Медицина • 22 Қаңтар, 2018

Құның қанша, құтыдағы құлыншақ?

591 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бар байлығын бауырындағы баласымен өлшеген қазақ қу бас атанудан қатты қорыққан. Ертеде баласыз адамдардың мойнына көгеннің бұршағын салып, тәңірден бала тілеу әдеті де осы сөзіміздің айғағы болса керек. Қазір заман ағымына сай балалы болудың небір жолдары пайда болды. Соның бірі – экстракорпоралды ұрықтандыру әдісі. Алайда бұл өте қымбат технология болғандықтан, оған кез келген адамның қолы жете бермейді. Дегенмен де еліміздің репродуктолог және эмбриолог мамандары оны арзандатудың жолдарын қарастырып жатыр. Сәбилі болудың мұндай жолы шынымен де арзандай ма?

 

Құның қанша, құтыдағы құлыншақ?

Елімізде бедеулік көкей­кесті мәселеге айналғалы қашан. Қа­зақ­станда әрбір жетінші жұп бір іңгәнің үніне зар десек, жыл са­йын 8 мың адам жасанды ұрық­тандыру әдісіне жүгінуге мәжбүр болады екен. Әрине бұл әдістің төңірегінде әлі де даулы мәселелер барына қарамастан, бүгінге дейін осы жолмен әлемде 6 миллионға жуық сәби дүние есігін ашып үлгерді. Қазақ­станда ЭКҰ әдісі ен­гізілген жылдардың ішінде 14 мың­дай бала өмірге келген. Хош делік. Негізінен экстракор­поралды ұрықтандыру әді­сінің нәтижелілігі табиғи мүмкіндіктен бірнеше есе жоғары екені дәлелденген.

Мысалы, «Ана мен бала» ұлт­тық ғылыми орта­лы­ғының осы әдіспен айналы­сатын бөлімшесінің қыз­метіне жү­гінген әрбір екінші әйел жүкті бола алады екен. Бұл – өте үлкен көрсеткіш. 

Біз бүгінге дейін жасанды ұрықтандыру мәселе­сіне кеңі­рек тоқталған бола­тын­быз. Ендігі бізді алаң­дататыны – ЭКҰ техно­логиясының қара­пайым халық­тың қалтасына тым қым­батқа түсуі. Осы мәсе­лені шешудің жолдарын іздес­тіру мақсатында жа­қын­да Қазақ­станның 100-ден астам маманы және шет мемлекеттерден арнайы келген дәрігер-сарап­шы­лар Астанаға жиналды. Репродуктивті медицина мәселесін жан-жақты тал­қылаған мамандар ЭКҰ әдісін арзандату үшін алдымен пациенттерге берілетін гормондық дәрілерді азайту сызбасын құру қажеттігін алға тартты. 

Белгілі ғалым, репро­дукто­лог-эмбриолог Сал­та­нат Бай­қош­қарованың ай­туынша, ЭКҰ әдісіне жүгінгендердің әр­­қай­сы­­сына мемлекеттен 700 мың теңге бөлінеді. Оның 400-500 мың теңгесі дәрі­лік препараттарға ке­теді екен. Ал жасанды­ ұрықтандырудың өзі күрделі технологиясымен қос­қанда орта есеппен 300-500 мың теңгені құрайды. Сонда бұл әдіске мұқтаж жандардың қал­тасында кемі 1 миллионға жуық қаржы болуы керек. ЭКҰ-ны бір жасағанда жүкті болу мүмкіндігі небәрі 30-40 пайыз екенін ескерсек, көп жағдайда ерлі-зайыптыларға бұл әдіске бірнеше рет жү­гінуге тура келеді. Соған сай қаржы көлемі де өседі де­ген сөз. 

Жиынға Германиядан ар­найы келген доктор Мар­кус Ницш­ке жас әйел­дер­ге гормондық дә­рі­лерді не­­ғұр­лым аз беру ар­қылы шы­­ғынды қысқартуға бола­тынын айтады. Оның пікі­рінше, жасы ұлғайған пациент­терге дәріні қан­ша жерден көп берсе де нәтиже бұрын­ғы­дай. Сон­дықтан оларға да берілетін препараттардың санын тө­мен­­детіп, соның есебінен ЭКҰ жасау технологиясын арзан­датуға болады. Әлбетте мамандар бағдар­ламаның мұндай сызбасына біртіндеп көшуді жоспарлап отыр. 

Жалпы, Қазақстанда мем­­лекет қаражаты есе­бінен экстракорпоралды ұрық­­­­тандыру алғаш рет 2010 жылы қолға алы­нып, бас­­тапқы кезде 100 квота бөлінген. Содан бері жыл сайын оның көлемі ар­­тып ке­ле жатыр. Былтыр бюд­­жеттен 900 циклге (экс­тракорпораль­ды ұрық­тан­дыруға) қаржы қарастыры­лып, ол қаржы Астана мен Алматы қала­ларына жә­не облыс­тар­ға бөлінген екен. Бірақ маман­дардың ай­туынша,­ бұл әлі де жет­кі­ліксіз. Квотаны күтеміз деп ерлі-зайыптылардың жасы да ұлғайып кетеді. Сондықтан мәселені шешу­дің жолдарын қарас­тыру керек. Мәселен, Ресейде экстракорпоралды ұрық­тан­дыруға мұқтаж отбасы­лар­ға жылына екі рет мемлекет та­ра­пынан тегін квота алуға мүм­кіндік беріледі екен. Енді осы әдісті елімізде де ен­гізген жөн. Әсіресе мамандар бұл ұсыныс міндетті ме­­дициналық әлеуметтік сақ­­тандыру жүйесі енгі­зіл­ген сәтте ескеріледі деген үмітте. 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»