Соңғы кездері Көкшетау тұрғындары осыдан 20 жыл бұрынғы оқиғаны естеріне жиі алып отыратын болыпты. 1997 жылғы қақаған қыста қазандық жарылып, қаланың тұтас аудандары бірнеше апта бойы жылусыз қалған. Қауіптің алдын алмаса сол апат қайталанып қалуы да мүмкін.
Сол жылдан бергі жылдарда ауысқан бірнеше әкім Көкшетауға ЖЭО салуға құдіреті жетпеді, тек 2012 жылы аз ғана уақыт Ақмола облысының әкімі болған Қ.Қожамжаров қана қалаға ЖЭО салу туралы саяси шешім қабылдағанын білеміз. Бұл жобаға Президент Н.Назарбаев та қолдау білдірген.
Жобаның алдын ала құны 750 млн АҚШ долларын құраған. Алайда 2013 жылы Қ.Қожамжаров ауысып кеткен соң, Энергетика министрлігінің бұрынғы басшысының нұсқауы бойынша жоба тоқтатылды. Олар ведомстволық мүддені көздеп, елдің солтүстік аймағындағы электр қуатының молдығы туралы дәлелдер келтірген. Алайда отын-энергетикалық кешенді дамытудың 2030 жылға дейiнгi тұжырымдамасына сәйкес, осы 2030 жылдан бастап елдің оңтүстігіндегі жүктеме солтүстік аймақтың қуатын тасымалдау мүмкіндігінен асады, өз кезегінде бұл 470 МВт қуаттың тапшылығына соқтыруы мүмкін. Оның үстіне Көкшетау қаласы ең алдымен жылуға мұқтаж екенін естен шығармау керек, ал ЖЭО құрылысының белсенді фазасы 3-4 жылды қамтиды.
ЖЭО құрылысының жобасын іске асыру бойынша Көкшетауға Ресей, Германия, Ұлыбритания, Израиль, Ливан, Қытай және т.б. мемлекеттерден 20-дан астам делегация келіп кеткені туралы БАҚ пен қалалық әкімдіктен белгілі болды.
Инвесторлар мәселені шешудің әртүрлі жолдарын ұсынған, алайда жобаны қаржыландыру бойынша ешқандай ұсыныстар жасалмаған, ал бұл – ЖЭО құрылысы мәселесіндегі ең басты сұрақ. Қазіргі таңда Қытайдың «CITIC CONSTRUCTION Co. Ltd» компаниясынан тиімді және оңтайлы ұсыныс түсіп отыр. Бұл компания 2013 жылдан бері Қазақстан Республикасында қызмет жасайды. Ақтау қаласында битум өндірісін іске асыратын зауытты пайдалануға берген. Қазіргі таңда компания республикалық маңызы бар Талдықорған – Қалбатау – Өскемен автокөлік жолын қайта жөндеуден өткізу жобасын іске асырып жатыр. Ол ҚХР Оңтүстік-батыс электр қуаты жобалық институтының қолдауымен Көкшетауда барлау жұмыстарын жүргізіп, ЖЭО құрылысына техникалық тапсырма дайындады.
Осы жобаның ЖЭО техникалық сипаттамасы алдыңғы қатарлы экологиялық қауіпсіздік стандарттарына да сай болады. Компанияның берген бағасы бойынша, жобаның бастапқы құны 390-410 млн АҚШ долларын құрайды, бұл басқалар ұсынған сомаларға қарағанда едәуір төмен. Сонымен қатар Көкшетау қаласы әкімдігі ЖЭО-ның техникалық көрсеткіштерін 180 МВт-дан 70 МВт-ға өзгертуге ұсыныс түсірсе, жоба құны азаятын болады.
Бұл жобаны іске асыруда жергілікті коммуналдық кәсіпорын немесе «Самұрық-Энерго» АҚ провайдер немесе оператор ретінде болуы мүмкін. Сондай-ақ Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен алдағы жазда Қазақстанға ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин келгенде қол қойылатын іскерлік келісімшарттардың арасында осы жоба да бар. Міне, осы мәселенің бәрі Көкшетауды жылуға қатысты тығырықтан шығарар деген үміттеміз. Үкімет басшысы Б.Сағынтаевтың атына да осы жобаны қолдауды сұрап, жуырда депутаттық сауал жолданды.
Айқын ҚОҢЫРОВ,
Мәжіліс депутаты