Кино • 16 Қаңтар, 2018

Көрермен аз деп қашанғы алдайды?

1406 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атақты Pixar студиясының кезекті туындысы «Коконың құпиясы» анимациялық фильмі қазақ тіліне дубляждалды дегенді естіп, жұмыстан шыға сала кешке қарай тайлы-тұяғымызбен кинотеатрға ағылғанымыз бар. «Бақсақ бақа екен» демекші, фильмнің қазақ тіліндегі сеанстары кешкі уақыттарда көрсетілмейтін болып шықты. Ал фильмнің орыс тіліндегі сеансы арасына сағат салып самсап тұр. Бұл өзге өңірлерді айтпаған күннің өзіндегі, мегаполис санатындағы Астана мен Алматы қалаларындағы жағдай. Осы орайда ел аумағында көрсетілетін фильмдердің прокат тілі жайында және қазақ тіліндегі фильмдердің кинотеатрлардағы көрсетіліміне байланысты көрермен наразылығы жыл өткен сайын үдеп келеді. Ал қазақ тіліне дубляждалған туындының кинотеатрларда кеңінен көрсетілмеуінің себебін әркім әрқилы түсіндіреді.

Көрермен аз деп қашанғы алдайды?

Kinopark Theatres: қазақша фильмге сұраныс жоқ

Орталық Азиядағы ірі желінің бірі Kinopark Theatres компаниясының Қазақстан аумағында бүгінде 62 залы жұмыс істейді. «Егемен Қазақстан» тілшісі компания әкімшілігіне хабарласып, қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің сеансын көбейтіп, кешкілік уақытқа қойылуы үшін не істеу керек деген сауал жолдаған еді. Кинопарктің қоғаммен байланыс бөлімі нарық сұранысының ыңғайына сай жұмыс істеу компанияның басты мақсаты екенін алға тартты.

«Сұраныс аз болса, қазақ тіліндегі сеанстарды алып тастаймыз. Кез келген фильмді кемі екі апта көлемінде көрсетеміз. Ал фильм сеанстарының уақыты прокат компанияларымен жасалған шарт бойынша келісіледі. Отандық фильмдерге қолдау көрсеткіміз келеді, тегін жарнама да жасаймыз. Бірақ коммерциялық ұйым болғандықтан табыс алдыңғы орынға шығады», деген компания менеджері қазақ тіліндегі фильмдердің көрсетілімі тікелей сұранысқа байланысты екендігін аңғартты.

Жайшылықта орыс тіліндегі фильмдерді залда 4-5 адам ғана отырып тамашалап жүреміз. Сонда сұраныс аз деп, басы ауырған ешкім болмапты. Қазақ тіліндегі фильмдердің сеансын сұраныстың аздығы деп жылы жабу шындық па, әлде желеу ме? Өз еліңде отырып туған тіліңде кино көре алмау дегенді қандай қисынмен түсіндіруге болатынын айта аласыз ба? Иә, қазақтілді көрермендер де жұрт қатарлы, адам сияқты кинотеатрға барып фильм көргісі келеді. Әуелгіде қазақ тілінде фильм жоқ деп сылтаураттық, енді бар фильмді жұрт қатарлы кинотеатрдан көре алар емеспіз. Болмаса өз тілі мен діліне жаны ашитын жастар елімізде жоқ емес, бар. Бірақ олардың өз құқығын талап еткен үні әрегідік естіліп қалып жатқаны болмаса, бейғам қоғамда жаппай талап ету мәдениеті әлі де қалыптаса қоймағаны байқалады.

43 883 көрермен. Аз ба, көп пе?

Осы арада 2011 жылдан бері «Болашақ» корпоративтік қорының «Меломан» және «Disney» компанияларымен бірлесіп, рейтингі жоғары голливудтық фильмдерді аударып жүргенін айта кеткеніміз орынды болмақ. Қазақ тілінің қолданысын кеңейтуді мақсат еткен «Болашақ» қоры осы күнге дейін 23 шетелдік кинотуындыны қазақ тіліне дубляждаған. Мәселен, қордың соңғы әрі жарқын жұмысының бірі «Коконың құпиясы» фильмі сапалы аудармасымен көпшіліктің зор ықыласына бөленді.

Алайда фильм сеансының ыңғайлы уақытқа қойылмағанына наразы жұрт түрлі сипаттағы жазбаларымен әлеуметтік желілер арқылы пікір білдіріп жатқанына өзіміз куәміз. Аталған қордың жоба менеджері Перизат Кенжинаның айтуынша, әлемдік блокбастерлердің бюджеті орта есеппен 200 млн долларға жете-қабыл. Дубляж жұмысының қыруар қаржыны қажет ететін себепті, қордың ендігі мақсаты – Қазақстанда Disney-дің кеңсесін ашу. «Бұл – қазақ тілді азаматтардың құқықтары мен талабын қолдау мақсатында қолға алынған әлеуметтік жоба. Дубляждалған туындыларды халыққа жеткізу үшін медиа және өнер жұлдыздарын алдын ала көрсетілімге шақыру арқылы жарнамалаймыз. Кинотеатрларда қазақ тіліндегі фильмдерді бір аптадан екі аптаға дейін көрсетеді. Кинотеатрлар қазақ тіліндегі сеанстарға аса көңіл бөлмейді, біз осы мәселемен үнемі жұмыс жасаймыз. Әлеуметтік жоба ретінде қандай мүмкіндік бар, соның барлығын мейілінше қарастырамыз», дейді жоба менеджері «Егемен Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында.

Перизат Кенжинаның сөзінше, қазақ тіліндегі фильмдердің нарықтағы үлесі, көрермендер сұранысына қатысты нақты бір зерттеулер жүргізілмеген. Әйтседе, 2016 жылы «Джунгли кітабы», «Алиса айнаның арғы бетінде», «Моана», «Күрескер бір. Жұлдызды соғыстар. Хикаялар» атты қор дубляждаған фильмдерді 43 883 көрермен тамашалапты. Бұл – орта есеппен бір фильмді 10 мыңға жуық адам көрген деген сөз. Шамалайтын болсақ, елдегі орта санатқа жататын аядай университеттегі студент санының өзі 10 мыңнан асып жығылады. Ал халық саны 18 миллионнан асқан Қазақстан үшін бұл көрсеткіш аз ба, көп пе? Әрине, «Болашақ» қорының атқарып отырған шаруасы құптарлық, барлығы тамаша, керемет, алайда қыруар қаржы жұмсалып қазақша аударылған фильм халыққа ақыры жетпейтін болса, құр мақтан мен ауыз толтырып айтудан не пайда?

«Министрлік мәселенің шешімін қарастырады»

Қазіргі кезде «Мәдениет туралы» заңда фильмдерді «ұлттық» деп тануға, прокаттық куәліктер беруге, оларды индекстеуге, түпнұсқа материалдарын сақтау түрлері мен прокат тіліне байланысты алты бап көзделген. Алайда бұл кинематографияны дамытудың қазіргі заманғы талаптарына толық жауап бермейтіндігін Мәдениет және спорт министрлігі өздері де мойындап отыр. Қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің кинотеатрлардағы көрсетіліміне қатысты министрлікке жолдаған сауалымызға министрлік тарапынан «Заңның аталған нормасы бүгінгі таңда декларативті сипатта қалып отыр. Себебі қолданыстағы заңнамада дубляждалған фильмдерді прокаттау тәртібі, сондай-ақ бұл норманың орындалуына жауапкершілік Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде көзделмеген. Осыған орай бұл норманы орындауды прокаттау компанияларынан талап ету мүмкіндігі шектеулі болып отыр» деп жауап берілді. Сондай-ақ министрлік тарапынан әзірленіп, бүгінде Парламент Мәжілісі қарауына енгізілген «Кинематография туралы» және «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне кинематография мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары аясында аталған мәселенің шешілуі қарастырылатынын жеткізді.

Бұл ретте Қазақстанда шығатын және шетелдік фильмдерді қазақ тіліне дубляждау, я субтитрлеу немесе кадр сыртындағы аудармамен қамту тәсілдері қолданылмақ. Кеңес өкіметі тұсында прокат мәселесін мемлекет өз тарапынан қолдап қана қоймай, одақ кеңістігінде шыққан фильмдердің саны кинотеатрларда 30 пайыздан кем болмауы тиіс деген заңы арқылы прокатқа үлкен жағдай жасағаны есімізде. Әсіресе, балалар тақырыбындағы киношығармалардың эстетикалық тәрбие тұрғысынан мүмкіндіктері әркез жоғары бағаланып келді. Табиғи шынайлыққа құрылатын мұндай тақырып аясындағы ізденіс жалғасын таба береді-ау, тек кинотеатрлардан қазақша фильмді емін-еркін қалаған уақытымызда көретін күн бола ма, жоқ па? Міне, бізді мазалап отырған сауал да, мәселе де осы ғана.

Ендеше ұлттық фильмдердің сапасы мен бәсін арттыру, халық үшін кинокөрсетілім қызметінің қолжетімділігі тәрізді қордаланған мәселелер уақыт оздырмай кинематография саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін дербес заң қабылдау қажеттігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік тілдің жан-жақты дамуын қамтамасыз ету, оның халықаралық беделін нығайту функциясы негізгі міндетіне кіретін Мәдениет министрлігі бұл мәселеге көзжұмбайлық танытпауы тиіс. Кино – идеология құралы екенін бәріміз білеміз, бірақ асығар емеспіз. Неге?

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше