Қазақстан Boeing ұшағын сатып алып, GE локомотивтерін құрастырмақ - The New York Times
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бірнеше компаниясымен 7,5 млн доллар тұратын келісімшарттарға қол қойды. Оның ішінде Орталық Азияға жолаушылар ұшағын тасымалдау мен Қазақстанда локомотив құрастыру туралы келісім де бар.
«Келісімшарт бойынша біз Boeing-тен ұшақтар алып, General Electric компаниясының локомотивтерін Қазақстанда құрастыратын болдық», деді Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде Дональд Трамппен кездесу кезінде.
Қазақстан Президентінің айтуынша, ауыл шаруашылығы секторына инвестиция тарту бойынша да бірнеше жоба қарастырылған.
Трамптың Қазақстан Президентімен кездесуі не үшін маңызды? - The Heritage Foundation
Ақ үйде Дональд Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Бұл – олардың екінші рет кездесуі.
АҚШ 1990 жылдан бастап Қазақстанмен жақсы қарым-қатынас орнатқан. Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары барысында АҚШ-тың Орталық Азияның геосаясаты мен экономикасын назарда ұстайтыны байқалды.
АҚШ-тың Ауғанстандағы терроризмге қарсы күресінде Орталық Азия маңызды рөл атқарады. Бірақ Барак Обама кезінде Американың Орталық Азиямен байланысы әлсіреді. Енді АҚШ аймақпен стратегиялық қарым-қатынасты нығайтқысы келеді. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың Ақ үйге келуі – бұл мақсатты жүзеге асыру үшін таптырмайтын мүмкіндік.
Қазақстан – Еуразия жүрегінде орналасқан, экономика, қауіпсіздік, терроризммен күрес, энергетикалық мәселелер бойынша Орталық Азиядағы көшбасшы мемлекет. Ал Америка Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен әріптестіктің маңызды екенін біледі.
Қазақстан Сирия бойынша Астана процесі келіссөздерін өткізіп, қантөгісті тоқтатуға тырысты. Бұл – өте үлкен еңбек және басқа мемлекеттерге жақсы үлгі боларлық әрекет.
АҚШ Қазақстанмен әріптестікті дамытуға мүдделі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының маңызы зор.
Нұрсұлтан Назарбаев Трампты Қазақстанға шақырды - XinhuaNet
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үй басшысы Дональд Трамппен кездесіп, екіжақты әріптестікті нығайту туралы сөйлесті. Кездесу барысында Ауғанстан мәселесі туралы айтылып, Солтүстік Кореяның ядролық қаупі сөз болды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампты Қазақстанға шақырды.
Дональд Трамп Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететінін атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен халықаралық проблемаларды талқылағанын айтты. Сонымен қатар екі мемлекет ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріптестік туралы бірлескен мәлімдеме жасады.
Айта кету керек, АҚШ пен Қазақстан арасындағы сауда айналымы 2016 жылы 1,9 млрд долларға жетті. Сондай-ақ кездесу барысында Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық байланыстарды нығайта түсу керектігіне тоқталды.
7,5 млн долларға жасалған келісімшарт негізінде енді Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет Boeing 737 MAX 8 ұшағын алады. Сонымен қатар Air Astana ұлттық әуе компаниясының 2021 жылы Boeing 787 Dreamliners ұшағын алуды жоспарлап отырғаны айтылды. ҚТЖ мен General Electric 900 млн доллар тұратын екі келісімшартқа отырды. АҚШ пен Қазақстан цифрлы инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қаржы, космосты игеру мен денсаулық сақтау салалары бойынша да әріптестікті нығайтуға келісті. Сондай-ақ АҚШ – Қазақстан тікелей әуе рейсін ашу да жоспарланғаны айтылды.
Дайындаған
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»