– Мамырғали Досқұлұлы, Президенттің биылғы Жолдауының басты арқауына айналған Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында жұмыс істеу ұғымын қалай түсінесіз?
– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының басты ерекшелігінің өзі өнеркәсіптік даму жолына басымдық берілуінде. Әйтпесе жылдың басты құжаты жоғарыдағыдай атауға ие болмас та еді. Менің ойымша, бұл дамудың ең сенімді жолы. Президент алға қойған он міндеттің ішінде индустрияландыру мәселесі ең алдыңғы кезекке шығуының, оның бірінші орында тұруының астарында осындай ой мен осындай салмақ бар. Жаңа мемлекетті құрып, оның экономикасын тұрақты даму жолына түсіру, қай кезде де оңай болмаған. Бұл арада ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін бір ақиқат бар. Еліміздің экономикасы стратегиялық шикізат көздеріне тәуелді болып қалмауға тиіс. Егер мұндай жағдай орын алса, кез келген мемлекеттің экономикасы сыр бермей тұра алмайды.
Рас, біз әлемдегі мұнай, газ және конденсат секілді шикізат өндіретін елдердің қатарындамыз. Ашығын айтқанда, мұның ел экономикасына түсіріп отырған пайдасы да жоғары. Соған қарамастан біз бірыңғай шикізат шылауында қала беруге де тиісті емеспіз. Өйткені әлемдік мұнай рыногында оның бағасы бірде төмендеп, бірде жоғарылап, секірмелі күй кешеді.
Осы орайда, Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында бұлтартпайтын бір жақсы мысал келтірген екен. Яғни, бұдан 3-4 жыл бұрынғы қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында қол жеткізген нәтижелердің әжептәуір септігі тиіпті. Әрі мұның өзі тұрақтандырушы факторлардың біріне айналыпты. Міне, индустрияландыру мен еліміздегі алғашқы өнеркәсіптік революциялардың тигізген пайдасы мен шапағаты.
Өмір бір орында тұрмайды. Ол үнемі алға қарай даму, жылжу үстінде. Соның ішінде өнеркәсіптік өмір алға қарай озған уақытпен бірге өзінің өзгерістерін енгізеді. Осы қисынға сүйенсек жаңа технологияларды орнықтыру дамудың басты тұтқасы болмақ. Президенттің өзінің сөзімен айтқанда, Қазақстан индустриясы жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. Дәл осындай жағдайда өнеркәсіптің инновациялық сипаты одан әрі тереңдей түсетіні де Жолдауда тиянақты түрде тұжырымдалған.
– Мемлекет басшысы экономиканы цифрландыру жөнінде тың міндеттер қойды. Әрі еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру үшін қанатқақты жобаны іске асыру қажеттігін алға тартты. Сонымен бірге бұл тәжірибені көпшілікке тарату жөнінде тиісті атқарушы органдарға тапсырмалар берді. Бұған не дейсіз?
– Инновацияны енгізу мен орнықтырудың басты өлшемінің бірі – цифрландыру. Әлемдегі өркениетті елдердің көпшілігі бұл кезеңді бел ортадан асырып үлгерді. Біздің басты мақсатымыз – әлемдегі озық отыз елдің қатарынан көріну болса, экономикамызды цифрландыру мәселесін аттап өте алмаймыз. Президент қойған міндеттің өзгешелігі мен қажеттілігі де осында.
Цифрлы технологияларды енгізу елімізге не үшін қажет екенін Президент сегізінші міндетте жан-жақты түйіндеп беріпті. Оған алып-қосатын ештеңе жоқ деп есептеймін. Осы арқылы мемлекеттік басқарудың тиімділігі арта түсетін болса, цифрландырудың қадір-қасиеті де соғұрлым көтерілмей ме?! Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады деп тұжырымдайды Президент. Мұндайда не істеу керек? Жолдауда мұның жолы да нақты айтылған.
– Еліміздегі индустрияландыру деңгейін тереңдету ісіне облыстарда құрылған индустриялық аймақтар да тиісті үлестерін қоса алатыны анық. Өзіңіз де осындай өміршең істің басы-қасында жүр екенсіз. Сондықтан осы мәселеге байланысты не айтар едіңіз?
– Индустрияландыру ұғымымен қатар тұратын мәні мен маңызы әрі сипаты тұрғысынан қарастырғанда алғашқы ұғымнан бір мысқал кем түспейтін тағы бір түсінік бар. Бұл – инвестиция тарту мәселесі. Дәл осы тұрғыда индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері жоғары. Қазіргі күні біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауға баса мән беріп келеміз. Ақтөбе индустриялық аймағында отандық кәсіпкерлермен бірге шетелдік инвесторлар да қызмет жасап жүр. Бұл қатарда Германия, Болгария, Түркия және Швейцария елдерінің өкілдері бар. Бүгінгі уақыттта олардың қатысуымен төрт инвестициялық жоба жүзеге асуда.
– Президенттің биылғы Жолдауы туралы нақты ой-түйініңіз қандай?
– Жолдау біздің ісіміз бен қызметімізге және индустриялық аймақты одан әрі дамыту жобаларына жаңа серпін берді. Жылдың басты бағдарламалық құжаты бізге сонысымен қымбат деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ