Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Парасат пен пайымды ту еткен ғалым. Немесе инженер Тұрлыбек Ысқақов туралы

547 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Әсілінде, үлкен іс бітірген адам­дар өте қарапайым келеді. Қан­­­ша­ма буырқанған өзен­дер­ді бой­ына сіңірсе де беті ты­нық көл си­яқты. Біз өмір-өнегесін сөз ет­келі отырған ғалым да осы кеп­тен. 

Парасат пен пайымды ту еткен ғалым. Немесе инженер Тұрлыбек Ысқақов туралы

Техника ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық және Қазақстан Рес­пуб­ликасының Ұлт­тық инженерлік акаде­мия­сының ака­демигі, Қазақстан Респуб­ли­касы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО космонавтика федерациясы Бай­қоңыр ғарыш айлағының ардагері, фи­зика-химия са­ласына өлшеусіз үлес қосқан, ұлылықтың үл­гісіндей бола білген инженер, ғалым-зерт­теуші Тұрлыбек Өтешұлы Ысқақов биыл жет­піс атты белеске шығып отыр.

Ғылыми және инженерлік тәжі­ри­бесі мол ғалым-зерттеушінің же­тек­шілігімен жүр­­гізіліп жатқан зерт­теулердің бүгінгі Қа­зақ­стан индус­три­ясының дамуына жә­не бә­се­кеге қабілетті қоғам құруда ерек­­ше прак­ти­калық маңызы бар. Соның бір дәлелі, си­ли­катты және қиын балқитын ме­талл емес ма­те­риалдарды золь-гель син­тездеу ісінің да­ми бастауы дер едік.

Көптеген оқулық пен ғылыми еңбек­­тер­дің авторы Тұрлыбек Өтеш­ұлы Жамбыл гид­ро­мелиоративті-құ­ры­лыс ин­с­титутының Қы­зыл­­орда фи­лиалын ұйым­­­дас­тыруға бел­се­не қатысып, онда же­ті жыл­ға жуық де­кан қыз­ме­тін атқарды. Игі­лік атаулы ізгі­лік­ке негіз­дел­се, халыққа қыз­мет етсем де­ген ға­лым­ның асқақ арманы өз айналасы­на білікті, қабілетті және шы­ғар­машыл қыз­меткерлерді жұмыл­ды­ру арқылы айқын кө­рі­нді.

1983 жылы КСРО Қорғаныс министр­лі­гінің тапсырысы бойынша «Байқо­ңыр» ға­рыш кешенінің нысандарына зерттеулер жүр­гі­зу үшін «Кристалл» проблемалық зерт­ха­на­сын ұйымдастырып, оны бас­қар­ды, содан кейін 1991 жылы осы зерт­хана негізінде Арнаулы материалтану ғы­лыми-зерттеу институтын ұйым­дас­ты­руға жетекшілік жасап, директор болып тағайындалды.

Ғалымның жүргізген зерттеулері экстре­малды жағдайларда жұмыс істеуге ар­нал­ған арнайы материалдар алуға бағыт­тал­­ған. Бұл мате­ри­алдар физи­ка-механи­ка­лық, тер­мия­лық және адге­зия­лық көр­сет­кіш­­тері бойынша шетелдік ба­ла­ма­л­а­­рынан ба­сым магний фосфатын байла­ныс­ты­ру­шы жүйелермен бір­ге КСРО Қорғаныс министрлігінің ны­сан­дарында «Байқоңыр» ғарыш ке­шені құрылыстарының жоғары тем­пе­ра­туралық газды-динамикалық әсер­лер­ден қорғау үшін термиялық төзімді қап­тамалар ретінде енгізілді. Міне, осын­дай игі істердің ортасында жүретін М.Әуезов атын­дағы Оң­тү­стік Қазақстан мем­лекеттік уни­вер­ситетінде 15 жылдан аса уақыт про­­рек­тор қызметін атқарған, қазір­гі таң­да атал­ған университеттің ректорының ке­ңес­шісі Тұрлыбек Өтешұлының кос­мо­навтика федерациясындағы «Бай­қоңыр» ғарыш айлағының ардагері және осы салаға теңіздей тер төккен ірі ғалым екен­дігін қасында жүргендердің өзі көп біле бермейді.

Т.Ысқақов жүзден астам патент пен өнертапқыш куәліктің авторы атанды. Бүгінде ғалымның үздіксіз ғылыми ізденіс саласындағы қол жеткізген табыстары өз дәрежесінде бағаланып келеді. Мәселен, «Энергия-Буран» ғарыш кешенін ұшыру бағ­дарламасын жү­зе­ге асыруға қатыс­қа­ны үшін С.П.Ко­ролев сыйлығы беріл­се, 2005 жыл­­дың 12 желтоқсанында Пре­зидент Жа­р­­лығымен «Ерен еңбегі үшін» ме­да­лімен марапатталды, сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының білім бе­ру саласының құрметті қызметкері», «Қазақ­стан ғылымын дамытуға сіңір­­ген еңбег­і үшін», академик Ө.А.Жол­дас­беков атындағы сыйлық жә­не ме­далімен, «Ы.Алтынсарин» төс­бел­гісімен және «Нұр Отан» партия­сы­ның «Белсенді қыз­меті үшін» омырау белгісімен, ОҚО әкі­мінің «Облысқа сі­ңірген еңбегі үшін» ме­далімен ма­ра­патталған. «Қазақстанның құр­метті ин­женері», Ордабасы ау­данының құрметті азаматы.

Тұрлыбек Өтешұлы – жүрегінде оты, жанында жарығы бар талай шә­кіртті тәрбиелеп, білімнің биігіне шы­ғар­ған өнегелі ұстаз, адал жар, қамқор әке, аяулы ата, өзінен кейінгі туған-ту­ысқа жапы­рағын кең жайған аясы мол бәйтерек.

Пайымды парасат иесінің Қазақ­стан­­ның рухани жаңғыруы мен дамуы үшін жасаған әр қадамы, ғы­лым шыңындағы жаңаша ой-өрісті баспалдақтары біз мақтайтын емес, келер ұрпақ мақтанатын, бағдар алатын өнегелі жол.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Оңтүстік Қазақстан облысы