Не керек, әңгіме әріден басталды. Алдымен ауыл тарихымен таныстық. Біз ат шалдырған Жәмші кеңшары бүгінде Нұркен Әбдіров атындағы ауыл 1979 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен шаңырақ көтеріпті. Кеңшарға аты берілген Жәмші өзені, өзінің бастауын Көрпетай, Нұртай тауларынан ала отырып, Оңтүстік Балқаш көліне құяды. Бұл өңір бұрыннан атақты Машақ болыстың, Дүйсенбай батырдың, Тумабай, Жарықшақ, Аққыз, Талпақ қажылар өткен тарихты өлке. Жалпаққайың, Қосшоқы, Қызылтас, Айдай, Ұранқай, Сораң, Төрешоқы сияқты шоқылар бар.
Жәмші кеңшарының қалыптасуына, шаруашылығы мен инфрақұрылымының дамуына еңбек сіңірген ең алғашқы басшы – Қауаз Мұқажанов есімді айтулы азамат. Білікті басшы селоға сол кездің өзінде су құбырын тартып, орталық жылу жүйесін енгізген. Қауаз Мұқажанов басшылық етіп тұрған уақытта кеңшарда қой малын 50-60 мыңға жеткізіп, республика ғалымдарымен бірлесе отырып құйрықты қой тұқымы ішінде дүние жүзінде бұрын болмаған етті-жүнді «Дегерес» қойын өсіріп, бүкілодақтық конкурстың жеңімпазы атанады.
Міне, осындай жетістікті жемісті жылдар ішінде бірегей басшы Қауаз Мұқажанов Жәмші ауылына Бексейіт Түлкиевті де арнайы шақыртып, қаламақы төлеп, майлы бояуда бірнеше сурет салдыртыпты. Солардың ішінде Түлкиевтің тырнақалды туындысы «Көкпардың» да қайта салынған, толықтырылған нұсқасы бар. Әңгімеміздің басында айтып кеткендей, Жәмші ауылы бүгінде қазақтың ерлігі елге үлгі батырларының бірі Нұркен Әбдіровтің атында. Қылқалам шебері Жәмшіге келген сапарында Нұркен батырдың ерлікпен жау базасына өзінің жартылай өртеніп бара жатқан ұшағын бағыттаған сәтін де өз қиялында сәтті бейнелеген.
«Бұл есімді естігенде елең етпейтін қазақ жоқ. Бірақ көбі оны тек шығыс жекпе-жегінің шебері, таэквондоның майталманы екенін ғана қаперге алып, суретшілік дарынымен аса таныс емес. Әрі кетсе Мұстафа Өзтүріктің шәкірті екенін айтамыз», дейді ауыл әкімі Жантемір Есбергенов.
Бір таңғаларлығы, бүгінде Нұркен ауылының әкімі Жантемір Есбергенов те, мектеп директоры Сағындық Бәкіров те суретші. Біз айтқан «Көкпар», «Н.Әбдіров» туындыларын Бексейіт Түлкиев Жәмшіге 1989 жылы әкеліп тапсырыпты.
Түлкиевтің таңғажайып туындылары әлем болмаса да, қазақ назарына жол тартатын уақыт әлдеқашан жеткен. Оның бір ғана «Көкпарының» өзі ұлттық бояуға қанық сурет. Құнды картинадан қазақтың болмысы мен бітімі, ондағы «өмірдің өзі – көкпар» деген философияны аңғару аса қиын емес. Ұшып бара жатқан бөрік пен серке сілкілеп жүріп аттан ауып қалған қазақ жігітінің астындағы қазанат өз бетінше қарсылық қақпасында жанталасып жатуының өзі драма. Шындап келгенде «өнер – өнер үшін» ғой!
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы