Биылғы жылдың алғашқы күндерінен бастап электронды үкіметтің www.egov.kz порталында жаңа композиттік қызмет пайда болды. Қызметтің атауы – «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, банктік шот ашу және өзінің еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан жұмыскерді міндетті сақтандыруды ескере отырып олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу».
Аталған қызметтің артықшылығы жөнінде айтар болсақ, осы уақытқа дейін азамат заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге тұрғызғаннан кейін банктік шот ашу үшін мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы анықтаманы банкке апаруы міндетті шарт еді, бұдан бөлек, жұмыскерлерді міндетті сақтандыруға алу үшін сақтандыру компаниясына баруы қажет болатын. Ал енді біріккен жаңа композиттік қызметтің арқасында азаматтарға екі күннің ішінде (өтініш берген уақытты есептемегенде) заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеуге алынғаны туралы куәлікті, банктегі шоттың нөмірін, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы қол қойылған келісімшартты алу мүмкіндігі туды.
Бұл қызметті пайдалану жолдарын түсіндіре кетсек, заңды тұлғаны тіркеу барысында пайдаланушы eGov.kz порталында заңды тұлға туралы келесі ақпаратты толтырады: заңды тұлғаның атауы, қызметкерлер саны, жетекші мен құрылтайшы туралы мәлімет және т.б. Сонымен қатар барлық құрылтайшылардың алдын ала электронды үкіметте тіркелуі (ЭЦҚ болуы) шарт екенін еске саламыз, себебі пайдаланушының жеке кабинетіне заңды тұлғаны тіркеуге алу туралы өтінішке қол қоюға сұрату келеді.
Одан әрі осы жаңа қызметтің шеңберінде пайдаланушыға банктік шот ашуға және қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтау туралы келісімшарт бекіту ұсынылады. Ол үшін пайдаланушы берілген тізімнен банк пен сақтандырушы компанияны таңдап, бенефициарларды, қол қоюға құқылы тұлғаларды көрсетіп, сауалдаманы толтырып, eGov.kz-те көрсетілген құжаттарды тіркеу керек.
Бүгінгі таңда аталған композиттік қызметке екі банк – «ForteBank» АҚ және «Цеснабанк» АҚ, сонымен қатар «Мемлекеттік аннуитеттік компания» өмірді сақтандыру компаниясы» АҚ қосылды.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі «Электронды үкіметті» және мемлекеттік қызметтерді дамыту департаменті директорының орынбасары Назгүл Бажаева хабарлағандай, жаңа композиттік қызметке қосылатын банктер мен сақтандыру компанияларының саны өседі, сондай-ақ азаматтардың жайлылығы мен еліміздегі бизнес-климаттың жақсаруы үшін биылғы жылы бірнеше жаңа қызмет жүзеге асырылады. Сонымен қатар Н.Бажаеваның пікірінше, жаңа қызмет Қазақстанның халықаралық «Doing Business» рейтингіндегі позициясын арттыруға себеп болады.
Естеріңізге сала кетейік, Дүниежүзілік банктің «Doing Business» атты рейтингінде Қазақстан кәсіпорындарды тіркеу, электрмен жабдықтау, меншікті тіркеу, келісімшарттардың орындалуын қамтамасыз ету критерийлері бойынша көрсеткіштерін жақсартып, 36-орында тұр.
Дайындаған
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»