Олардың сөзінше, бұл – Азия құрлығы дизайнерлерінің ең сәнді киімдерін тамашалау үшін көптеген сән білгірлерінің басын қосатын ең мәртебелі іс-шара болмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтетін осы сән көрсетілімінде өз киімдер топтамасын Aida KaumeNOVA, Naiyl Baikuchukov, Bibisara, Dinara Satzhan сынды қазақстандық дизайнерлер ұсынады.
Динара Сәтжанның айтуынша, отандық дизайнерлер осымен екінші рет топтасып шетелде көрсетілімге шығады. Өткен жылдың қазан айында дизайнерлер Mercedes-Benz Fashion Week Russia аясында Ресейдің төрінде өз жұмыстарын табысты түрде көрсеткен болатын.
Аида Қауменова қазақстандық дизайнерлер сән арқылы ұлттық кодты жеткізе алатынын алға тартты.
«Бұл – өз елін өзге мемлекеттерде лайықты түрде таныстыра алатын дизайнерлердің жеке бастамасы болып отыр», деді ол.
Наиль Байкучуков болса Париж саxнасында үлкен әсер туғызатындығына сенімді. Өйткені әрбір дизайнер көрсетілімге арнайы топтама әзірлеуде. Мәселен, Аида Қауменова Париждегі көрсетілімде Сән үйінің дизайнерлері арнайы әзірлеген эксклюзивті авторлық өрнегі бар барқыт топтамасын ұсынады. Топтаманың негізгі бұйымы – қазақтың ежелгі ұлттық киімі шапан-сырмақ болмақ. Ал Наиль Байкучуков Парижде люневиль кестелі топтамасын дайындайды. Бұл ертегі әлеміндегідей әсер қалдыратын тюль мен шифоннан тігілген көйлектер. Олардың сөзінше сән көрсетіліміне барлығы 80 дизайнер қатысады.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»