Екі оқиға да биылғы жылғы Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды оқиғалардың бірі болып табылады.
Осыдан 25 жыл бұрын басталған Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси-экономикалық байланыстар туралы Президент Архивінің директоры Борис Жапаров жан-жақты шолу жасады. Борис Әлікенұлы келтірген мәліметтерді тізбелеп, қайыра бір еске алсақ, 1992 жылдың 18-20 мамыры аралығында Қазақстан Президенті АҚШ-қа өзінің алғашқы ресми сапарын жасады. Сапар барысында Н.Ә.Назарбаевтың Дж.Бушпен, Мемлекеттік хатшы Дж.Бейкермен, бірқатар министрлер, сенаторлар және кәсіпкерлермен кездесуі өтеді. 1992 жылдың 3 ақпанында Алматы қаласында АҚШ-тың, ал 19 қарашада Вашингтонда Қазақстанның елшілігі ашылады. Осы уақыттан басталған Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынастарды айқындайтын маңызды құжаттар, Елбасының қазіргі күнге дейінгі АҚШ-қа ресми сапарлары барысындағы құжаттар мен фотосуреттер көрмеден молынан орын алған. «Мемлекет басшысы өзінің бір сұхбатында «Америка Құрама Штаттары – алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған және біздің республикамыздың «жетістіктерінің тарихында» маңызды орны бар мемлекет» деп атап өткен еді. 1991 жылдың 25 желтоқсанында АҚШ Қазақстан Республикасының егемендігін мойындап, 26 желтоқсанда АҚШ Президенті Дж.Буш Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атына Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындау туралы хатын жолдады. Осы хаттың түпнұсқасы біздің Архивтің қорында сақтаулы, ал оның көшірмесі аталған көрмеде көпшілік назарына ұсынылды», – деді Б.Жапаров.
Дипломатиялық өкілдер қатысқан жиында Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа кітабының маңызы туралы да әңгіме өрбіді. Себебі дәл осы еңбекте тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы екі мемлекет арасында енді басталған қарым-қатынас тарихы егжей-тегжейлі тарқатылады. Мемлекет басшысы өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында: «Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының басым бағыттарының бірі – Америка Құрама Штаттарымен екіжақты қарым-қатынас. 1992 жылдың мамыр айында мен Сауда байланыстары туралы келісімге, Қаржы салымдарын ынталандыру және өзара қорғау туралы келісімшартқа және екі елдің үкіметтері арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылған АҚШ-қа алғашқы ресми сапарымды жасадым. Біз АҚШ президенті үлкен Джордж Бушпен көптеген саяси мәселелерге байланысты ортақ пікірге келдік және осындай қарым-қатынас екеуара достық байланыстарға ұласты. Сол жылы АҚШ президенті Қазақстанды Тәуелсіздігінің бір жылдығымен құттықтап, маған мынадай сөздер жолдады: «Өткен жылдарда Қазақстан халықаралық мойындалу тұрғысында және саяси-экономикалық реформаларды жүзеге асыруда үлкен прогреске қол жеткізді. Сіз осынау қиын кезеңдегі жетістіктеріңізбен мақтана аласыз». 1994 жылдың ақпанында біз Американың жаңа басшысы Билл Клинтонмен Вашингтонда кездесіп, Демократиялық әріптестік туралы хартияға қол қойдық. Жаңа тәуелсіз мемлекеттер арасында Қазақстан алғашқы болып Құрама Штаттар тарапынан теңқұқылы әріптес ретінде мойындалды» деп Қазақстанның халықаралық қатынастардағы көпвекторлы саясатын атап өтеді (Н. Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 2017. 93-94 бб.).
Бүгінгі күні тарихқа айналса да, кешегі күнді қаз-қалпында көз алдымызға әкелген Қазақстан мен АҚШ арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты деректі хронологиямен баяндаған «Қазақстан және АҚШ: жасампаздық жолындағы ынтымақтастық» көрмесіндегі ресми құжаттар мен фотосуреттерді шетелдік меймандар да, қазақстандық зиялылар да қызыға тамашалады.
«Қазақстан халықаралық аренада» көрмесінде Қазақстанның 1992 жылы БҰҰ-ның толық құқыққа ие мүшесі ретінде кіруі және одан арғы осы халықаралық ұйым құрамындағы қызметінің тарихи кезеңдері көрсетілген. Көрмеге жоғары мемлекеттік органдардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың құжаттары, сонымен қатар Қазақстанның дипломатиялық қызметінің ардагері, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекованың материалдары қойылған.
Көрме экспозициясындағы құжаттардың көпшілігі Қазақстанның Ұлттық архив қорының түпнұсқа раритеттері болып табылады. Көрмеге қатысушылар алдында АҚШ-тың Алматы қаласындағы бас консулы Марк Муди, БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші тұрақты өкілі Властимил Самек, Алматыдағы ЮНЕСКО Кластерлік Бюросының директоры Криста Пиккат, Қазақстан Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы Л.Қаратаевалар да сөз алып, екі ел арасындағы сенімді саяси серіктестік туралы өз пайымын білдірді.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ