17 Қараша, 2011

Саяси науқан басталды

475 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында Комиссия мәслихаттар депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындады және алдағы Мәжіліс депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті. Парламент Мәжілісі депутат­та­ры өкілеттігінің парламен­та­рий­лердің өздерінің бастамашы­лы­ғымен мерзімінен бұрын тоқ­та­тылуына байланысты Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен партиялық тізімдер бойынша сай­ланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сай­лауын 2012 жылғы 15 қаң­тар­ға, ал Қазақстан халқы Ассам­блея­сы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сай­лауын 2012  жылғы 16 қаңтарға тағайындағаны белгілі. «Сайлау туралы» Заңның 87-бабы 5-тармағына сәйкес пар­тиялық тізімдер бойынша сай­ла­на­тын Парламент Мәжілісі де­пу­таттығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қарашадан бас­тал­ды. «Сайлау туралы» Заңға сәйкес партиялық тізімдер бой­ынша сайланатын Парламент Мә­жілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәр­тіппен тіркелген саяси пар­тия­ларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл науқанға қатыса алмайды. Өйткені, сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатыл­ған еді. Бұл ретте сайлау ко­миссияларының Қазақ­стан­ның Коммунистік партия­сы­ның ұсынымы бойынша сай­ланған мүшелері өздерінің жұмысын жалғастыратын бо­лады. Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін азамат Конс­ти­туцияның 51-бабы 4-тар­ма­ғы­мен белгіленген талап­тар­ды қанағаттандыруы, сон­дай-ақ Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тар­мақ­та­рына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс. Осы­лайша, жасы 25-ке тол­ған, Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның азаматтығында тұ­ра­тын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұ­рып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп та­ныған, сондай-ақ сот үкі­мі­мен бас бостандығынан айы­ру орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқығы жоқ. Біртұтас жалпыұлттық сай­лау округінің аумағы бой­ынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды пар­тия­лық тізімге енгізу саяси пар­тияның жоғары органы мү­шелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүр­гізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы сая­си партияның мүшелері болып табылмайтын адам­дар­ды кіргізуге құқығы жоқ. Саяси партияның жоғары ор­ганының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге ке­лісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау ко­миссиясына жіберіледі. Саяси партиялар тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттама­сы­нан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады. Отырыста сондай-ақ Ор­талық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәс­лихаттарының кезекті сай­лауын 2012 жылғы 15 қаң­тарға тағайындау және тиісті Күнтізбелік жоспарды бекіту туралы қаулы қабылдады. Ортсайлаукомның төр­аға­сы Қ.Тұрғанқұлов оты­рыс­тан соң болған брифингте: «Мәлихаттар депут­аттары­ның кезекті сайлауын пар­тиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мә­жілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауымен қатар өткізу туралы шешім қабыл­дай келе, біз заңның сай­лау­ды тағайындау мен өткізуге қатысты нормаларын, сон­дай-ақ бұл сайлаулар Президент сайлауымен және Парламент Сенаты депутат­та­ры­ның сайлауымен бір мезгілде өткізіле алмайтыны ту­ра­лы талаптарын толық сақтап отырмыз», – деді. Ортсайлауком қабыл­да­ған Күнтізбелік жоспарға сәй­кес бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау учас­ке­лерінің шекаралары ту­ралы, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының құ­рамы туралы ақпарат 23 қарашадан кешіктірілмей, ал мәслихаттар депутаттарын сай­лау бойынша сайлау ок­ругтерінің тізімі, олардың шекаралары мен орналасқан жері, аумақтық және мәс­ли­хаттар депутаттарын сайлау бойынша округтік сайлау комиссияларының құрамы 26 қарашадан кешіктірілмей жариялануы тиіс. Ал сайлау науқанының негізгі кезеңдері мына мерзімдерде өтетін болады: пар­тиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мә­жі­лісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында кан­ди­даттарды ұсыну 16 қара­шадан 5 желтоқсанға дейін жүреді. Партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі. Мәслихаттар де­путаттарының кезекті сай­лауы­на кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан арасындағы ке­зеңде өтеді. Бұл ретте мәс­лихаттар депутаттығына кан­дидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген рес­публикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сон­дай-ақ олардың құрылым­дық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен азаматтар жүзеге асырады. Қазақстан халқы Ассам­блеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рә­сімдерінің мерзімі пар­тия­лық тізімдер бойынша сай­ла­натын Парламент Мә­жі­лісі депутаттарының сай­лауы үшін анықталған мерзімдермен сәйкес келмейді. Заң бұған жол береді. Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мә­жі­лісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 16 желтоқ­сан­да басталады. Қазіргі уа­қыт­та Орталық сайлау комис­сия­сы барлық қажетті кадр­лық және материалдық ре­сурс­тарға ие. ОСК сайлауды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азамат­тар­дың және барлық сайлау үде­рісіне қатысушылардың өздерінің конституциялық құ­қығын ерікті әрі тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге дайын. Жуық арада Үкі­мет сайлау науқанының қар­жылық мәселелерін шешетін болады. Ортсайлауком сайлау нау­қандарын әзірлеу мен өт­кізуге қажетті сайлау құжат­тарының үлгілерін де кешегі отырысында бекітті. Барлық деңгейдегі сайлау комис­сия­лары толығымен жасақ­тал­ған және жұмысқа қабілетті. Жыл бойы тағы 42 учаскелік сайлау комиссиясы құры­лып, олардың құрамы сай­лан­ған. Жақында Сыртқы істер министрлігіне халықара­лық байқаушылар инсти­ту­тын ашу туралы хат жол­да­на­тын болады. Сайлау заң­на­масына сәйкес шетмемлекеттер мен халықаралық ұй­ымдардың байқаушыларын ак­кредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша 2012 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізеді. Брифинг соңында болуы мүмкін мәселелердің алдын ала отырып, Қ.Тұрғанқұлов «Сайлау» автоматтанды­рыл­ған ақпараттық жүйесінің бұл сайлауда пайдаланыл­май­тынын айтты, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құрал­да­рының өкілдерін жақын арада Орталық сайлау комис­сия­сының тұрақты жұмыс істейтін баспасөз орталы­ғы­ның ашылатыны туралы да хабардар етті. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.