Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:
Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу.
Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз.
(Қазақстан халқына Жолдауынан).
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің зиялы қауымына үндеу жолдады
3 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында еліміздің шығармашылық интеллигенция өкілдерімен кездесті. Бұл Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын жариялағаннан кейінгі жұртшылық өкілдерінің қатысуымен өткен алғашқы шарасы. Елбасы атап көрсеткеніндей, кездесу үшін осы уақыттың таңдап алынуы кездейсоқ емес, өйткені Жолдауда белгіленген шешуші міндеттер барша қазақстандықтардың күш-жігерін біріктіруді талап етеді. Ал мұнда зиялы қауымның рөлі айрықша маңызды.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Әбішұлы еліміздің барша зиялы қауымына үндеу арнап, сөз сөйледі.
ӨНЕР МЕН ӘДЕБИЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ЖАНЫ
“Құрметті мәдениет қайраткерлері! Біздің тәуелсіздігіміздің тарихында оңай кезеңдер болған емес. Бәрін жаңадан бастауға тура келді. Осы жылдар ішінде көп іс тындырдық. Бүгінде мемлекет алдында, халық алдында қыруар міндеттер тұр. Бұл – ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті. Әлем бір орнында тұрмайды. Тіпті, өзіміз қол жеткізген ұстанымдарды ұстап тұрғымыз келсе де, үнемі алға қарай қозғалуымыз қажет. Біз алдымызға әлемдегі ең дамыған 50 елдің қатарына кіру міндетін қойдық.
Сондықтан осындай саяси мақсаттарды шешу кезінде қоғамдық келісім мен тұрақтылықтан өзге ешқандай жол жоқ. Бұл біздің тарих алдындағы, халық алдындағы, Қазақстанның болашағы алдындағы ортақ жауапкершілігіміз.
Қазақстан өз дамуының жаңа кезеңінің табалдырығында тұр. Халыққа Жолдауымда мен 10 жылдық перспективаға арналған дамудың басым бағыттарын жария еттім. Оның барлығы біздің алдымызда тұрған, таяу жылдардың күн тәртібінен түспейтін жаңа міндеттер ретінде аталды.
Жаңа міндеттерді іске асыру елімізді өз дамуында алға қарай қарышты қадамдарға бастайды. Бұл бәрінен бұрын, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын айтарлықтай арттыруда көрініс табады. Алдымызда үлкен де жауапты жұмыстар тұр.
Тек бірге, барша халқымыздың күш-жігерін біріктіре отырып, біз алға қадам басамыз. Келешекте прогреске жетуіміз қоғамның бірлігіне байланысты болмақ. Ал бұл бірлікті, бейбітшілік пен келісімді қажет етеді.
Бізден басқа ешкім біздің мемлекетімізді, біздің ішкі әлеміміз бен келісімді, біздің тұрақтылығымыз бен біздің қауіпсіздігімізді қорғап қала алмайтынына келісіңіздер. Біз, Қазақстан халқы, өз болашағымыз және бүгініміз үшін өзіміз жауаптымыз.
Біздің жоспарымыз түсінікті, алдымызға міндеттер қойылды. Оның бәрі жан-жақты ойластырылған. Мұндай нақты және ойластырылған құжат бізде болған емес. Біз бәрін де қарап шығуға тырыстық. Күллі әлем дағдарысты еңсерумен күресті жалғастырып жатқан уақытта, біз сіздермен бірге келешектегі өркендеген Қазақстанның негізін қалаудамыз. Біз өз өмірімізді, өз балаларымыздың, қазіргі және қазақстандықтардың келешек ұрпағының тағдырын өзгерту үшін барлық қажетті жағдайды жасауға тиіспіз. Мен сіздерге, сіздердің таланттарыңыз бен мүмкіндіктеріңізге, Қазақстанның еңбексүйгіш халқына сенемін. Өзімізге жүктелген барлық міндеттерді орындаймыз. Осы істе баршамызға сәттілік тілеймін”.
Еліміздің тарихында, тәуелсіздікті тұғырлы етуге ұмтылған қиын-қыстау кезеңдерде де мемлекет мәдени саланың ақсамауына, өнер мен әдебиетті қолдауға көп күш салғанын нақты шаралардан білеміз. Барлық саланың мұқтаждықтарының қатарында шығармашылық ортаның мүддесі ешбір өгейсіп көрген емес. Оның айғағы тағы да осы кездесу. Мәдениеттің алтын діңгегі болған Алматыға осы мақсатпен арнайы келген Елбасы әдебиет пен өнер қайраткерлеріне 2009 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларын да салтанатты түрде тапсырды.
Бір жағынан алып қарағанда, талант иелеріне қанат бітіріп, үздіктеріміз үнемі мемлекеттің қамқорлығында екендігін нақты сезіндіретін кездесу Елбасы мен рухани элитаның сұхбат алаңы да. Көкейкесті ойлар мен ұсыныстардың көмбесі сияқты дәстүрлі жүздесуге Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәулен Әшімбаев, Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин және басқа да мемлекеттік органдар өкілдері қатысты.
Қай кезде де шығармашылық тұлғаларға үлкен құрметпен, ыстық ілтипатпен қарап келген Президентіміз: – Бүгін қалыптасқан дәстүр бойынша өздеріңізбен кездесіп, сұхбаттасудың реті келді, – деп бастады сөзін. – Қазақта: “Орамал тон болмайды, жол болады”, деген сөз бар. Өзімнің жеке қорымнан әдебиет пен өнер адамдарына арнап осы Президенттік стипендияны тағайындағаныма биыл 15 жыл толды. Осында отырғандардың көпшілігі бұл стипендияны сол алғашқы жылдан бері алып келеді.
Тәуелсіздік жылдарының алғашқы тұсындағы қиыншылықтар естеріңізде болар. Күйреген шаруашылық пен қаржы тапшылығы жас мемлекетіміз үшін үлкен сын болды. Бірақ әдебиет пен өнер ұрпақ тәрбиелейтін, ұлтты жасайтын рухани күш екенін біз ешқашан ұмытқанымыз жоқ.
– Өнер мен әдебиет – халықтың жаны, — деді бұдан соң Елбасы. – Төл мәдениетпен тәрбиеленген адам қашанда рухы биік, туған жерін, халқын сүйетін болады. Бәріміз де бала жасымыздан Абайды, Махамбетті, Жамбылды, Әуезовті оқып, халықтың әндері мен күйлерін тыңдап ержеттік, дүниетанымымыз, ұлттық санамыз қалыптасты. Сондықтан “заман қиын екен” деп қол қусырып қарап отыруға болмайтын еді. Сол себепті де мен әлгіндей шешім қабылдағанмын. Оған қоса 2000 жылы Мемлекеттік стипендия тағайындадық.
Мемлекеттік стипендияның айырмашылығы – ол жастарға арналған, жыл сайын жаңа есімдермен жаңарып отырады. Бізде талантты, талапты жастар баршылық. Оларға ретімен жәрдемдесіп отыру міндет. Рас, өнер мен әдебиетте жас, кәрі деген өлшем жоқ. Талантты, талантсыз деген ғана өлшем бар. Сондықтан айтар тілек пен қойылар талап баршаға бірдей деп ойлаймын, – деген Елбасы бұрын нарықтық экономика жоқ кезде жазып жүрген әдебиетшілерге, ақындарға қайта құру жылдарында қаламақы берілу, кітаптарын тарату тоқтап қалғанын, сондықтан кейінгі талантты жастарды қолдау үшін осындай қадам керек болғанын жеткізді.
– Тәуелсіздігіміз өзінің 19-шы жылына аяқ басып келе жатыр. Әр жыл бізге оңай болған жоқ. Жаңа заман үлгісіндегі жаңа мемлекетімізді жасақтай отырып, біраз жұмыстар атқардық. Табысымыз да, қиыншылығымыз да аз болған жоқ.
Әлемге танылып жатырмыз. Бас-аяғы он жылдың ішінде талай жұртты таңғалдырып, әсем астанамызды салдық. Өздеріңіз бәрін көріп, біліп жүрсіздер. Экономикамыз қарқынды дамып, әлеуметтік жағдайымыз жақсарып келеді. Қазір әлемдік алпауыт елдердің өздері бізбен есептесетін болды. Осының бәрі, ең алдымен, экономикамызды дұрыс жолға қойғанымыздың арқасы.
Бір кезде шетелдіктер қайда екенін картадан көрсетіп бере алмайтын Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясын атқаруда. Үш құрлықта орналасқан 56 елдің басын құрайтын бұл ұйымға басшы болу – дүниежүзілік проблемаларды шешуді мойынға алу деп түсіну керек. Елімізді әлемге таныту үшін бұдан артық қандай мүмкіндік керек! – деген Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы түркі тектес елдердің ішінде, ТМД және бүкіл мұсылман мемлекеттерінің арасынан тұңғыш рет Қазақстан осындай дәрежеге жетіп отырғандығын атады.
– Біз мемлекет ретінде өсіп, өркендеудің жаңа сатысына көтерілдік. Еліміз іргесі берік, ықпалды мемлекетке айналды. Ендігі мәселе барымызды бағалап, заман талабының биігінен көріну бәріміздің мүддеміз болу керек деп санаймын.
Менің Қазақстан халқына биылғы жылғы Жолдауым негізінен осы мәселелерге арналды. Қарқынды даму үшін жаңашылдыққа негізделген ұлттық стратегия қажет.
Біз алдымызға мақсат етіп қойған “Қазақстан-2030” Стратегиясының алғашқы он жылдығын тәмамдап, ойдағыдай қорытындыладық. Енді екінші онжылдыққа аяқ басып, оған стратегиялық жоспар жасап жатырмыз, – деген Елбасы бұрын-соңды болып көрмеген саяси жүйеге түскенімізді атады.
Халқымыздың өмірін өзгерттік, халықтың үміті мен мүддесін өзгерттік. Көптеген шаруалар жасадық. Жинаған тәжірибеміздің жақсысы да жаманы бар. Егер үнемі Қазақстанның қойнауындағы байлыққа тәуелді болатын болсақ, өзіміз көргендей мұнай мен газдың, металл мен алтын-күмістің бағасы құлдырап төмен түскен кезде не болатынын білесіздер. “Алтын-күміс – тас екен, арпа-бидай – ас екен”, деген заман келіп қалуы мүмкін — деген Елбасы жаңа ғасыр көрегенділікті, барлық қадамымызды екшеп, електен өткізуді талап ететінін айтты. Осыдан кейін Елбасының ойы төмендегідей өрілді:
– Биік мәдениет – ұлттың көрсеткіші. Біз барымызды бүтіндеп, жоғымызды түгендеу мақсатымен “Мәдени мұра” бағдарламасын қабылдадық. Бұл біздің мәдени өміріміздегі тарихи оқиға болды. Еліміздің тарихы туралы көне жәдігерлер мен кітаптарды әлемнің түкпір-түкпірінен алдырып, рухани қазынамызға айналдырып жатырмыз. Біз тарихты тәуелсіздік тұрғысынан қайта қарау үрдісін бастадық. Көптеген тарихи-мәдени ескерткіштер қалпына келтірілді.
Әдебиет пен өнердің, әлемдік ақыл-ой қазынасының асыл жауһарларын қазақ тіліне аудару арқылы рухани әлемімізді байытудамыз. Мұның бәрі өзінен өзі бола қалмайтыны белгілі. Бұл жұмыстар қыруар қаржыны, күш-жігерді, үйлестіру мен ізденісті қажет етті, – деген Нұрсұлтан Әбішұлы осынау ұлы бастама шығармашылық қауымға қосымша табыс пен жұмыс та тауып беріп отырғандығын айтты.
“Бір қазақ перзентіндей ана тілімді мен де сүйемін...”
Елбасы қай кезде де көкейкестілігін жоғалтпаған тіл мәселесіне қайта ойыса отырып: – Халықтың мәдениеті оның тілімен жасалатыны белгілі. Тіл тек қатынас құралы емес, ұлттың бар сипатын анықтайтын оның негізгі кілті. Сондықтан тәуелсіздік алғаннан кейінгі ең үлкен мәселенің бірі – тілімізді дамыту болды. Осыған байланысты “Тілдерді дамыту мен қолданудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы” қабылданып, жұмыс істеп келгенін өздеріңіз жақсы білесіздер.
Менің тапсырмам бойынша “Мемлекеттік тілді дамыту” Президенттік қоры құрылып, жұмыс істеуде.
Мемлекеттік тіл саясатына бөлінген қаражат жыл сайын артуда. 2005 жылы осы мақсатқа 133 миллион теңге бөлінсе, 2009 жылы бөлінген қаржы 5 миллиардқа жетті.
Қазір бұл бағдарламаның екінші кезеңі – 2011-2020 жылдарға арналған жобасы дайындалу үстінде.
Мемлекеттік тілдің артықшылығына ешкім таласа алмайды. Түбінде барша қазақстандықтар мемлекеттік тілде сөйлейтін болады. Өзге өркениетті елдерде мемлекеттік тілдің статусы қандай болса, бізде де сондай болады, – деді. Тілге байланысты түйткілді жәйттер болса ол уақыт өте келе шешілетінін, алайда, қандай жағдай болса да бәріне сабырлы саясат керек екендігін емеурінмен білдірген Елбасының ойымен зиялы қауым да келісіп отырды.
Жаһандану үрдісі жүріп жатқанда тек өзіміздің ана тілімізбен жеке дара шаба алмайтынымызды, жастарымыз үш тілді де меңгерген, заман ағымына ілескен, сырт елмен терезесі тең тұрғыда тілдесіп, өз мүддесін қорғай алатындай болуы керектігін шешіліп отырып жеткізген Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің де бір қазақ перзентіндей ана тілін сүйетіндігін, алайда, Мемлекет басшысы ретінде өзгелермен де есептесуге тура келетіндігін жаба-бүркемелеген жоқ.
– Бұл нәзік мәселе. Бір халық бір халықтан артық емес. Құдайдың алдында да, пайғамбардың алдында да адам баласы бірдей. Осы ниетпен жүрсек – тілегімізді береді. Сондықтан ел-жұрттың арасында сіздердің салиқалы сөздеріңіз керек. Жалпы ел-жұрт болып, зиялы қауым болып қазақтың тіліне жаны ашып жатса, мен оларды қолдаймын... Бізге тыныштық керек, сабырлылық керек. Бірлік керек. Сонда ғана мүддемізге жетеміз, – деген Елбасы өркениетті тілдердегідей қазақ тілі толығымен салтанат құратын кезең де келетіндігін толқып тұрып жеткізді.
– Рас, кейбір мәселелер біз ойлағаннан әлдеқайда күрделі болып шығуда. Бірақ қай уақытта да елдің қауіпсіздігі мен бірлігі бірінші орында тұруға тиіс. Ендеше, біз ұстанатын саясат сабырлы болуы керек. Біздің жастардың үш тілді меңгеруі жөнінде мен бұдан бұрын да түсініктеме бергенмін. Жас ұрпақ мектеп бітіргенде үш тілді – ана тілмен бірге дүние жүзіне тараған ағылшын және орыс тілдерін біліп жатса, бәсекеге қабілетті деген сол емес пе?
“Бектер кетсе, ел қалар,
Бетеге кетсе, жер қалар,
Берекең кетсе, нең қалар”
– Осы тәуелсіздіктің 18 жылында талай белесті артқа тастап, бүгінгідей биігімізге көтерілдік, алда әлі қиыншылықтар да көп. Соның бәрін игеруіміз керек, – деген Елбасы зиялы қауымға қаратып былай деді: Қадірлі ағайын! Сіздер елдің руханиятына қызмет етіп жүрген, қоғамның бетке ұстар азаматтарысыздар. Зиялы қауым қашаннан халықтың көз алдында. Өнеріміз өркендеу үстінде. Әншілеріміз Еуропаның әйгілі сахналарында өнер көрсетуде.
Әдебиетте де, ғылымда да аса дарынды тұлғалар баршылық.
Біз саясат, экономика салалары бойынша халықаралық деңгейге көтерілдік. Енді рухани қазынамызды әлемге танытуымыз керек. Бұл – алда тұрған ең үлкен, елеулі міндеттеріміздің бірі. Ол үшін өнерді, әдебиетті биік дәрежеге көтеруіміз керек. Біздің әдебиетіміз бен өнеріміз көп жанрлы, әрі сапалы болуға тиіс.
Сіздер бүгінгі қоғамымызда болып жатқан мәдени, саяси, әлеуметтік процестерден де тыс қала алмайсыздар деп ойлаймын.
Елбасы елімізде жүріп жатқан игі үрдістер мен өзгерістердің бәрі жазушылардың қаламына, киногерлердің картиналарына, ақындардың өлең арқауына айналғандығын қалайды.
— Құдайға шүкір, қазір қазақтың еркін сөйлейтін, айтатынын айтатын, жасырынбайтын, қорықпайтын кезіне келдік. Осыны сақтап қалуымыз керек. Бұл құндылықты ешкім ұмытпайды. Ешкім ешкімді тұншықтыра алмайды. Баспасөзге тыйым салынып жатқан заң жоқ бізде. Осыдан артық бізге не керек? – деген Елбасы бәрін қорыта келгенде қазақтың бірлігінің арқасы екендігін атады. Осыдан соң Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін әрі қарай сабақтап — Ұлттық сананы қалыптастыруда, белгілі бір мақсатқа халықты жұмылдыру ісінде зиялы қауымның орны ерекше.
Мемлекеттің міндеті – қолдан келгенше әдебиет пен өнерді жасап жүрген адамдарға көмек көрсету. Мұндай көмек бұдан былайғы кезеңде де жылма жыл жалғаса беретін болады. Бүгінгі кездесуіміз осындай шараның бір көрінісі.
Қорытып айтқанда, осынау қыруар шаруаның бәрі өзіміздің ішкі бірлігімізге келіп тіреледі. Бірлік бар жерде тірлік бары ақиқат. Қазақта: “Бектер кетсе, ел қалар, Бетеге кетсе, жер қалар, Берекең кетсе, нең қалар”, – деген сөз бар. Осыны біз білеміз, жастарымызға да үйретуіміз керек.
Сондықтан татулық, келісім, елге, жерге деген ықылас, сол арқылы келетін ынтымақ баршамызға керек деп күнде-күнде айтамын. “Неге соны айта береді?” дейтіндер де бар. Бірақ, мен осыны қайталай беру үшін айтпаймын ғой. Жеке басымның қамы үшін айтпаймын ғой. Біз ендеше сол ортақ мүдде, ортақ мақсаттың түбінде табысалық! – деген Елбасы зиялы қауымды еркін әңгімеге шақырды.
Тобашыл ұрпақтың пікірі бір жерде тоғысса...
Осы арада Президенттік стипендия Елбасының шешімімен жасы ұлғайған әдебиет және өнер қайраткерлеріне материалдық қолдау көрсету мақсатында 1994 жылы 12 желтоқсанда белгіленіп, жыл сайын 50 шығармашыл зиялы қауым өкіліне беріліп келетінін айта кетелік. Олардың қатарында Қадыр Мырзалиев, Иван Щеголихин, Қалмұқан Исабаев, Қалихан Ысқақов, Хадиша Бөкеева, Қасым Жәкібаев, Бибігүл Төлегенова, Бекен Жылысбаев, Фарида Шәріпова, Анатолий Молодов, Роза Жаманова, Асанәлі Әшімов, Гулвира Разиева, Ораз Әбішев, Әмен Хайдаров, Сабыр Мәмбеев сынды көптеген көрнекті жазушылар мен өнер қайраткерлері бар.
Жоғарыда айтқандай, Президенттік стипендия Елбасының Мәдениет, білім және әлеуметтік бағдарламаларды қолдауға арналған Жеке қорынан бөлінеді. Ал мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиялар да Қазақстанның мәдениетін жасауға, сақтауға және дамытуға үлкен үлес қосып жүрген дарынды шығармашыл жастарды мемлекеттік тұрғыда қолдау мақсатында жыл сайын 50 адамға беріледі.
Мемлекеттік стипендиялар алуға Қазақстанның халық жазушысы, халық әртісі, халық суретшісі, еңбек сіңірген қайраткері құрметті атақтары бар немесе әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары болып табылатын, жаңа туындылар жасау және қазақ мәдениетіне үлес қосу үшін шығармашылық әлеуеті зор азаматтар таңдалып алынады.
Биылғы жылдың Президенттік және Мемлекеттік стипендиаттары қатарына семейлік белгілі ақын Тыныштықбек Әбдікәкімов, шымкентттік прозаик Мархабат Байғұт, маңғыстаулық ақын Светқали Нұржан, актер Дулыға Ақмолда, суретші Қазақбай Әжібекұлы, дирижер Дәурен Ғылымов, композитор Ержан Серікбай сынды басқа да талантты топ қосылды.
Алдымен зиялы қауым атынан кино саңлағы, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов сөз алған:
– Сіз жақында біздің киностудияда болдыңыз. Кейінгі бір жарым жыл ішінде ұлттық киностудия бұрын-соңды болмаған табыстарға жетті. Біздің елімізде бұрын болмаған, қазір де көптеген елдерде жоқ жаңа техникаларды сатып алды. Сөйтіп, біз бүгінде бұрынғыдай Франция, Англия, Мәскеу, Санкт-Петербургке жалынышты болмайтын жағдайға жеттік.
Ол өзгерістерді Сіз өз көзіңізбен көрдіңіз, таныстыңыз. Түсіріліп жатқан фильмдердің үзінділерін тамашаладыңыз. Риза болып кеттіңіз. Сол жерде айтқан бір сөзіңіз киногерлер арасында афоризмге айналып кетті. “Мен гольфке барып шұғылданғанда, барлығы соған келді. Үлкен тенниске барып едім, жұртшылық соған қарай жылжыды. Енді киноға келдім, осыдан былай ел-жұрт кино жаққа қарай бет бұратын шығар”, деп едіңіз. Біздің киногерлер маған: “Нұрсұлтан Әбішұлына осы үшін алғысымызды жеткізіңіз”, деп аманаттады.
“Елбасы келіп-кеткеннен кейін көңіл-күйіміз жоғары. Енді жұмыс істеу біздің міндетіміз”, деп, биылғы жылдың алғашқы жемісі ретінде сол жаңа техникалармен түсірілген фильмнің тұсауын кестік. Бұл фильмге мен де қатыстым.
Қазақстан киногерлеріне жасап жатқан қамқорлығыңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді.
Келесі сөз кезегін КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенова алған.
– Менің 80 жылдығыма арнайы құттықтау сөзіңізді жібердіңіз. Мерейтойымды үлкен дәрежеде атап өтуге көмек бердіңіз. Алдымен сол үшін өзіңізге рахметімді айтсам деймін.
Қазір елімізде балабақшалар көбейіп жатыр. Шүкіршілік. Бір кездері мәдениет ошақтарының жабылып, қирап жатқанына да куә болған едік. Сол кезде жүрегіміз қатты ауырған. Енді, міне, мәдениет ошақтарының жаңғырып, қайта ашылып, жаңадан салынып жатқанына да куәміз. Оған да шүкіршілік дейміз. Жақсылыққа қуанып жатамыз. Сол үшін де Елбасымызға ризамыз. Яғни, Сіз экономика мен саясатқа ғана емес, мәдениетімізге де көңіл бөліп келесіз. Заманның қиыншылықтарына қарамай, мәдениетімізді ұмытпай, қолдау көрсетіп жатқаныңызға рахмет!
Кеше ғана Астана Ақмола кезінде әншейін үлкен бір ауыл еді. Қазіргі әсем ғимараттар тұрған орында мал, сиыр қоралар болды. Қазір қараңызшы, Лас-Вегас сияқты жайнап тұр емес пе! – деген бұлбұл дауысты Бибігүл апамыз қазіргі Астана жер жүзіне мәлім екендігін, бізге келген шетелдік қонақтардың барлығы Астана керемет деп мақтап, таңғалып жататынын тілге тиек ете келіп, соның бәріне жүрегіміз жарыла қуанамыз. Мен өзім 80-ге келсем де әлі де осы қуаныштар мен қызықтың бел ортасында жүргім келеді. Әлде де еліме қызмет етіп, халқымды өнеріммен қуанта беруге дайынмын – деді.
Сөз кезегі тигенде Қазақстаның халық жазушысы, бүтін бір буынның сүйікті суреткеріне айналған Әзілхан Нұршайықов:
– Мен бұл жолы сөйлемейтін шығармын деп ойлап едім. Өйткені, мен сөйлесем Сіздің ел үшін етіп келе жатқан ерен еңбек, қажырлы қызметіңізді жақтап сөйлеймін. Халықтың жағдайын жақсартуға байланысты әр бастамаңызды қостап, қуаттаймын. “Жақсының жақсылығын айт — нұры тасысын”, деген аталы сөз бар емес пе! Бірақ, менің ондай сөзімді кейбір атақ-абыройлы құрметті інілерім ұнатпайды екен. Алғашында сол інілеріме ренжіп, бұл жолы үндемей отырайын десем де, көптен бері көріспеген Сізбен дидарласатын болғандықтан бір ауыз сөз сөйлемей кетуді жөн көрмедім. Айтайын дегенім, басқалар сияқты мен де тәуелсіздіктің мәңгілік болуын мінәжат етемін. Маған да Қазақстан халқының мамыражай, тыныш өмір сүргені керек. Тыныштықтан тәтті рахат, одан қымбат қазына жоқ. Кешегі қанды соғыста болған солдат ретінде мен мұны жақсы түсінемін.
Мен Сіздің халыққа арнаған кешегі Жолдауыңызды толығымен қуаттаймын. Еліміздің алдағы он жылда экономикалық өрлеуінің сара жолын салып бердіңіз. Өркеніңіз өссін! – деді. Одан әрі Елбасын Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуімін шын жүректен құттықтап өткен жазушы:
– Еуропаның төріне шығу қазақ халқының ешқашан түсіне де кірмеген ғажайып құбылыс. Тек Сіздің арқаңызда ғана қолымыз жетті! Ең соңында айтарым, ардақты Нұреке, мен Өзіңіз қалыптастырған жаңа қазақ мемлекетін, бойдағы күш-қуатыңыз сарқылғанша Сіз басқарсаңыз екен деп тілеймін. Конрад Аденауэр 91 жасына дейін ел басқарды. Уинстон Черчилль де ұзақ отырды. Мен қазақ Назарбаевтың ел басқару ақыл-парасаты неміс Аденауэр мен ағылшын Черчилльден бір мысқал да кем деп есептемеймін. “Оны халық шешеді ғой”, дерсіз Сіз. Меніңше, қазіргі Қазақстан халқының көпшілігі осы ойда. Бұл тілегім біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бірақ, мен, республика азаматы ретінде, өз ойымды айтып отырмын, – деді.
Аға буыннан кейін сөз алған жас ақын Танакөз Толқынқызы:
– Бүгін мен өзімді екі есе бақытты сезініп отырмын. Өйткені, мен “Болашақ” стипендиясының иегері ретінде 1999 жылы Францияның Страсбург қаласында халықаралық құқық саласы бойынша білім алып келдім. 1993 жылы ең бір қиын, экономиканың тұралап тұрған кезінде осындай батыл қадам жасап, жастарды шетелдерде оқытқаныңыз үшін сол жастардың атынан Сізге үлкен рахмет!
Енді, міне, “Әдебиет” номинациясы бойынша мемлекеттік стипендия иегері болып отырмын.
Алғашқысы – талантты жастар, болашақтықтар қатарында Еуропада және сырт мемлекеттерде терең білім алып келуге жол ашса, екіншісі – шығармашыл жастарды моральдық және материалдық тұрғыда қолдау болып табылады.
Мен Францияда тек қана халықаралық қатынастар, халықаралық құқық саласы бойынша білім алып келген жоқпын. Француз мәдениетімен терең таныстым. Осы уақытқа дейін француз поэзиясы тек қана орыс тілі арқылы аударылып келсе, қазір тікелей тәржімалауға мүмкіндік бар. Менің соңғы шыққан кітабымның тең жартысы осы француз поэзиясынан тікелей тәржімаланған, – деп өзінің лирикалық өлеңін оқыды.
Қазақстанның халық жазушысы Иван Щеголихин:
– Менің жазушы ретінде айтарым көп. Орыс тілінде “Отец” пен “Отечество” деген сөздердің төркіні бір, түбірі ортақ. Мен Сізді орысша айтқанда, “отец наций” деп санаймын. Бұл артық айтқандық емес. Мен сізден біраз жас үлкенмін, үлкен болсам да мен Сізді әке санаймын. Кеңес өкіметінің тұсында менің кітаптарымның жолы қиын болды, тіпті тыйым да салынды. Ретін тауып, Мәскеуден, Киевтен, Ленинградтан шығартып тұрдым. Тіпті іргеміздегі Фрунзеден де, сол кезде журналда отырған жап-жас Шыңғыс Айтматовтың көмегімен бастыртқаным бар. Содан кейін 89-шы жыл келді. Сізбен сол жылғы кездесу менің есімде мәңгі қалды. Мені алғаш рет үлкен үйге ескерту үшін емес, “тәрбиелеу” үшін емес, ақылдасу үшін шақырды. Дәл осы күннен бастап менің өміріме өзгеріс енді, шығармашылығымның жаңа кезеңі басталды.
“Жазушылар – адам жанының инженері”, деген сөз баяғыдан айтылып жүр. Сондықтан сіздің бүгінгі шығармашылық зиялы қауымға арнаған үндеуіңіз біздерге шабыт қана беріп қоймайды, үлкен жауапкершіліктер мен міндеттер жүктейді деп білемін, – деп шешіліп сөйледі.
Тәуелсіздіктің таңына куә болып, тобашыл жасқа жетіп, Еуропа төріне төрағалық еткенімізді де көріп отырған ақсақалдар – ақын-жазушыларымыздың, сахна саңлақтарының ойы бірдей шығып, шынайы алғыстарын білдіріп жатса, ол заңдылық болар. Небір алмағайып кезеңді бастан өткерген буын бүгінгі табыстарымыздың қадірін әбден біледі.
Сол сияқты КСРО халық әртісі Ермек Серкебаев та:
– Біз елімізде үлкен істер жасалынып жатқанын көріп те, естіп те, біліп отырамыз. Басқасын былай қойғанда, елордада орасан үлкен концерт залдары салынуда. Мұндай өзгерістерге біз әрдайым қуанып жатамыз. Бұл мәселеде Сіз бізге етене жақын, туысқандай адамсыз. Мәдениетті терең түсінесіз, өнердегі талғамыңыз да аса жоғары. Сіздің әлемдік ауқымдағы саясаткер екеніңізді біз мақтан тұтамыз. Сіз барлық кезде әлемдік қауымдастықтың назарындасыз. Қашанда үлкен істердің бел ортасында жүресіз. Сіздің пікіріңізге басқа мемлекеттердің көшбасшылары құлақ асады. Қазақстан бүгінде асықпай, бірақ өзінің даңғыл да дара, дұрыс жолымен жүріп бара жатқан мемлекет. Осындай елдің тізгінінде Сіз тұрсыз. Мен Сізбен бір заманда, бірге өмір сүріп жатқанымды, шынын айтсам, мақтаныш етемін, – деді.
Толайым бір буын әуезді дауысын жазбай танитын талантты актриса, КСРО халық әртісі Фарида Шәріпова:
– Біз қазір тарихи бір қызық кезеңде өмір сүріп отырмыз. Мына әлемдік дағдарысқа қарамастан, еліміздің еңсесін түсірмей, дәулетін тасытып, бақ-беделін арттырып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз екенін көзі ашық жанның бәрі біледі. Қазір еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болып отыр. Бұл біле-білген адамға үлкен тарихи оқиға, қазақтың маңдайына қонған бақ.
Әсіресе, кеше Қазақстан халқына арнаған Жолдауыңызда әр салаға жаңа міндеттер, жаңа мақсаттар қойдыңыз. Соның барлығы өзіңіздің туған халқыңызға деген перзенттік сүйіспеншілігіңіздің дәлелі. Сол Жолдауда көрсетілген ауқымды шаралардың орындалатынына өз басым кәміл сенемін. Әрі соған әрқайсысымыз өз үлесімізді қосамыз деп ойлаймын, – деді.
Осыдан кейін арқалы ақын Марфуға Айтхожина: “Тәуелсіз еліме тағзым” атты өлеңін шабыттана оқыды.
...Тәуелсіз бастап жүріп еліңді өрге,
Ғаламат ие болдың сенімдерге.
Нығайтып ел мен елдің татулығын,
Ант еткен, батыр қазақ шегінбеуге.
Айтпауға бар ма қақым, шыны керек,
Байтақ ел тыныштыққа тұнып ерек.
Бас қосты Ақордада бүкіл әлем,
Діні де салт-санасы, тілі бөлек.
Жастанып ұлы таулар жайсаң жерін,
Тұрғанда алтын діңгек, арқаң, белің.
Елдік пен келісімнің арқасында,
Қашан да тартар өрге көшім менің.
Қазағым көпті көрген көне халық,
Ту етіп ата арманын келеді алып.
Теңдессіз бірлігімнің арқасында,
Жасайды Еуропаға төрағалық.
Барымызды бағалау – ардың ісі
Елбасымен өткен емен-жарқын жүздесуде жүзден астам талант иелерінің айтары да, аманаты да көп екендігінен хабардар Нұрсұлтан Әбішұлы:
– Қадірлі ағайын! Өнер мен әдебиетті көркейту ісіне мемлекетіміз үнемі қамқорлық жасап келеді. Бұған дейін де демеп, көмек көрсеттік, алдағы уақытта да қолдан келгенше жағдай жасаймыз. Алайда, талантты туындының бағы тек қаражатта емес, үлкен мақсат-мұратта, ұрпақ үшін мұра болатындай қадір-қасиетте екенін ұмытпайық.
Өздеріңізге белгілі, жақында ғана қазақтың аса дарынды жазушысы Әбіш Кекілбайұлына Еңбек Ері атағын бердік. Бұл тек бір адамға емес, жалпы әдебиетке деген марапат деп бағалаған жөн. Ел үшін жасаған еңбек ескерусіз қалуға тиіс емес.
Бірлігіміз баянды болса, біз алмайтын қамал жоқ. Еліміздегі жарасымды татулық өркениетті, дамыған елдермен тереземізді теңестірді. Түгел болған соң төбедегілер келіп, төрін ұсынды. Тәубе делік. Барымызды бағалау – ардың ісі. Ардың ісін ардақ тұтқан сіздерге – жазушыларға, басқа да өнер иелеріне шығармашылық табыс тілеймін. Еліміздің рухын көтеретін, мәртебесін биіктерге шығаратын шығармалар көп болсын! – деп кездесуді қорытындылады.
Айнаш ЕСАЛИ.