Премьер-лигада ойнайтын 12 клубымыз бар. Солардың ішінде тек төртеуі ғана бапкер ауыстырған жоқ. 2018 жылдың басында Станимир Стойлов «Астанадан» кетіп қалуы да ғажап емес еді. Алайда болгар бапкері өз орнында қалды. Екіншісі – «Қайратты» өткен жазда қабылдаған испан маманы Карлос Алос және «Қайсар» бапкері Стойчо Младенов. Сонымен қатар «Ақтөбе» өткен жылғы бапкері Владимир Мұқановқа сенім артып отыр. Ал қалған 9 командамыз түгелімен бапкер ауыстырды.
Енді мына қызыққа қараңыз, 12 клубтың тек 3-еуінде ғана қазақстандық бапкер. Қостанайдың «Тобылында» Владимир Никитенко, «Атырауда» Вахид Масудов, талдықорғандық «Жетісуда» Дмитрий Огай. Қалған 9 командада түгел сырттан келген шетел азаматтары. Ол ол ма дерсіз, жалпы 12 командамыздағы бас бапкерлердің 4-еуі болгариялық. Олар, әрине, жалғыз емес, қастарына кем дегенде 3 көмекшіден ертіп келген. Петропавлдың «Қызылжарында» Никола Спасов, қызылордалық «Қайсарда» Стойчо Младенов, шымкенттік «Ордабасыда» Георгий Дерменджиев, «Астанада» Станимир Стойлов. Қайта павлодарлық «Ертістің» бапкері Димитар Димитров отанына қайтып кетті, әйтпесе бұл тізіміміздің саны 5-еу болушы еді. Міне, осылайша Қазақстан футболы қазір болгариялық тәсілмен тыныстап тұр десек, артық емес. Болгария чемпионатының көлеңкесіне айналдық. Енді ақыры бастадық қой, қалғандарын да айта кетейік, кімдер екенін. «Ертісті» испаниялық жас маман Жерар Нус қабыл алды. Бұл бапкер де Бородюк секілді үнемі ассистенттік қызметте жүріпті. Жеке-дара бапкер ретінде шешім қабылдауы қалай екенін алғашқы турлардан байқаймыз. Жалпы, ешкімге таныс емес, жұмбақ адамдарды біздің клубтардың басшылары көзді жұмып тұрып жұмысқа ала бере ме деп ойлаймыз. Таңғалатын түгі жоқ. Талайын көрдік. Қайсыбір жылдары алаяқ бапкерлерді де көзіміз шалды. Клубты белшесінен қарызға батырып, шетелге клубтың телефонымен қоңырау соғып, кейіннен айлығымды түгел бермеді деп сотқа беріп, УЕФА-ға шағымданып, күллі ел футболына қара күйе жағып кеткендер болды.
Қарағандының «Шахтері» өз деңгейіне сәйкес бапкер алған секілді. Беларус елінің 6 дүркін чемпионы болған Владимир Журавельдің жетістіктері жаман емес. Премьер-лигада ілініп-салынып жүрген «кеншілер» үшін бұл бапкер біршама көмек болуы ықтимал. Оралдың «Ақжайығын» алайық, олар бапкерді Украинадан алдыртты. Есім-сойы тағы да ешкімге белгісіз Владимир Мазяр жас кезінде бір маусым «Динамо» (Киев) сапында өнер көрсетіпті. Кейіннен қосалқы құрамның «патшасы» болып, көптеген жылдар бойы негізгі құрамнан орын ала алмаған. Бапкерлік қызметке ауысып, мұнда да әрбір 2 жыл сайын қызмет алмастырып отырған. Біліктілігі үлкен күмән тудыртатын украиналық «Ақжайық» сапында 2 жыл уақыт жүре алмас деп отырмын. Премьер-лига басталысымен алғашқы 5-6 турда бапкерін қызметтен қуатын клубтар да бар. Соның қатарында «Ақжайық» болса, еш таңғалмаймын. Екінші жағынан кім біледі, бәлкім көп жерде жолы болмаған 40 жасқа толған бапкер биыл Жайықта «қамал алатын» шығар?
Өткен жылғы маусым тура осылай айна-қатесіз басталған. Бірақ бес турдан кейін алғашқы «отставкалар» басталды. Біріншілік бел ортасына тақағанда «Қайрат», «Ертіс», «Тобыл», «Шахтер», «Атырау», «Ақтөбе», «Оқжетпес» секілді командалар бапкерлерін ауыстырып үлгерді. Жалпы алғанда, біздің футболшылар ма, жоқ әлде клубтарымыздың президенттері ме, әйтеуір бапкер шыдатпаймыз. Бұрындары мәселе көтеріп өзіміздің бапкерлерді ұмытпайық деп жүретін шенеуніктер болушы еді. Қазір футболдың басындағы кісілер бұл мәселеге көңіл аударуды да қойды. Әйтпесе Қазақстанда білікті бапкерлер қаптап жүр ғой. Талғат Байсуфинов, Нүркен Мазбаев, Алмас Құлшынбаев, Асхат Қадырқұлов, Сергей Тимофеев, Сұлтан Әбілдаев, Асқар Қожабергенов секілді өзіміздің білікті мамандарымыз баршылық. Барлығы да ел футболын тамашалап, қашан бізге ұсыныс түсер деп күтіп жүр. Алайда шетелдік бапкерлермен бірге қаржы жымқырып үйренген клуб басшылары патриоттық сезімді кейінге ысырып қойған секілді. Қысқасы, қазақстандық футбол функционерлері бапкерлер легионын жасақтауға құштар-ақ.
Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»