Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Жаңғырудың жаңа бағдары

283 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауы Мемлекет басшысының 2017 жылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауының заңды жалғасы әрі қазақстандықтардың экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыруға және рухани жаңғырудың жаңа белесіне көтерілуге бағыттайтын тың саяси-экономикалық әрі рухани-мәдени бағдар деп білемін.

Жаңғырудың жаңа бағдары

Жолдаудың Жетінші – «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты бөлігінде Елбасы ар­на­йы тоқталған терминология мәсе­лесіне қайта оралайық. Ал­ды­­мен Президенттің осы Жол­дау­­дағы мына сөзіне баса назар аударғым келеді. «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек».

Ақиқатында, аса нақты ай­тыл­ған, өте дұрыс айтылған сөз.

Тіл – халықтың жаны, болмысы дейтін болсақ, онда әрбір бірлік сол болмысының көрсет­кіші. Ең алдымен айтарым, кез кел­ген халық тіліндегі әрбір сөз­ді, басқа тілден қабылдаған тер­минді өзінің мәдениеті, өзінің руха­ни құндылығы ретінде қастер­лейді.

Қай халықтың болсын тіл ілімінің терминология саласында халықаралық терминдерді қабылдау үлкен мәселе екендігі шындық. Алайда әлемдік тә­жіри­беде кез келген ұлт өзге ха­лық­тан сөз қабылдауда ең алды­мен өз тілінің әлеуетіне жүгі­ніп, өзіндік терминжасам тәсіл­дерін басшылыққа алатыны белгілі.

Бүгінгі қазақ терминологиясы жас ғы­лым ретінде енді қалыптасып, «аяғы­нан тәй-тәй тұрып» келе жатқан­дығы баршаға мәлім. Мұн­дай жағдайда кемшін тұстар­дың болмауы да мүмкін емес. Сон­дықтан да Елбасы атап өткен сынның да орынды екенін жасыра алмаймыз.

Қазіргі қазақ тілінде терминология саласындағы мұндай жағдайлардың себебін мынадай жайттармен түсіндіруге болады деп ойлаймыз:

- құзырлы органдар тарапынан бекі­тілмеген, заңнамада, ғылы­ми әдебиеттерде және сөз­діктерде кездеспейтін кейбір халықаралық терминдердің «аударылып» қолданылуы жекелеген азаматтардың білімсіздігінен немесе арандатушылық ниетінен туындап отырған кездейсоқ жайттар деуге болады;

- орыс тіліндегі бір терминнің екі немесе одан да көп нұсқадағы балама­сының бекітілуіне қатыс­ты жекелеген жайттардың орын алуына (ұсынылған, мақұл­данған, тіпті қабылданған, бекі­­тілген терминдерді қайта қарап, қайта бекітуге) бірқа­тар линг­вистикалық және экстра­лин­гвистикалық факторлар (мысалы, сала мамандарының ғылыми тұрғыда негізделген пікірлері, «тілдік қалыптасу факторы» және т.б.) себеп болады;

- заңнамада қолданылатын термин­дердің бекітілген терминдермен бірізге түсірілмеуіне «заңнамада қолданылған тер­миндерді өзгертуге болмайды» деген уәждің алға тартылуы;

- салалық терминологиялық сөздік­терде қамтылған термин­дердің бекітілген терминдер сөздігіндегі баламалармен қатаң түрде сәйкестендірілмеуі;

- кейбір аудармашылардың Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Респуб­ликалық тер­минология комиссия­сы бекіт­кен және заңнамада жиі қолда­ны­латын терминдердің нұсқа­ларымен жете таныс болмауы;

- лингвистикалық тұрғыдан келгенде, тілдік бірліктердің терминдену және бейтерминдену процестері, терминдер мағы­насының «семантикалық жылжуы», терминдерді қолданудағы «семантикалық қоршау», яғни мәнмәтін (контекст) мәсе­ле­сі, терминнің «семантикалық әлеуеті», шығу төркіні және т.б. мәселелер.

Алайда қазіргі кезде бұл ол­қы­­лық­тарды жою мақсатында жү­йелі түрде жұмыс жүргізіліп отыр­ғандығын баса айтуымыз керек.

Біріншіден, Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметі жанын­дағы Республикалық терминоло­гия ко­миссиясы, әсіресе соң­ғы жыл­дары термин бекіту жұмыс­тарын қарқынды әрі сапалы түрде жүргізіп келеді (Осы рет­те бұл Комиссия бекіткен тер­мин­дер ұсынымдық сипатта болған­дық­тан, бекітілген тер­миндердің не­гізге алына бер­мейтіндігін де ес­керте кетуді жөн көріп отырмыз).

Екіншіден, Қазақстан Рес­пуб­­ли­касы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл­дерді дамыту және қоғамдық-саяси жұ­мыс комитетінің тапсырысы бойынша Ш.Шаяхметов атын­дағы Тілдерді дамытудың рес­пуб­ликалық үйлес­тіру-әдістемелік орта­лығы мен Білім және ғы­лым минис­тр­лігі Ғылым ко­ми­тетінің А.Бай­тұр­сынұлы атын­дағы Тіл білімі инсти­тутының ғалымдары сала­лық терминологиялық сөздіктердегі терминдерге кешенді сараптама жасаумен айналысып келеді. Күрделі әрі кешенді сараптама жұмыстарының нәтижесінде бекітілген терминдердің баламалары, заңнамадағы қолданысы және салалық терминология­лық сөздіктердегі аудармалары сәйкестендіріледі.

Ендігі қазақ терминоло­гия­сының алдында тұрған бас­ты да қажетті міндеттің негізгісі – терминдерді стандарттау. Осы мақсатта терминдерді стандарттайтын белгілі бір құзырлы орган айқындалып, терминдердің баламаларын заңды түрде бекітіп, стандарттау кезек күттірмейтін өзекті мәселеге айналып отыр.

Осы орайда қазақ тіліне шет тілдерден енген терминді латын графикасы негізінде жазуда, терминдер қабылдағанда төмен­дегі іс-әрекеттер атқарылуға тиіс деп санаймыз:

- шет тілдерден енген халық­ара­лық тер­миндерді латын графикасы не­­гі­зінде таңбалау барысында олар­дың орфо­графиялық нормаларын қалыптастыру;

- терминологиялық бірлік­терді латын графикасы негізінде таңбалауда төл тіліміздегі термин атауы ретінде қалыптастырудың ұтымды тұстарын анықтап, қазіргі терминжасам ісіне жаңа­ша бағыт-бағдар әзірлеу;

- шет тілдерден енген халық­аралық терминдерді қосымшалар көмегімен түрлендіру проблемаларын түпкілікті шешу;

- шет тілдерден енген  халық­аралық терминдердің қазақ тілінің сингармонизм заң­ды­лығына кереғар келетін­дерін тілі­міздің ішкі заңдылықтарына сәй­кестендіру ережелерін  әзірлеу;

- терминдерді қабылдау қағи­даттарын қайта қарап, жетілдіру.

Қорыта келе айтарымыз, дамы­ған отыз елдің қатарына ену үшін заман­ауи талаптарға сай болумен қатар, қазіргі жаһандану процесінде «жұтылып кетпей», ұлт ретінде сақталып қалуымыз үшін, Елбасы осы Жол­дауында атап көрсеткендей, «Төр­тін­ші өнер­кәсіптік революция жағ­дайын­дағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болудың» барлық мүмкіндіктерін пайдаланып, әлем елдерінің тәжірибесін сараптай отырып, өзімізге тиімді тәсілдерін қолдануға барымызды салуымыз қажет.

Ерден ҚАЖЫБЕК,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры