Аймақтар • 18 Қаңтар, 2018

ОҚО-да «Оңтүстік қолөнершісі» жобасы жүзеге асырылады

394 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Оңтүстікте 7 мың адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолдау жоспарланып отыр. Соның ішіндегі маңыздысы - «Оңтүстіктің қолөнершісі» курсы болмақ.

ОҚО-да «Оңтүстік қолөнершісі» жобасы жүзеге асырылады

Аталған курсқа қатысушыларға ай сайын 16 759 теңге көлемінде стипендия төленеді. Сондай-ақ, басқа елді мекеннен келушілерге жол жүру ақысы ретінде 9 620 теңге, тұрғын үйді жалдауға 12 025 теңге төленетін болады. Курсты үздік бітірген 20 түлекке облыс әкімінің арнайы гранты ретінде 240 мың теңге тағайындалып отыр. Жалпы Оңтүстік Қазақстан облысында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Оңтүстік қолөнершісі» пилоттық жобасы бойынша 300 қолөнерші 3 айлық мерзімді оқумен қамтылатын болады. Ұстаздарға да жалақы төленеді. Мысалы, мамандарды оқытумен айналысатын қолөнер шеберлеріне әр оқушыны оқытқаны үшін ай сайын 30 мың теңгеден төленбек. Дипломы бар қолөнер шеберлері сабақ беруге немесе тәжірибелік тәлімгер шебері ретінде жұмысқа тартылатын болады.

Шымкент қаласындағы Бейсбековтер отбасылық жеке «Алтын Орда» галереясының жұмысымен танысу барысында облыс жоба бойынша қолөнерге барынша қолдау көрсетілетінін атап өтті. «Алтын Орда» галереясының шеберханаларында алаша, кілем, тері, зергер, керамика, тоқыма бұйымдары қойылған қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды.

– Ұлттық өнерімізді ұлықтайтын мұндай ерекше жоба Оңтүстік өңірінде облыс әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен алғаш рет қолға алынып отыр. Рухани жаңғыру аясында жүзеге асатын бұл жоба қазақтың ата кәсібін, салт-дәстүрін насихаттауға керемет мүмкіндік туғызады. Туризмді дамытуға да тікелей ықпалы тиеді. Бастаманың нәтижесінде небір талантты шебер жастардың өсіп шығатынына сенімім кәміл, - дейді Қазақстан Қолөнер шеберлері одағының облыстық филиалының төрағасы Болатбек Бейсбеков.

Ғалымжан Елшібай,

«Егемен Қазақстан»