Жекпе-жек • 18 Қаңтар, 2018

Қазақстандық спортшылар Абу-Дабиден олжалы оралды

469 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде өткен джу-джитсудан Grand Slam World Tour халықаралық  турнирінде бақ сынаған отандастарымыз   олжалы оралды. 

Қазақстандық спортшылар Абу-Дабиден олжалы оралды

Ел намысын қорғаған 17 спортшының он екісі «Қазақстан Топ Тим» клубының өкілдері. Бразилиялық джиу-джитсу және грепплингтен ел федерациясының атқарушы директоры Мигель Мамырбаевтың айтуынша, бұл турнир ауқымды әрі беделді спорттық шаралардың бірі саналады.

Спортшыларымыз ел қоржынына 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль салып жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтижеден көрінген. Айдар Түлейбаев, Ядгар Қасымов, Мигель Мамырбаевтар жеңіс тұғырынан көрініп чемпион атанса, Арлан Шабдарбаев, Ержан Естанов, Мұхамедияр Құдайқұлов және Османжан Қасымов күміс медальды еншіледі. Ал  Төлеген Құмаров пен Батыр Мұратұлы   қоланы қанағат тұтып жарыс жүлдегері атанды.

– Турнир керемет өтті, барлығы жақсы ұйымдастырылған. Бар күш-жігерімізді салдық. Дегенмен төрешілер тарапынан болған әділетсіздіктерді де айтпай кетуге болмас. Біздің команда кіл мықтылардан құралған. Сондықтан, олардың әділетсіздігі боз кілем қожайындары мен біздің спортшылардың белдесуі кезінде байқалды. Жалпы, көрсеткен нәтижеміз  жаман емес, – дейді турнирдің күміс жүлдегері Османжан Қасымов.

Айта кетер жайт, Grand Slam халықаралық турнирінің келесі кезеңі наурыз айының 10-ы мен 11-і күндері  Лондонда өтеді. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»    

АЛМАТЫ