Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

Үржарда сары ауру 12 адамда анықталды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз уақыт бұрын облысымыздың Үржар ауданының Шолпан ауылында бірнеше баланың сары ауруға шалдыққаны, яғни А вирустық гепатиті ауруын жұқтырғаны туралы ақпарат тараған болатын.

Үржарда сары ауру 12 адамда анықталды

Ауыл тұрғыны Индира Жәнібекова республикалық телеарналардың біріне берген сұхбатында 2017 жылы 14 желтоқсанда көз жұмған 11 жастағы қызы аудан дәрігерлерінің салғырттығынан ауруын асқындырып алып, осы аурудан қайтыс болғанын айтқан еді.

Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігері Жексенбай Тілеуберлин қайғылы оқиғадан кейін ауылдағы 139 оқушыға екпе жасалғанын, 800-ге жуық тұрғыннан сараптама алынғанын, бұл аурумен 49 адам тіркеліп, олардың 25-і ауруханада ем қабылдағанын, баланың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізген еді.

Алайда 16 қаңтар күні осы жағдайға байланысты арнайы брифинг өткізген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Райфа Сафиоллинова А вирустық гепатиті 49 балада анықталды деген деректі жоққа шығарып, көз жұмған оқушы жоғарыда аталған вирустық сырқаттан емес, бауыр некрозынан қайтыс болғанын мәлімдеді.

«Барлығы 46 бала тексеруден өткен, оның 25-і диагностикадан өту үшін Үржар аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөліміне жатқызылған. Соның тек 12-сінде аталған диагноз дәлелденген. Оның 11-і - оқушы, біреуі үш жастағы бала. А вирустық гепатиті 2017 жылдың қыркүйек айынан бері әртүрлі айларда ара-тұра тіркеліп отырған.  Ауырған адамдармен байланыс жасаған балалардың барлығына вакцинация жасалып, Шолпан ауылында 140 адамға екпе салынды. Мектепте, үй ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді», деді басқарма басшысының орынбасары.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы