Жиынды ассамблея хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов ашып, ел өмірінде бірегей қоғамдық институт ретінде қалыптасқан Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси тұрақтылықты нығайту жолындағы рөліне тоқталып өтті.
Айқын Қоңыров өз сөзінде тарихи құжаттағы жұртшылық назарына ұсынылған маңызды міндеттерді айтып берді. «Барлық салалар бойынша ілгерілеудің алғышартттары бар. Президент дамудың жаңа сапасына жетудің ұзақмерзімді мақсаттарын белгілеп берді. Алда тұрған басты талап – өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу. Ол үшін шешімін күткен мәселелерді тиянақты шеше білудің маңызы зор. Әлемнің көшбасшы елдері тәжірибесінде индустрияландыруға инновациялық сипат беру, цифрландыру жөніндегі пилоттық жобаларға сүйену, кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу – қалыпты жайт. Біз де осы үрдіс аясында биік белестерге көтерілу міндеттерін қойып отырмыз», – деді ол.
Шакир Хахазов білім саласындағы жүзеге асырылып жатқан реформалар жалғасын табатынына, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасы күшейтілетініне жиналғандардың назарын аударды. Мұғалімдерге толыққанды әлеуметтік жағдайлар жасаумен қатар ұстаздық мәртебені көтеру алғы шарт саналатынын алға тартты.
«Urpag» қазақ мәдени-ағартушылық орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаеваның айтуынша, тарихи құжат ұлттық сананы жаңғырту қағидаттарын одан әрі жүйелі жүргізуге ұмтылдырады. Бүгінгі күні озық технологиялық үдерістерді жастарымыз ерекше сезініп отыр. Сондықтан білім берудің жаңа сапасына көшу уақыт талабынан туған өміршең өзгеріс болып табылады. «Кентрон» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Геворк Геворкян қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатымен көшелерде, адамдар көп жиналатын қоғамдық орындарда орнатылған бейнебақылау қондырғылары өзін-өзі ақтаған жүйеге айналғанын айта келіп, жол-көлік патрульдік қызмет өкілдері көлік жүргізушілерді негізсіз тоқтатпаса екен деген тілегін жеткізсе, ардагер ұстаз Раиса Полищук тарихи құжат «Қазақстан-2050» Стратегиясының, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының заңды жалғасы саналатынын нақты мысалдармен түйіндеді.
Халық қалаулыларының қоғамдық қабылдауында жекелеген азаматтардың өтініш-ұсыныстары мұқият тыңдалып, шешу жолдары белгіленді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы