Аймақтар • 21 Қаңтар, 2018

Биыл Өскеменде 30 аула абаттандырылады

585 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2018 жылы Өскеменде 30 аулаға абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Биыл Өскеменде 30 аула абаттандырылады

«Менің аулам» бағдарламасы аясында атқарылатын бұл жұмыстар асфальт төсеу, жарықтандыру, көлік тұрақтары мен балалардың ойын алаңын реттеу, жаяу жүргіншілер жолын жөндеу және көгалдандыруды қамтиды. Сондай-ақ жуылған кірді ілетін алаңқайлар мен аула алаңдарына қоршаулар орнатылып, қоқыс жинауға арналған контейнерлер алаңы жасалады.

Айта кететін жәйт, қала тұрғындары өздері тұратын аулаға қажетті абаттандыру жұмыстарын өздері анықтайды. Осыған орай аулаларды іріктеу тәртібі мен басымдығын анықтау үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Өз кезегінде облыс әкімі Даниал Ахметов бұл мәселені асықпай шешуді жөн көрді.

«Бұл жұмыстарды жалған бәсекелестікке айналдырып, асығыс шешім қабылдаудың қажеті жоқ. Бұл адамдардың өмір сүру сапасына әсер ететін жұмыс. Мен нақты міндет қойып отырмын. Ең бастысы бөлінген ақшаны игеріп, жоғары сапалы жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет», - деді аймақ басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің таратқан мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта қаланың барлық шағын аудандарынан «Менің аулам» жобасына қатысу үшін 90 өтініш түскен, оның ішінде 30 ауланы ағымдағы жылы қамту жоспарланып отыр. Өткен жылдың тәжірибесі көрсеткендей, бір ауланы күрделі жөндеу үшін 1,5 ай уақыт керек.

Айта кетейік, облыс орталығында 946 аула бар, оның 311-і күрделі жөндеуге мұқтаж.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»