Аймақтар • 16 Қаңтар, 2018

Қызылқала қалашығының құпиясы көп

1971 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Маңғыстау тарихының ерекшеліктері қазірден бастап дәлел­деніп, ғылыми тұрғыда әлемде қызығушылық тудыруда. Өлкедегі әрбір құпиясы ашылған ежелгі палеолиттік Сарыташ шығанағы шеберханалары, тас дәуірінің аяғына жататын Қосқұдық кешенді елді мекені, қола дәуірінің қала типтес Тоқсанбай, Айтман ескерткіштері, Бәйте 1-3, Қызылүйік, Тасастау, Қайнар, Әурентөбе, Соққы, Ақпан ерте темір дәуірінің ғибадатханалары, Жезді, Қарақабақ және Қызылқала орта ғасырлық қалашықтары, Шақпақ ата, Қараман ата, Сұлтан-епе, Шопан ата, Бекет ата жерасты мешіттері, орта ғасыр және жаңа заман кезеңдерінің кешенді қорымдықтары сынды ескерткіш Қазақстанның ғана емес, адамзат тарихында да маңызды орын алады. 

Қызылқала қалашығының құпиясы көп

Фото: manzapowednik.kz

Осы орайда мұралы өңірдің археология саласындағы бүгінгі жа­ңалығы қандай деген оймен Маңғыстау мемлекеттік та­рихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбаевпен әңгімелескен едік. 

– Нұрлан Абызұлы, Маң­ғыстаудағы тарихи ес­керткіштерге соңғы жыл­дары жүргізілген архео­ло­гиялық зерттеулер қоры­тын­дысы өткен мен бүгінге бей-жай қарамайтын жас жеткіншектер мен тарихшы­лар, барша зиялы қауым өкілдері үшін қызықты деп ойлаймыз...

 – Тоғыз жолдың торабында орналасқан Маңғыстаудың бүгіні бақуатты болса, кеше­гісі киелі. Ерте орта ғасыр­лар­да Маңғыстау аймағынан белгілі Ұлы Жібек жолы кон­тинентаралық сауда жол­дары­ның солтүстік тармақтары өткен. Маңғышлақ түбегі құр­лық және теңіз сауда қа­тынастарының тамаша ұш­тас­қан сауда жолдарының тран­зиттік бөлігінің бірі ре­тінде маңызды рөл атқарды. Сауданың дамуы мұнда ал­ғаш­қы отырықшы елді мекен­дер мен қалалардың, ал Каспий теңізінің жағалауында портты қыстаулардың пайда болуына септігін тигізді. Теңіздегі сауда барлық Каспий маңы мемлекеттерін біріктірді. Облыстағы соңғы жылдардағы археологиялық зерттеулердің басты бағыттарының бірі – Х-ХІІІ ғғ. кезеңдерімен шамаланатын Қызылқала орта ғасырлық қалашығы қалдық­та­ры. Қызылқала туралы білу оқырмандар үшін де тартымды жаңалық болады. Маңғыстау ауданында Ақмыш бұлағы жағасында орналасқан Х ғ. екінші жартысы – ХІІІ ғ. басы кезеңдеріндегі Қызылқала қалашығы – неғұрлым маңызды ескерткіш. Бұл археологиялық нысанның шағын ғана бөлігіне алдын ала жүргізілген қазба жұмыстарының қорытындысы Қызылқала – ірі сауда-қолөнер қаласының қалдықтары болған деп болжауға мүмкіндік береді. Бұл жерден табылған қыш ыдыстарының сынықтары бойынша жорамалдасақ, қалашық құрылысы Х-ХІ ғғ. басталған, ал қайнаған өмір ХІІІ ғ. екінші жартысында Алтын Орданың сауда байланыстары жандануы басталғанға дейін тоқтаған. Қызылқала қалашығы мәліметтері Арал-Каспий өңірі көшпелілерінің орта ғасырлық тарихы, сондай-ақ Шығыс Еуропа мен Азия елдерінің сауда бағыттары мен дамуы туралы шексіз жұмбақтардың шешіміне негізді жол сілтейді.

– Қалашықтың зерттелу тарихы кездейсоқтық емес шығар?

– Қызылқала қалашығына алғашқы зерттеулер өткен жүз­жылдықтың 70-80-ші жыл­дарында КСРО ҒА Архео­ло­гия институтының Еділ-Жайық археологиялық экспедициясымен Ресей археологы Л.Галкиннің жетекшілік етуімен жүргізілген. Бұл экспе­дицияның нәтижесінде ескерт­кіш құрылымы мен өмір сүру уақыты жайында ал­ғашқы деректер алынды. Қа­лашықты зерттеудің жаңа ке­зеңі Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығымен 2004 жылы басталды және әзірге аяқталған жоқ. Зерттеудің негізгі мақсаты – қалашықтың құрылыс тарихы мен оның белгілену уақытын зерделеу. Бұл жұмыстарға жергілікті археолог А.Астафьев басшылық жасауда. Соңғы жылдары дала жұмыстары кезеңдеріне қазақстандық және ресейлік археологтар М.Қалменов пен В.Плахов қатысты.

Қалашық құрылысының тарихы саз-балшықтан соғылған бекіністің іргесінен басталған. Бекініс жоспарда он екі және төрт­бұрышты аралық мұна­ра­лар­мен 110х115 м дұрыс төртбұрыш пішінінде болып келеді. Диагональды қақ­па­­лары мұнаралы бекініс қа­бырғаларының біріне жанаса, солтүстік-шығыс қабыр­ға­да орналасқан. Ішкі пери­метрі бойынша бекініс қа­быр­ғаларына кең аула пішінінде, бұл құрылысты алып керуен-сарайға айналдырған кең кө­лемді тұрмыстық және шаруа­шы­лық бөлмелер жалғаса салын­­ған болуы мүмкін. Елді ме­кен өмірінің біраз уақыт­тары­нан кейін бекіністің саз-балшықты қабырғалары ал­дыңғы беті жағынан қалқан түрінде қалыңдығы 2 метрге дейін ірі тұтас табиғи шомбал қалау тастарымен қапталған. Тас қабырғалар бекіністі алынбас қамалға айналдырды. Уақыт өте келе бекініс айналасына қолөнер-сауда елді мекені – орамдар мен жекелеген үй-жайларға бөлінген рабат қалыптасады. Археологтар үйлердің іргетастары, тұрғын-үй бөлмелерінің құрылымдық элементтері (пештер мен от жағу орындары, қолжуғыштар, жататын және отыратын орындар, дәрет алуға арналған бөліктер, жерқоймалар) және мәдени шөгінділер нәтижесінде пайда болған алты құрылыс қабаттарын анықтады. Сондай-ақ, құрылыс аумағынан түрлі шаруашылық және тұрмыстық мағынадағы көптеген шұңқыр­лар анықталды. Қазба жұ­мыс­тары барысында кең көлемді болып келетін бөлмелердің аралары кішілеу етіп бөлінген тұстарында, яғни, қалашықтың осы бөлігінде халықтың тығыз болғандығын білдіретін бір­неше бөлмелі құрылыс қалдық­тары айқындалды.

– Қызылқалалықтар Маң­ғыстау жерінде шаруа­шы­лықтың қандай түрін бел­сенді дамытты дей аласыз?

– Елді мекеннің барлық аумағында тас диірмендердің сынықтары кездеседі, ал жо­ғар­ғы мәдени қабаттардан егін ора­тын бүтін орақ табылды. Қала­шық айналасын тек­серу ба­ры­сында ежелгі ди­қаншылық кәсіп игерілген кең жер бөлі­гі анықталды. Бұл табыстар қызыл­қа­лалықтардың дәнді да­­қылдар мен бақша мәдениетін белсенді игеруі жайын­дағы айғақтар болуы мүмкін. Қалашықтың мәдени қыртысы тұрғындардың та­ма­ғы ретінде қолданған ж­ануарлардың сүйектеріне толы. Қой, қозы, жылқы, түйе және қабанның сүйектері бай­қа­лады. Қала тұрғындарын жергілікті көшпелі малшылар малмен қамтамасыз еткен болу керек. Қалада ішкі сауда дамыған. Бұл жерден әзірге тиындар табылған жоқ, бірақ ақша орнына қолданған болуы­ мүмкін сырға түріндегі және сом мыс сақиналар жиі кезедеседі.

Қаланың оңтүстік шетінде қыш бұйымдарын өртеуге арналған бірнеше пештің қал­дықтары сақталған. Бұл жер­дің көзешілері көптеген сан алуан шаруашылық, тұрмыстық және асүй ыдыстарын өндірген, оның ішінде құйма қышын дайындау бойынша әрекеттерді де жүзеге асырған. Мұнда өндірілген ыдыстар түрліше болып келеді: хумдар мен хумшалар – дәндік дақылдарды, ұн және басқа да азық-түліктерді сақтауға арналған – ірі ыдыстар – пішіні мен көлемі бойынша әртүрлі құмыра-құм­­ғандар, күрішкелер, қа­зан­дар, тәрелке-табақтар, та­бақ­­­шалар, кесе-стақандар, кос­­метикаға арналған ыдыстар, шырағдандар. Ыдыс-аяқтардың көпшілігі көзе­ші­нің ұршығы көмегімен дай­ын­далған. Асүй ыдыстары же­тіспеген жағдайда қолдан мүсінделген және үйде күй­ді­ріліп жасалған ыдыстар­мен орны толтырылып отыр­ған. Ыдыс-аяқтардың бір бөлігі Хорезм мен Ираннан тасып әке­лінген. Жекелеген үй-жай­лардың көшеге қарайтын алдыңғы беттері ойып жасалған кірпіштермен әшекейленген.

– Ірі сауда орталығы бол­ған соң, түрлі мәдениет, түрлі өнер түрлері осы қала­шықта тоғысқан болар? Яғни қазба жұмыстары нәтижесі арқылы бұған көз жеткізуге бола ма?

– Әрине, Қызылқалада зергерлік шеберхананың бол­ғаны туралы археологиялық айғақтар бар. Археологтармен қола және күмістен құйылып жасалған ұсақ бұйымдар, зер­гер­лік әшекейлерді құюға ар­налған тас пішіндердің сы­нықтары, амальгама (сәндік бұйымдарға алтын жалатуда қолданатын алтын мен сынап қоспасы) тасымалдауға арналған қыш ыдыс – сфероконус табылды. Сондай-ақ  жергілікті шыны ыдыстарының өндірісі болған деп болжанады. Шыны, нефрит, гагат, ақық (қызыл, қызғылт сары түсті асыл тас), тау хрусталі, көк тас және кәріптастан жасалған түрлі түсті моншақтар жиі кездеседі. Мыс пен жезді өңдеу тәрізді аса күрделі кәсіп те өркендеген. Мәдени қыртыс-қабаттарында көптеген темір шегелер мен ағаш жабынды немесе есік ойықтарының бөліктерін бекітуге арналған қапсырмалар кездеседі.

– «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені туралы айтып өтсеңіз?

– «Маңғыстауға жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» деген аңыз бар. Бұл өлкенің ерте ортағасырлық кезеңіндегі тарихы ақтаңдақ болғандықтан нақты тұжырым жасау қиын. Осы кездерде шығыстан батысқа қарай жаппай көшкен ерте түрік қағанаттарының мемлекеттік құрылуы жүргендігін ескеретін болсақ, Арал-Каспий айырығы әсіресе, Маңғышлақ түбегі бұл оқиғалардан шет қалды дегенге сену қиын. Солай бола тұра бұл жерде ерте түркілермен байланысты болуы мүмкін ескерт­кіштер әлі де белгісіз. Осы уақыттарда Үстірт жазы­ғы мен Маңғыстауды алан тай­па­ларының мекендегенін де жоққа шығара алмаймыз. Орта Азиядағы аландар туралы ғұ­лама ғалым Әбу Райхан әл-Бируни (974-1048 жж.) өз еңбегінде Джейхун (Әмудария) өзенінің аңғары туралы айта келе, «Оның ағысы ұзақ уақыт көптеген жерлерді қиратты, ал тұрғындары Хазар (Каспий) теңізінің жағалауына қоныс аударды. Бұл алан және ас тайпалары...», деп көрсеткен.

2010 жылы Маңғыстау ауданы аумағынан ашылған «Алтынқазған» діни-қабірлеу кешені алан тайпасына тиісті болуы мүмкін. 2014 жылы бұл ескерткішке алдын ала археологиялық зерттеулердің алғашқы кезеңдері жүргізілді. Зерттеу барысында кешеннің аумағы 130 га жерді қамтитыны анықталды. Бұл жерден тас құрылыстардың бірнеше түріне жататын және үйіндіге айналған 5 қорған, барлығы 198 археологиялық нысан табылды. Ескерткіштерді зерттеуде негізгі жұмыстар екі кірісі бар төртбұрышты келген үлкен діни қоршауларға бағытталды. Алғашында олар­дың қабырғалары аласалау бо­лып келіп, жергілікті плита таст­ардан тұрғызылған. Қазіргі уақытта 4 қоршау зерттелінді. Олардың екеуінен бор жынысты құрбандық тастардың қалдықтары табылды. Қоршау­дан және оның айналасынан құрбандық шалу рәсімі бол­ған­дығын дәлелдейтін қыш ыдыс­тардың сынықтары табылды.

Қоршаулардың бірінің қа­быр­ғасы астынан жерасты үң­гір­лік қабір табылды. Әйел адам мен баланың мәйіті жерден 2,5 м тереңдікте жерленген. Қабірден шағын қыш ыдыстар, бордан жасалған күл­салғыш, шыны моншақ және қорғасын мен қалайының қос­пасынан жасалған сырға та­былды. Қабірлеу б.з.1 мың­жылдығының басына жатады.

Көршілес басқа қоршаудан таспен толтырылған, дөңге­лек қоршау түріндегі тастан жасалған қабір үсті құ­ры­­­лысының қалдықтары қаз­ыл­ды. Тас іргенің астынан археологтар жасөспірімнің бас сүйегі мен үйіліп жиналған қаңқа сүйектерін, жылқының тұяғы мен сүйектерін және темірден жасалған заттар – екі үзеңгі, белдік тоғасы, жебе ұштары, кішкентай пышақ кездесетін шағын қабір ойығын тапты. Үзеңгі мен тоғаның пішіндеріне қарап, қабір нақты ІХ-Х ғасырларға жатқызылады және көшпелі мәдениеттің барлық салт-дәстүріне сай жасалған.

– Зерттеу анықтамасына немесе болжамдарға сәйкес, ескерткіш қай кезеңдердің қолтаңбасы болып табылады?

– Құрылыстың негізгі бө­лігі діни салт-жоралғыларға бағытталған. Қоршаудың бірінің ішіндегі шағын ойықтан өте сирек кездесетін ер-тұрман­ның күміс қаңқасы және қам­шы­ның күміс бөлшектері табылды. Қаңқаның пішіні ағаштан қайта қалпына келтірілді. Бұл ер-тоқым ерте түркі дәуіріне тиесілі. Бірақ күміс қаңқаның безендірілуі мен үзеңгі пішін ерекшелігіне қарап, оны ІV ғ.аяғы – V ғ. І жартысына жат­қызуға болады. Қаңқада зоомор­фтық бейнелер, қасқыр, қабан, бұғы, ақбөкен және үшкір тұмсықты құстар тәрізді жабайы аң-құстардың суреттері салынған. Қаңқаның бір бөлі­гін­де ғұн дәуірі мәдениетіне тиісті бедерлі ою-өрнектер тү­сірілген. Мұндай бейнелері бар ер-тоқым еуразиялық архе­ология тәжірибесінде алғаш табылып отыр және жәдігерлер еш жерде қайталанбауымен ерекшеленеді.

Ескерткіш аумағынан ат әбзелдеріне тиісті металдан жасалған әртүрлі бұйымдардың көптеген жиынтығы табылды. Бұйымдардың бір бөлігі мыстан жасалып, сырты алтын мен күміс қоспасымен қапталған. Кейде кәріптас және шыны қойылып, безендірілген. Табылған заттар негізінен, құр­­бандық сыйы ретінде қал­дырылған. Заттардың кей бөлігі Еділ маңы, Кавказ, Сол­түстік Қара теңіз территорияларында зерттелген халықтардың Ұлы көші дәуірінің ескерткіштеріне ұқсас келеді. Осы айтылған ерек­­шеліктерді ескере келе, «Ал­тын­қазған» кешенінің құ­рылу уақыты болжам бойынша б.з. ІІІ ғ. екінші жартысы – V ғ. аралығын қамтиды дейміз. Жүр­гізілген зерттеулердің қо­ры­тындысы бойынша Еу-
р­азия­дағы антикалық және ерте ортағасырлық аралықтағы ерекше діни-қабірлеу кешені саналады.

«Алтынқазған» діни-қа­бір­леу кешені ескерткіштерінің негізгі бөлігі алан тұрғындары­нан қалған деген болжам қа­рас­тырылады. Бұл арқылы Маң­ғыстау аймағы үшін Ұлы Халықтар көші дәуірі тари­хы­ның жаңа, белгісіз парақтары ашылды.

Әңгімелескен

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы