­зір­гі таңда халықаралық қоғам­дастық Қазақстаннан Қауіпсіздік Кеңесі төрағалығы мерзімінде үлкен үміт күтіп отырғанын мәлімдеді. Оның пайымдауынша, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясында өткізетін жиындары әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өлшеу­сіз үлес қоспақ. Бұдан кейін, М.Енча қа­зақ­стандық дипломаттардың еңбе­гіне оң баға берді.

«Қазақстандық дипломаттар кәсібиліктің жоғарғы деңгейін көрсетті. Қауіпсіздік Кеңесіне мүше мемлекеттер де, БҰҰ құрамындағы елдер де қазақстандық дипломаттардың еңбегін бағалайды. Сіздердің елдеріңіз ҚК және БҰҰ арасындағы өзара іс-қимылды сындарлы түрде жүргізіп отыр. Осы орайда Қазақстан мен оның БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігіне алдағы жұмыста тек сәттілік тілеймін», деп сөзін түйіндеді спикер.

Жиын соңында еліміздің бұқа­ра­лық ақпарат құралдары өкілдеріне БҰҰ сайты таныстырылып, онымен жұмыс істеу тәсілдері көрсетілді. Спикерлердің айтуынша, Ұйымның заманауи сайты адамға БҰҰ-ның штаб-пәтерінде өтетін кез келген жиындарды тікелей эфирде тамашалауға мүмкіндік береді. Бұдан кейін БАҚ өкілдеріне сайттың басқа да артықшылықтары таныстырылды. Онлайн конференция соңында спикерлер журналистер қойған сұрақтарға жауап берді.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»