Аймақтар • 19 Қаңтар, 2018

Маңғыстаулық ұстаздар баспаналы болды

310 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді.

Маңғыстаулық ұстаздар баспаналы болды

Ерлан Сағадиев пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ш.Есенов атындағы КМТжИУ профессорлары мен оқытушыларына арналған 75 пәтерлік үйдің ашылу рәсіміне қатысып, 10 ұстазға жаңа пәтердің кілтін берді.

«Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында педагогтар алдында білім беру мен ғылымды дамыту бойынша нақты міндеттер қойылғаны баршамызға мәлім. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алғаш рет облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жасыл мектебім – жасыл мекенім» атты жобасын іске қостық. Жоба аясында кезең-кезеңімен барлық мектептерде жылыжайлар салынып, мектеп аулалары көгалдандырылатын болады. Аймақтың климаттық ерекшелігіне байланысты қолға алынып отырған бұл жоба  меценаттар тарапынан қолдау тапты», деді аймақ басшысы Ералы Тоғжанов.

«Елбасы Жолдауындағы көрсетілген міндеттердің арасында білім саласына арналған бірқатар тапсырма бар. Әрине оның бәрін ұйымдастырып, орындау үшін ұстаздардың мәртебесін көтеру керек. Міне бүгін де оларға көрсетілген қамқорлық пен ілтипаттың куәгері болып отырмыз. Жаңа қонысты болған ұстаздарды  министрліктің атынан құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын!» деді құттықтау сөзінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында мектептер 90% кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілді. Осы жылдың соңына дейін интернетпен қамту мәселесі толықтай шешіледі. Министрлік тарапынан 600-ден астам мұғалім ағылшын тілі курстарынан өтіп, жергілікті бюджет қаржысына 300 ауыл мұғалімі ағылшын тілін меңгеруде. Қаңтар айынан бастап оқушыларға өз кәсібін ашуды үйрету мақсатында облыстың 30 мектебінде кәсіпкерлік негіздері  жаңа жобасын  басталды. 

Министр Маңғыстау облысының жоғары оқу орындарының академиялық кеңестерімен кездесіп, Елбасының «Төртінші индустриалды революция жағдайында жаңа даму мүмкіндіктері» Жолдауын талқылады.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»