Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

Ақтауда 2,1 млрд теңгеге экоқалашық салынады

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының әкімдігінде Ақтау экоқалашығын салу және қаржыландыру туралы келісімге қол қойылды.

Ақтауда 2,1 млрд теңгеге экоқалашық салынады

Маңғыстау облысының экономикалық дамуының басым бағыттары: көлік және логистика, құрылыс, туризм, агроөнеркәсіп кешені, сондай-ақ теңіз бағытының дамуында жетекші рөл атқаратын мұнай кен орындарының қызмет көрсету саласы. Өндірісті құру және іске қосу үшін барлық жағдай жасалған және өңірде «Ақтаутеңізпорты» АЭА жұмыс істейді. Индустриалды аймақ құрылған.

Тараптар Маңғыстау облысындағы Ақтау экоқалашығының ірі жобасын әзірлеу үшін құрылыстың бас мердігерін және қаржыландыру құрылымын тағайындайды. Келісімге сәйкес, инвестиция көлемі Ұлыбритания тарапынан 2,1 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі жобаның 100% -ын, ал қытайлық тарап 400 миллион долларға банктік кепілдікті қамтамасыз етеді. Жобаны жүзеге асыру үшін Маңғыстау облысының әкімдігі облыс орталығының солтүстік бөлігінен 865 гектар жер бөледі. Мұнда қолжетімді баспана, коммерциялық және сауда орталықтары, мектептер, балабақшалар мен медициналық орталықтар салынады.

Сонымен қатар, IT парк, қонақ үй брендтері, спорттық стадиондар, ойын-сауық мекемелері және түрлі мемлекеттік қызметтер, заманауи энергетикалық/экологиялық таза технологиялармен тасымалдау қызметтері көрсетілетін экоқалашық әлемдік саяси аренада еліміздің беделін өсірген «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің жалғасы болмақ. Ақтау қаласының әкімдігі инфрақұрылымды, оның ішінде жолдарды, энергиямен жабдықтауды, кәрізді және сумен қамтамасыз етуді өз міндетіне алады. Жаңа жоба үшін келісім  ұлыбританиялық «Global Project Capital Ltd» компаниясының бас директоры Кеннет Фультон және AAG Corporate Services Ltd (Ұлыбритания) компаниясының бас директоры Ричард Балаес, China Road and Bridge Corporation (CRBC) (ҚХР және Гонконг) бас директоры Жанг Джун, сондай-ақ  Маңғыстау облысының әкімдігі арасында жасалды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы