Фото: Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ
Ол туралы қаншама кітап жазылды, кинофильмдер түсірілді. Бұл күнгі мерейтойда Қазақстан Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Борис (Бақыт) Төкенұлы Керімбаевтың бұған дейін еш жерде айтылмаған сырлары ақтарылды, тіпті жаужүрек командир халқына бұған дейін еш жерде ашылмаған бірқатар қырларымен де танылды. 1980 жылы оны КСРО Қорғаныс министрлігі Бас штабының Бас барлау басқармасы Эфиопия армиясының жаяу әскерлері құрамының бас қолбасшысына әскери кеңесшілік қызметке тағайындайды. Алайда іссапар белгісіз себептермен кешіктіріле берген. Содан 1981 жылдың басында мотоатқыштар батальонының командирі майор Керімбаев Мәскеуге шұғыл шақырылып, Бас штабтағы Бас барлау басқармасының ішінен төтенше құрылған 177-ші арнаулы мақсаттағы айрықша отрядтың командирі етіп тағайындалғаны туралы мәлімдейді. Офицердің құпия әскери қызметтегі тағдыр жолы осылай басталған.
Сол жылдың қыркүйегінде Кеңес Одағының құрамындағы Орта Азия халықтары өкілдерінен – 500 қазақ, өзбек, тәжік, қырғыз жауынгерлерінен құралған арнайы топ Ауғанстанның Фарьяб ауданындағы Меймене қаласына бір түнде «ың-шыңсыз» келіп кіреді.
Сахна төрінен мерейтой иесіне арнап сөз сөйлеген даңқты «№2 мұсылман батальоны» деген атаққа ие болған топтың бір кездегі өрімдей жап жас сардарлары – бүгінгі қазақ армиясының полковниктері мен генералдары қолдарын жүректеріне қойып, тебірене сөз сөйледі. Олардың барлығы да бірінші сөзін жалпыға бірдей әскери тәртіптің жазылмаған заңымен «командир» деп бастап жатқаны тектен-тек емес. Өйткені қан майданның нағыз өтіне айналған Паншер аумағының «королі» атанған «қара майор» Керімбаев сол тұста қарамағындағы әрбір жауынгердің өміріне қалқан болған. Осы арада Қазақстанның қазіргі Қорғаныс министрі генерал-полковник Сәкен Жанұзақовтан бастап бір топ генералдар мен жоғары құрамдағы офицерлердің ауған соғысында осы Керімбаевтың «шинелінен шыққаны» атап өтілді. Жамбыл ауданының (Алматы облысы) Аққайнар ауылында туып-өскен Борис Төкенұлы Керімбаевқа арнайы мадақ айтып, ат мінгізіп, шапан жапқан аудан әкімі Жандарбек Далабаев «Кешегі Қарасай мен Сұраншы-Саурықтың жолын қуған қаһарман ағамыздың ерлік жолы бүгінгі жас буынға әрқашан да үлгі-өнеге» деп жігерлі сөз түйді. Әкімнің сөзін қолдай кеткен жігері тасыған болашақ офицерлер – Алматыдағы әскери оқу орындарының курсанттары Отан қорғауда Керімбаев ерлігінің қашан да жүректерінен орын алатынына ант етті.
Салтанатты жиынның ең қызықты сәті – сахнаға «№1 мұсылмандар батальонының» командирі Өзбекстан әскерінің ардагері Хабиб Халбаев шыққанда туды. Күллі зал орнынан тұрып қос қабыланның құшақтары жазылмай айқасып тұрған сәтіне дамылсыз ұзақ қол соқты. Ауған жерінде от-жалын кешкен майдангерлер араға 35 жыл салып алғаш рет қазақ жерінде осылай қауышты. Ауған соғысының тарихында кеңестік майор Халбаев бастаған 600 мұсылман жастарынан жасақталған айрықша отряд (Мусбат-333) бастарын өлімге тігіп сол кездегі Ауғанстан президенті Аминнің резиденциясына түн жамыла басып кіріп, ел басшысының көзін жою операциясына қатысқан еді...
Ол кезде Отан тапсырмасын орындаған отан солдатының мінбеден сөйлеген сөзі қысқа да нақты шықты. «Мен жаңа ғана осы көркем саябақты аралап жүріп, Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының ескерткішіне тағзым еттім, – деді өзбекстандық мейман. – Құрметті ағайындар, ауған соғысында Отан алдындағы әскери борышын абыроймен орындаған даңқты командир Борис Керімбаевқа не Ресей Федерациясының Батыры, не Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын алып беретін күн туды. Ол үшін екі ел Президенттеріне хат жазуға тиіссіздер. Даңқты Момышұлына лайықты атағы кеш те болса оралды емес пе?! Ендеше «Қара майордың» да ерлік істері әділ бағасын алуы тиіс».
Даңқты барлаушы-командирге ұмтылғанмен тілдесіп үлгере алмадық, ол сахнаға қалай тап болса, көзден солай таса болды.
«Қара майор» Борис Керімбаевтың мерейтойынан жұрт есінде сақталған ерекше оқиға осы еді...
Мерейтой соғыс ардагерінің құрметіне арналған балғын жастардың салтанатты концертіне ұласты.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ