Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі әлемдік БАҚ назарында

812 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында Дональд Трамппен кездесуі әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында кең көрініс тапты. Назарларыңызға шетел басылымдарында жарияланған мақалалардың ықшамдалған мазмұнын ұсынамыз.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамптың кездесуі әлемдік БАҚ назарында

The Diplomat:

Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонға келді

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонға ресми сапармен келіп, Ақ үйде Дональд Трамппен кездесті. Екі президент АҚШ пен Қазақстан арасындағы стртегиялық әріптестікті дамытуға келісті. Кездесуде сауда мен инвестиция секілді экономикалық мәселелер, Ауғанстандағы соғыс пен ядролық қару туралы тақырыптар айтылды. 

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Сауда-өндірістік палатасындағы дөңгелек үстелге қатысып, Қазақстанның техникалық жаңғыруы туралы сөйлесетінін айтты. Сонымен қатар ол 20 коммерциялық келісімшартқа қол қойды. Оның ішінде Орталық Азияда бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Chevron, ExxonMobil, General Electric және Boeing компанияларының аты аталған. 

Associated Press:

Трамп Қазақстан Президентімен Солтүстік Кореяның ядролық қаупін талқылады

АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен бірігіп Солтүстік Кореяның ядролық қаруының әлемге қауіп төндірмеуіне қарсы бірлесіп күресетінін жеткізді. 

Кездесу барысында Дональд Трамп Қазақстан АҚШ-тың маңызды серіктесі екенін атап өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әлемдегі ең ірі ядролық арсеналдан бас тартқанын еске алды. Оның айтуынша, қазір Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасын тоқтату туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Қазақстан Президенті АҚШ-пен дипломатиялық ресми қарым-қатынасы жоқ Солтүстік Корея мен Америка арасында делдал бола алатынын да атап өтті. 

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Трамптың Президент болып сайлануына 1 жыл толуымен құттықтады. 

XinhuaNet:

АҚШ пен Қазақстан стратегиялық әріптестікті дамытпақ

АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет ХХІ ғасырдағы өзара стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделі екенін айтты. Оның ішінде екі ел қауіпсіздік, сауда, инвестиция, халықаралық қатынастар бойынша саяси қарым-қатынасты нығайтпақ. 

Сонымен қатар екі мемлекет Орталық Азиядағы проблемаларды бірлесіп шешу туралы келісті. 

Ақ үйдің хабарлауынша, президенттер экстремизм мен терроризмге қатысты күресте де серіктестік қарым-қатынасты дамытады. 

Bloomberg:

SoHo Hotel Қазақстан қаржысына салынған ба?

Дональд Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесу барысында Trump SoHo қонақ үйіне Қазақстаннан инвестиция тартылған-тартылмағанын білмейтінін айтты. Сонымен қатар Дональд Трамп Қазақстан Президентімен Ақ үйде кездесу барысында оны ерекше құрметтейтінін айтты. 

Трамп 2000 жылдары қазақстандық бизнесмен басқаратын Bayrock Group LLC компаниясымен жұмыс істеген. 

46 қабатты кондоминиум 2006 жылы ашылып, 2007 жылдан бастан сатылған. Былтыр ғимараттың Trump Organization лицензиялық келісімін CIM Group жылжымайтын мүлік компаниясы сатып алған. Сол кезде Trump бренді алынып, Dominick Hotel ретінде жұмыс істей бастаған. 

Reuters:

Қазақстан Boeing ұшақтарын сатып алып, GE жаңа локомотивтерін құрастырады

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бірнеше компаниясымен 7,5 млн доллар көлемінде 20 келісімшартқа қол қойды. Оның ішінде Орталық Азияға ұшақ пен локомотив жеткізу туралы келісім де бар. 

"Келісімшарт ішінде Boeing ұшақтарын алу, Қазақстанда General Electric компаниясының 900 локомативін құрастыру қарастырылған", деді Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйдегі кездесуде. Оның айтуынша, келісімшарттардың көп бөлігі ауыл шаруашылық секторына қатысты. 

The Wall Streat Journal:

Трамп Ақ үйде Қазақ Президентімен кездесті

Дональд Трамп Қазақстан Президентіне Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасына қарсы күресте қолдау білдіргені үшін алғыс айтты. Сонымен қатар кездесуде АҚШ Президенті екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін жеткізді. Түскі астан бұрын екі президент журналистерге бірлескен мәлімдеме жасады. 

Қазақстан Президенті Ақ үйге бұған дейін 2006 жылы келген. 

Трамп АҚШ пен Қазақстанның аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту үшін бірлесіп жұмыс істеп жатқанын айтты. Сондай-ақ БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің төрағалығын бастаған Қазақстанға АҚШ-тың Ауғанстандағы күштеріне және Солтүстік Кореяның ядролық қару бағдарламасына қарсы күресте қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді.

Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес Одағы құлаған кезде Қазақстанның ядролық қарудан бас тартқанын, қазақ халқы ядролық қаруға байланысты тақырыптарды талқылауға моральдық құқығы бар екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті АҚШ пен Ресей қарым-қатынасының динамикасын жіті бақылап отырғанын жеткізді. 

Дональд Трамп Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан экономикасын нығайту әрекеттерін, 2050 жылға дейін экономикасы дамыған әлемнің ТОП-30 елдерінің қатарына қосылу жоспарын қолдайтынын айтты. Ал Қазақстан Президенті АҚШ салық кодексіндегі өзгерістерді қолдайтынын айтып, "Мен мұндай өзгерістерді 5 жыл бұрын жасағанмын" деп атап өтті. 

VOA News:

Трамп Қазақстан президентімен Солтүстік Корея туралы сөйлесті

Вашингтонға ресми сапармен келген Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-пен геосаяси және экономикалық байланыстарды нығайту керектігін айтты. 

Атлант кеңесінің ғылыми қызметкері К.Меркельдің айтуынша, Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ тақырыптары көп. "Қазақстан тәуелсіздік алған 26 жылдың ішінде Орталық Азиядағы бұрынғы Кеңес Одағына мүше болған елдер арасында ең стратегиялық және экономикалық маңызды мемлекетке айналды. Басқа 5 мемлекетке қарағанда, Қазақстанда жағдай тұрақты. Сонымен қатар бұл мемлекет көмірсутегіне бай және Қазақстан жастардың біліміне көп көңіл бөледі", дейді сарапшы. Оның айтуынша, Қазақстанның стратегиялық маңызы мен басшылық принциптерін жоғары бағалауға болады. 

Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев былтыр мамыр айында Сауд Арабиясында кездесті. Қазан айында телефон арқылы сөйлесті. АҚШ Кеңес Одағы құлаған соң Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады. 

Дайындаған

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше