Қазақстан • 19 Қаңтар, 2018

Алматыда Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды

443 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы талқыланды. Бұл туралы Қыздар Университетінің Баспасөз орталығы хабарлады.

Алматыда Мемлекет басшысының Жолдауы талқыланды

Педагогикалық оқу орнының профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қатысқан алқалы жиынды оқу және тәрбие істері жөніндегі проректоры Абай Құрманқұлов ашып, жүргізіп отырды.

– Президент биылғы Жолдаудың «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші басымдығында білім берудің жаңа сапасы туралы кеңінен айтып, отандық жоғары оқу орындарының алдына тың міндеттер қойды. Онда педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттігі жайында, еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамытуға тоқталды. Сонымен қатар, білім берудің барлық деңгейінде математика мен жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту қажеттігіне де назар аударылды. Қорытындылай келе, жаңа Жолдау Мемлекет басшысының өткен жылдың қаңтарында жария еткен Үшінші жаңғыру басымдықтарымен, сондай-ақ, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласымен етене сабақтас. Президенттің биылғы Жолдауы бізді жігерлендіреді және келешек үшін жауапкершілікті арттырады, – деді ол.

Адами капиталдың сапасын арттыру – мемлекет дамуын қамтамасыз етудің негізгі алғышарты. Қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагог кадрларға тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы Жолдаудың жетінші негізгі міндетінде білім беру жүйесінің барлық деңгейі заман шындығы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиіс екендігін және бұл арада мұғалім мамандығының беделін арттыру қажеттігін алға тартты. Осыған орай басқосу барысында маңызды құжат туралы оқу орнының профессор-оқытушылары да сүбелі ойларын қосып, пайымды пікірлерімен бөлісті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тыныштық Ермекова «Жаңа Жолдау және рухани жаңғыру: сабақтастық пен жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама жасап, жарқын белестерге жетелейтін стратегияның басым бағыттарына тереңірек тоқталды. Ал, Педагогика-психология факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сайра Жиенбаева Елбасы Жолдауы мектепке дейінгі тәрбиенің жаңа бағытта дамуына серпін беретіндігі жайында әңгімеледі.

– Бізде қазірдің өзінде оларды мектепке дейінгі білім беру ісіне тарту саласында жақсы нәтижелер бар.  Мектепке дейінгі білім берудегі  мемлекет-жекеменшік серіктестігінің үлгісі салмағын арттырды. Жобада төртінші басымдық – адами капитал сапасын жақсарту деп мектепке дейінгі білім беруден бастауды басты назарда болуында. Балаларды ерте жастан мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтудың қажеттігін ескертеді. Осы жастағы балалардың дамуындағы сензитивтік кезеңдігі, қазіргі балалардың дамуының өте қарқындығы, қабылдау бейімділігінің тездігін ескеріп,  жеткіншектердің өздігімен дамуына мүмкіндік жасауды, еркін дамуын қолдайды. Әрбір жастың білім алуға, қоршаған ортаны тануға бейімін, өздігімен дамуына, сыни тұрғыдан ойлауын дамытуды нақ осы кезеңнен бастау тиістігі меңзейді.  Бізді ерекше қуантатыны, ойы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен 2020 жылға қарай жүз пайыз қамту мәселесін мемлекет пен бизнес бірлесе шешуді жалғастыру жалпыұлттық міндеттердің бірі деп көрсетеді.  Халқының болашағы бүгінгі өскелең ұрпақ деп білген Елбасы саясаты өміршең, жаңа жағдайда дамуға мүмкіндік беретіне сеніміміз зор. Бұл міндеттерді биік жауапкершілікпен орындау бізге жүктелген мәртебелі міндет, – деп атап өтті С. Жиенбаева.

Сондай-ақ, басқосу барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Руда Зайкенова «Ұлттық мәдениетіміз бен идеологиямызды жетік  меңгеру – рухани жаңғырудың кепілі», педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Мария Есенова «Адами капиталын дамыту негізі – сапалы білім беру», Жаратылыстану факультетінің аға оқытушысы Әділхан Мәуи «Жетінші бағыт. Адами капитал – жаңғыру негізі», педагогика ғылымдарының кандидаты Мариям Мұқашева «Білім басты бағдар» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Басқосуда сөз алғандардың пайымынша, Мемлекет басшысы ұсынған елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамытуға арналған 10 негізгі міндет Қазақстан дамуының жаңа бағытын көздейді. Бұл бүгінгідей алмағайып уақытта қоғамның мүддесі мен негізгі мақсатын ескеретін стратегиялық тұрғыдан маңызды құжат.