Қазақстан • 17 Қаңтар, 2018

Құлсарыда жылыжай  ашылды

605 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысының Жылыой ауданында жылыжай ашылды.  Жылына 1100 тонна көкөніс өнімдерін жинауға мүмкіндік беретін  нысан екі гектар жерді алып жатыр.

Құлсарыда жылыжай  ашылды

Жаңа нысанда Құлсары қаласының тұрғындары үшін 30 жұмыс орны қарастырылған.  Мамандарды Голландияның тәжірибелі агрономдары мен технологтары дайындады. Қазіргі заманғы құрылғылармен толық жабдықталған жылыжайда тамшылатып суару әдісін қолданады.  «Атырау – Сауда» ЖШС директоры Әлімжан Байжігітовтің айтуынша,   жабдықтар  ТШО-ның мердігер ұйымдарының бірінің қолдауымен алынған. Оған 2 млн евродан астам  қаржы бөлінген. Ал құрылыстың іске асуын кәсіпкер жеке қаражаты есебінен  қаржыландырды. Алғашқы өнім бірнеше айдан кейін жемісін бере бастайды.

«Жылыжайда өсірілген көкөністердің  сапасы жоғары болады. Жаңа жабдықтарды, көшеттерге қосымша күтім жасауды, суды тазарту жүйесін, тамшылатып суаруды  қолдану арқылы оң нәтижеге жетеміз деген сенім бар. Біздің басты мақсатымыз – жергілікті өнімдердің халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету»,-деді жоба бастамашысы Әлімжан Байжігітов.

Атырау облысында жылыжай ашқысы келетін кәсіпкерлер қатары көбейіп келеді.Жақында Мақат ауданының Доссор кентінде жылыжай ашылды. Махамбет ауданында 10гектар өнеркәсіптік жылыжай салу жоспарланып отыр, ол үшін жер учаскесін бөлу инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

Атырау