Спорт • 22 Қаңтар, 2018

Шорт-трек королі

772 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Биыл ақпанның 9-ы мен 25-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында әр төрт жыл сайын ұйымдастырылатын Қысқы Олимпия ойындары өтетіні баршаға белгілі. Қысқы спортта корей елінің аты аталса, ойымызға бірден бұл елдің шорт-трекшілері түседі. Өйткені дәл қазіргі уақытта Оңтүстік Корея шорт-тректен көшбасшы ел саналады. 

 

Шорт-трек королі

Оңтүстік Кореяны бұ­лай айтуымыздың себебі, корея­лықтар 30 жылдан бері әлемдік додада өзге елдің спортшыларына жүлде бермей жүр. Бүгінге дейін бұл ел Қысқы Олимпиадада 26 алтын медаль алса, соның 21-­ін­ шорт-тректен жеңіп алған. Мұ­нан бөлек 12 күміс және 9 қола жүлдесі тағы бар. Ал әлем чемпио­натында 90 алтын, 71 күміс және 62 қола медаль алған. Бұл – тек Қысқы Олимпия ойындары мен әлем чемпионатындағы алған медаль саны. Біз бұл тізімге Азия ойындары мен Универсиаданың медальдарын қосқан жоқпыз.

Оңтүстік Корея 1948 жылы Санкт-Морицте өткен Қысқы Олим­­пиадаға тұңғыш рет қатыст­ы. Бірақ бұл елдің спортшылары жүлдегерлер қатарына ілігемін дегенше арада 44 жыл уақыт өтіп кетті. 1992 жылы Францияның Альбервиле қала­сында ұйымдастырылған ҚОО-да оңтүстіккореялық конь­ки­ші Ким Юн Ман 1000 метр қашық­тықта күміс медаль иегері атанды. Бұл Корея үшін тарихи күн болатын. Одан кейінгі Олимпия ойындарына шорт-трек спорты қосылып, Оңтүстік Кореяға медаль «жауа бастады». 1992 жылы Корея шорт-тректен екі алтын және бір қола медальды иеленіп, алғаш рет Ақ Олимпиаданың жүлдегерлері қатарына қосылып, сол уақыттан бері үздіктер сапынан түскен емес. 

Оңтүстік Кореяға жоғарыда айтқан медальдардың үштен бір бөлігін әлемге Ан Хен Су деген есіммен танымал бол­ған спортшы әперген. 2006 жы­лы Турин Олимпиадасына қаты­сып, үш алтын (1000, 1500 метр және эста­фета), сонымен қа­тар 500 метр қашықтықта қо­ла жүлдені иемденді. Әлем чемпионаттарында алған жүлде бойынша да Ан Хен Судың бағы жанып тұр. Оңтүстіккореялық шорт-трекші 18 мәрте әлем чемпионы, сегіз мәрте күміс және төрт мәрте қола жүлдегер атанды. Мұнан бөлек Азия ойындарында бес алтын, бір күміс және Универсиадада үш алтын, бір қола медаль жеңіп алған. Егер Ан 2011 жылы Ресей құрамасына ауыспағанда, Корея құрамасына бұдан да көп жүлде әперер еді. 

Туриндегі Олимпиададан кейін Ан жаттығу барысында тізе­сін қатты жарақаттап алып, төрт рет ота жасатты. Жарақа­тын емдеп, 2009 жылы Ванкувер Олимпиадасына жолдама беруші жарыста 9-орынға ие болып, ұлттық құрама сапынан шығып қалған. Ал 2010 жылғы елішілік іріктеуде жетінші орын алып, бұл жолы әлем чемпионатынан тыс қалды. 

Спортшы жаттығатын ко­ман­да таба алмай, әбден әуре-сар­саңға түсіп жүргенде Ан­­ға Ресей аты­нан сынға тү­суге ұсыныс болады. Ан ойлануға уәде бер­ге­німен, Оңтүстік Кореяның Олим­пиада құрамасына ену үшін соңғы мүмкіндікті пайдаланып көруді ойлап, елішілік іріктеу турниріне қатысуға бел буады. Дегенмен ол іріктеуде тек бесінші орын алып, тағы да құрамадан шет қалды. Үш жыл бойы Корея құрамасына іліге алмай жүрген шорт-трекшінің Сочиде өтетін Олимпиадаға қатысуға кепілдік беріп, қаржылай қолдау көрсететінін және болашақ­та жаттықтырушының орнын ұсынып отырған Ресей құ­ра­масының ұсынысын қабыл­даудан басқа амалы қал­майды. Анның бұл шешімге келудегі басты мақсаты – тағы да Олим­пиада ойындарында жеңіске жету еді. «Спортшы үшін қай елдің атынан жеңіске жеткенің аса маңызды емес, маңыздысы – нәтиже», деді ол.

Ан Хен Су Ресей құрамасына ауысқан соң сол елдің азаматты­ғын алып, аты-жөнін Виктор Ан деп өзгертеді. Ресейге келген соң Анның екінші тынысы ашы­лып, енді әлемге Виктор Ан ретінде таныла бастады. Ол Ресей құрамасында жүріп үш рет Олимпиаданың алтынын және бір қола медалін иеленді. Сондай-ақ әлем чемпионатында екі алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды. Ал Еуропа чемпионатында сегіз рет топ жарып, үш күміс медальға қол жеткізді. 

Ан корей азаматтығынан бас­ тар­тып, Ресей азаматтығын ал­­ған соң: «Корей федерациясын­да жағымпаздық пен тамыр-та­ныс­тықтың арқасында ғана ұлттық құрамаға іліге аласың. Менің елден кетуімнің басты себептерінің бірі осы», деп мәлімдеді. 

Анның Сочидегі таңғалар­лық жетістігі мен Оңтүстік Ко­­рея­ның шорт-трек спортынан медальсыз қал­ғаны елде үлкен дау тудырып, ол тіпті ел президенті Пак Кын Хеге дейін жетеді. Прези­дент Ан секілді дарынды спортшының неге шетелге кетіп қалғанын анықтауды тапсырады. Даудың соңы 2010 жылы Ванкувер Олимпиадасына Ан Хен Судың орнына барған Ли Чжон Су мен Квак Юн Гидің  үш жылға спорттан шеттетілуімен аяқталды. Кейінірек халықтың өтініші бойынша мерзімдері алты айға дейін қысқарды. Ли Чжон Су осы оқиғадан кейін конь­кимен жүгіру бойынша бағын сынап көруге ниет­тенген, бірақ қазығынан ұзап кете алмай, шорт-трекке қайта оралды. Қазір екі спортшы да өз елдерінде өтетін Олимпия ойын­дарына қатысуға үміткер спорт­шылардың тізімінде жүр.

Виктор Ан Сочи Олимпиада­сында чемпион атанған соң, әлеуметтік желі арқылы алдағы жоспары туралы айтып, әлі де Ресей үшін медальға таласатынын жеткізді. «Мен қазір спорт­тан кете ал­маймын. Олим­пиа­да­­дан ке­йін Ресей­де шорт-­тре­­к­­­пен ай­­н­а­лысатын жас спорт­­­шы­лардың са­ны күрт артты. Мен әлі спортты дамытуды жалғаст­ыр­уым керек. Бұл менің соңғы Олимпиадам емес және Ресей үшін әлі талай бәсекеде топ жаратыныма, медальға қол жеткізетініме сенімдімін!», деді спортшы.

Алты дүркін Олимпиада чемпио­ны Виктор Ан жасы 32-ге келсе де Оңтүстік Кореяда өтетін Қысқы Олимпия ойында­рына қатысып, жүлделер санын еселегісі келеді. «Егер Ресей Олим­пиадаға бойкот жарияламаса, мен бейтарап тудың ас­тында қатысуға дайынмын. Мен бұл Олимпиадаға төрт жыл дайындалдым, сондықтан оңай берілгім келмейді», дейді ол. 

Виктор Анның жетістіктері естіген жанды таң қалдырмай қоймайды. Ан секілді әлем­нің үздік шорт-трекшісін тәрбие­ле­ген Кореяда жыл са­йын мыңдаған бала спорттың осы түрімен айналысады. Мақсат – қалыптасқан үрдісті үзіп алмау. Оңтүстік Ко­рея­да аудан чемпионатына қаты­сушылардың саны Қазақстан чем­пионаты қатысушыларының са­нынан көп. Осы күндері шорт-тректен Қазақстан чемпио­натына 56 спортшы қаты­сып жатыр. Біздің спортшылар мұз­да сырғанауды енді үйре­ніп­ жатқанда, кореялықтар қар­сы­ласты басып озу мен такти­калық шеберлікті ақылмен пайда­лану керектігін игереді.

Шорт-трек Оңтүстік Ко­рея­да өте танымал болғандықтан, қаржының негізгі бөлігі осы спорт түріне бөлінеді. Сон­дық­тан бұл елде құрама сапына ілі­гу үшін бәсеке өте тартыс­ты өтеді. Осыдан кейін корея­лық өрендер жүлде алып, көзге түспегенде қайтсін! Ан сияқ­ты спортшылардың же­тіс­ті­гі мен ерлігін көріп өс­кен оғ­ландар соған қарап бой түзей­тіні анық. «Шорт-трек­шілер патшалығындағы» әрбір бала Ан сияқты алдына қара салмайтын жүйрік болғысы келеді. Өйткені ол шорт-трек патшасы ғой!

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»