18 Қараша, 2011

Ел еңсесі биіктей береді

299 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Өскеменде облыс әкімі Б.Сапар­бае­в­тың қатысуымен «Алғашқы нарықтық реформалардан индустриялық-иннова­ция­лық жаң­ғыр­туға. Шығыс Қазақстан облысының Тәу­елсіздік жылдарындағы дамуы» атты дөң­ге­лек үстел өтті. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай өткізілген басқосуға Қазақстанның гума­ни­тар­лық-саяси конъюнктура орталығының президенті Есенжол Алияров, саясаттанушы Айдос Сарым, облыстағы саяси партия­лар­дың, этномәдени бірлестіктердің, мемлекеттік емес ұйымдар мен діни конфесс­ия­лар­дың өкілдері қатысып, тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, көпұлтты халқымыздың тамыры терең рухани бірлігі мен татулығын ны­ғай­тып, мемлекет экономикасын дамытудың, қоғамдағы саяси тұрақтылықты сақтаудың, халықтың демографиялық өсімін ұлғайтып, денсаулығын, әл-ауқатын одан әрі артты­ру­дың жолдары мен басым бағыттарын әңгіме арқауы етті. – Бүгінгі шара өткенімізді саралап, бо­лашағымызды бағдарлап, неге жеттік, нені қолға алуымыз керек деген сауалдарға жауап іздеу мақсатында тәуелсіз еліміздің, оның бір құрамдас бөлігі – Шығыс Қазақстанның дамып, өркендеуі үшін қолға алынуы қажет маңызды міндеттер жөнінде ой қозғап, пікір алмасу үшін өткізіліп отыр. Еліміздің индус­триялық-аграрлы аймағы болып отырған біздің өңірде 20 жыл ішінде экономика қар­қыны бүкіл еліміздегідей 5-7 пайызға өсіп, 8,5 есеге артты, өңірлік жалпы өнім көлемі қазіргі күні 1 триллион 280 миллиард тең­гені құрады. Еліміздің индустриялық-инно­вациялық даму бағдарламасы аясында ин­дус­трияландыру картасына облыстан 605 миллиард теңгенің 37 жобасы еніп отыр. Өткен жылы соның 12-сі жүзеге асырылса, биылғы жылдың аяғына дейін 47 миллиард теңгенің жобасы іске қосылмақ. Өңірдің ауыл шаруашылығы да қарқынды даму үстінде. Құрғақшылыққа қарамастан күзде астық түсімі гектарынан 12 центнерден ай­на­лып, 600 мың тонна астық жиналды. Ауыл шаруашылығы саласында марал мен омарта шаруашылығын өркендетуге де үлкен мән берілуде. Әлеуметтік-мәдени нысандар жа­ңар­тылып, жұмыстары жетілдірілуде. Бір ғана мысал келтірейін, қазіргі күні облыста 37 жаңа мектеп салынуда. Келер жылы аймақта бірде-бір апаттық жағдайдағы мектеп болмайды. Өңір экономикасының өркен­деп, дамуы нәтижесінде 20 жылда халықтың табысы 10 есеге артты, – деді жиынды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Бүгінгі күні облыста жұмыссыздық дең­гейі еліміздегі жалпы орташа көрсеткіштен төмен болып (республикалық көрсеткіш – 5,4), 5,1 пайызды құрап отыр. Республи­ка­лық «Жол картасы» бағдарламасы аяқталға­ны­мен облыста өзінің «Жол картасы» жалға­суда. Оған облыстық бюджеттен 3,7 миллиард теңге бөлінген. Облыс орталығы Өскеменде ашылған республикадағы ең алғашқы этноауыл да Шығыс Қазақстанда тәуелсіз елімізді, жерімізді мекен еткен ұлттардың өткені мен бүгінін қадірлеп, қарапайым халықтың салт-дәстүрі мен өмірін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуді көздеуден, достық пен татулықты ту етуден туған іс, тамаша мәдени-тарихи нысан. Дөң­гелек үстелде Қазақстанның қо­ғам­­дық саяси дамуы кезеңдеріне тоқталып, жас мемлеке­ті­міздің экономикалық, саяси тұрақты ел бо­луы Отанымызды мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығынан бастау ала­тындығын айтқан Қазақстанның гуманитар­лық-саяси конъюнктура орта­лы­ғы­ның президенті Есенжол Алияров сол ізгі мақсаттарға жетуде Өскемендегі осындай этноауылдың, аймақта жұмыс істеп жатқан ұлттық мәдени орталықтардың алып отыр­ған орны, көтеріп отырған жүгі ерекше екендігін жеткізді. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап бірнеше жыл бойы бұғаулап, тұралатқан эко­номикалық, қаржылық қиындықтарды же­ңіп, өндірісі өркендеп, елі мен жері көркей­іп, гүлденген, атын төрткүл дүние мойы­н­даған Қазақстан 20 жылда танымастай бо­лып өзгерді. Мемлекетіміздің өңірлерін өр­кен­дету, экологиялық ахуалды, халықтың денсаулығын оңалту, жұмыссыздықты азайту, ұлтымыздың болашағын баянды ету жолында әлі талай шаруалар күтіп тұр. Сөз алған саясаттанушы Айдос Сарым, Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық универ­си­тетінің профессоры Евгений Григорьев, тағы да басқа қатысушылар сол мұраттарға же­тудің егжей-тегжейіне тоқталып, өздері­нің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.