– Мынау не?! Нөмірді қаламсаппен жазып, скотчпен орап қойғаны несі? Орыс театрына барсаң көңіліңе қаяу түспей жадырап кіріп, жадырап шығасың. Біздің театрға келсең осы, әйтеуір көңілің жұтайды да тұрады! – деді.
Құрбымның мінезінің шытынауы жақсы «ырым» болмады, осы көріністен кейін көп ұзаған жоқ, «І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының бухгалтері мен кассирін қамап тастапты» деген хабар желдей гулеп кетті. «Театр директоры мен бухгалтерлері 163 миллион теңгенің басына су құйыпты» деген сөз ақиқатқа айналды, одан соты болды.
Ай сайын банктен сөмкемен (!) тасыған ақшаның айлық жалақыдан, басқа қажеттерден артылған едәуір бөлігін – директор өзіне 80 пайызын қалдырып, қалған 20 пайызы екі бухгалтердің қалтасына қылдай бөлініп кетіп отырған. Оның сыртында бұрынғы директор Нұрлан Ерекешевтің 2005 жылдан 2016 жылы театрдан кеткенге дейінгі түскі тамағы, үйінің коммуналдық төлемдері, Астанадағы бір жасқа толған немересінің бір миллион теңге жұмсалған тойы, оған Қостанайдан барған қонақтардың жолақысы, Астанадағы ұлының үйіне Қостанайдан тасып жағатын отыны, өзінің мерейтойы, баласының туған күні, отбасылық қуанышының барлығы сорлы театрдың мойынында болған. 2016 жылы желтоқсан айында облыстық қазақ драма театрының директоры Нұрлан Ерекешев пен бухгалтер Гүлзада Бектұрсынова және бухгалтер-кассир Меңсұлу Күлтаева абақтыға қамалды. Ерекешев 8 жылды, Бектұрсынова мен Күлтаева 7 жылдан арқалап кете барды. Бір айта кететіні, қаржылық тексеру театр жұмысының 2011-2016 жылдарын ғана қамтыған болатын. Ал одан бұрынғы 10 жылды тексергенде не шығарын кім білсін?..
Театрдың қолымыздағы 2014 жылғы төлқұжатында оның 2013 жылғы табысы 12 млн 200 мың теңге, қойылған спектакльдер саны 290, көрермендер саны 80500, ал 2014 жылдың 6 айындағы табысы 6 млн 980300 теңге, 127 қойылымға 33020 көрермен келген деп көрсетілген. Жағдай қазір де аса өзгерген жоқ. Айтпақшы, сотта театрдың бұрынғы басшысының спектакльдерге билет сатудан түсетін қаржыны өтірік өсіріп көрсетіп келгені, жоспар «орындалғандықтан» театр директорының жалақысына 50 пайыз үстеме сыйақы қосылып отырғаны айтылған болатын.
– Театр жыл сайын 12-20 миллион теңге арасында табыс табады. Бұл жыл бойы спектакльдер қоюға кеткен шығынды ғана жабады. Ал оның сыртында ғимараттың коммуналдық төлемдері, жалақы, басқа да шығындар мемлекеттің мойнында. Қазақ драма театры жыл бойы 5-6 пьеса сахналайды, оған 10-12 миллион теңге жұмсалады. Өткен жылды жоспарлағанда біз театр бюджетін түгелдей қайта қарап, тиынына дейін санап, 30 миллион теңгені үнемдедік, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.
Театр ашылғалы қойылған спектакльдерге қаржы бөлудің ұлғайтып көрсетілетіні де орын алмай қалған жоқ. Әрісін айтпағанда, 2016 жылғы маусым айында облыстық қазақ драма театрында Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» пьесасын Ресейдің Новосібір театр институтының доценті, актер Сергей Александровский қойды. Ол негізінен қойылымның тек музыкалық жағына жауап берген, спектакльді Ерсайын Төлеубайдың көмегімен сахналаған. «Айман-Шолпан» – қазақтың дәстүр-салтын, өнерін барынша қанық бояуымен көрсететін классикалық шығарма. Қазақ өнерінен, дәстүрінен, әдебиетінен мақұрым ресейлік режиссерге театр актерлері шығарманың мазмұнын тілі жеткенше өздері аударып отырған. Қойылымда ресейлік режиссердің қазақ дәстүрін, тілін білмейтіндіктен кеткен, қазақ сахнасы көтермейтін дөрекіліктер – бөлек әңгіме желісі. Театрдың залы 250 орындық екенін ескерсек, 6 миллион 300 мың теңгеге шикілі-пісілі қойылған «Айман-Шолпанды» 250 көрермен ғана көріп қалды деуге болады. Біржарым жылдан бері қойылым сахнадан қайта көрінген емес, оны қайта қоюға дайын да емес. Облыстық филармонияда камералық оркестр бола тұра облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі басшысы Лариса Сероустың келісімімен Сергей Александровский Новосібірден скрипкашылар тобын, дирижерін ерте келді. Айтпақшы, 2015 жылы осы новосібірлік режиссер Сергей Александровскийді Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда италиялық композитор Джованни Батиста Перголези жазған «Күң-ханым» («Служанка-госпажа») комедиялық опера-буффанын қоюға да шақырған болатын. Негізінен екі әнші ғана орындайтын операға облыс бюджеті 8 миллион 600 мың теңге төледі. Өкінішке қарай, ол операны да филармонияның концерт залында 440 көрермен бір рет тамашалағаннан кейін, қостанайлықтар қайтып сахнадан көрген емес. Жыл тәулігінде ресейлік режиссер мен дирижердің қалтасын қалыңдатқаннан басқа ешқандай қайтарымы болмаған екі қойылым да 15 миллион теңгені желге ұшырған емей немене? Жыл сайын театрда сырттан келген режиссерлер қоятын спектакльдер де бар. Естуімізше, келісіммен келген режиссерлердің де «тәбеті» жаман емес. Ол қойған спектакль миллиондарды ақтады ма, жоқ па, оған кім жауап береді?
Қазақ өнеріне Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов және Қапан Бадыров секілді үш алыпты берген Қостанай өңірі қазақ драма театрына 2000 жылы рухани сусап жеткен еді. Өнер ордасы 2012 жылы жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Жаңа үлгіде салынған ғимараттың құрылысына 13 миллиард теңге жұмсалғаны да көпшіліктің есінде. Бүгінде жаңбыр жауса оның төбесінен аққан су саулап жертөлеге бір-ақ барады. Театр ашылғанда барлық жағдай жасалды.Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері тобымен келді, жасамыс актерлер де шақыртылды. Олар мүмкіндігінше пәтермен қамтамасыз етілді. Бірақ он жеті жыл ішінде Қазақстанда өтетін дәстүрлі театр фестивальдерінде рөлдерді сомдау аталымдары бойынша жеке актерлердің шеберліктері аталғаны болмаса, бұл ұжым қойған спектакль жүлделі орынға ілігіп, шығармашылық әлеуетін көрсетпепті.
– Қазір фестивальдер өтіп жатады, оған барып қатысқанға дейін қай театрдың қандай орын алатыны шешіліп қояды. Барлығы да сыбайластықпен алады. Гран-при алмаған актер, режиссер қалмады, – деген уәж естідік бас режиссер Ерсайын Төлеубайдан. Қостанай қазақ драма театры ашылғалы қаншама спектакль сахналанды, алайда негізінен солардың сахнадағы ғұмыры ұзақ болмайды, көрерменді тез жалықтырады. Он жыл ішінде бас режиссер Ерсайын Төлеубайдың өзі жазып, өзі қойған спектакльдері де сынға ілікпей қалған жоқ.
– Театрдың жанындағы көркемдік кеңесті ешқандай ескертусіз таратып жібергеніне таңқаламын. Бұрын спектакльді дайындап болған соң, әдебиетшілерді, зиялы қауым өкілдерін шақырып көрсететін. Бірақ ескертудің ешқайсысы ескерілмей сол қалпында қалып жүрді. Шығармада көркемдік шындық, тарихи шындық деген болады. Көркемдік шындықты қалай жазса да автордың өз еркі, бірақ тарихи шындыққа қиянат жасауға болмайды. Ерсайын Төлеубай жазып, қойған «Мәриям, Ілияс» спектаклінде 1943 жылғы республикалық айтысты Ілияс ұйымдастырды дейді. Жоқ, оны Нұртас Оңдасынов ұйымдастырған. Екеуі де ірі тұлға, бірінің еңбегін екіншісіне телуге болмайды. Ілиястың халқына сіңірген еңбегі онсыз да жетеді, – дейді жазушы Ғұмар Ахметчин.
Режиссер пьеса жазбасын деген заң жоқ екені белгілі. Бас режиссердің өзі де «Пьеса жазған режиссер жалғыз мен емес. Бұл Шекспирден келе жатқан дәстүр. Менің спектакльдерім бүкіл Қазақстанның 15 театрында жүріп жатыр, сұраныс та бар. Алаш тақырыбына қалам сілтеп жүрген драматург те жалғыз менмін», дейді. Бірақ драматургиялық шығарманы көрермен жүрегіне жетер ой мен драмалық тартысқа емес, жалаң ақпаратқа құру, тіл жұтаңдығы сапаға емес, санға ғана қызмет етерін режиссердің өзі де білуі тиіс.
І.Омаров атындағы Қостанай облыстық театрының актерлер шеберлігіне қандай да бір кінә арту күнә болар еді. Мәскеудегі М.Щепкин атындағы жоғары театр училищесінің түлектері, ғұмырын театр сахнасында өткізіп келе жатқан Қайыпберген Есенғұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Шахарбану Есенғұлова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, актерлер Қабділмәжит Иманов, Әлімхан Мырзахан, Айбол Шәкіржанов, Бақытжан Құрмансейітов, актрисалар Ажар Шәкіржанова, Зәмзәгүл Бегайдарова, тағы басқалар көрерменге әлдеқашан өздерін мойындатқан. Талантты жастар да баршылық. Театрда 34 актер бар, бас ресжиссердің айтуынша тағы да 15 актер болса артық болмас еді. Ерсайын Төлеубайдың театрдағы актерлер шеберлігін шыңдаған еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ол алғашқы жылдары театр жанынан жас актерлерге арналған студия ұйымдастырды. Оған ұжымдағы кәнігі актерлер сабақ беріп, тығырықтан жол тапқан еді. Соңғы жылдары өнер отауында осындай ілкімді істердің божырап кеткендігін көпшілік біледі, актерлер де жасырмайды.
– Шынын айтқанда, шығармашылық тоқыраудамыз. Өз ішімізде «рухани жаңғыру» керек секілді. Ол үшін театрдағы тәртіпті өзгерту керек. Күнделікті тұрмыстың деңгейінен шыға алмай кеттік. Сахнаға шығу керек болған соң – шыға саламыз, ойнау керек болған соң – ойнай саламыз. Актердің кейіпкеріне мінез іздеуі, образ табуы секілді ізденістер жоқ, одан ешқайсымыз сау емеспіз. Себебі режиссура ақсап тұр. Жаңаша ойлайтын жас толқын актерлер, режиссерлер керек.Театрдың бүкіл жұмысында креативтілік жетіспейді, уақытқа ілесе алмай отырмыз, – дейді орта буын актер Әлімхан Мырзахан.
– Театрда қайнап жататын жұмыс жоқ. Жаңаша көзқарас жетіспейтін секілді. Актердің талантын режиссер ашады. Біз соны қазір сезінбейміз, – дейді актриса Ажар Шәкіржанова.
– Театрда ұсақ-түйек нәрсе болмауы тиіс. Актерлер ақ тер-көк тер болып, сахнада ойнап жүреді. Ал олардың кім екенін, аты-жөнін көрермен білмейді, өйткені залға спектакльдің бағдарламасы таратылмайды. Бағдарламаны көрермендерге ұсынса, олар сатып та алар еді. Мұндай салғырттықтан актер еңбегі қалай бағалансын? – дейді Шахарбану Есенғұлова.
Қазір уақыт тез өзгеруде. Көрермен талабы да, талғамы да бұрынғыдан ерекше. Көрермен нені қалайды, оны зерделеу, зерттеу де қалыс қалып жатады. Айналдырған 250 орындық залға көрерменнің кетіктің тісіндей болып отыратын кезі жиі кездеседі. Қазір қойылатын спектакльдерді жарнамалауда, театр өнерінің өзін насихаттауда, көрермен тартуда өркениет жетістіктерін пайдалану кемшін соғып келді. Бүгінде театрға әкімгер емес, продюсер, директор емес менеджер керектігін уақыттың өзі меңзеп отырғандай. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов театрда бұрыннан бекітілген мамандарды тиімділігіне қарай қайта қарауға болатынын айтты. Мысалы, ілеспе аудармашы немесе репетитор қажет болмаса, оның орнына неге актер алмасқа? «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» деген, жалақы аз болғандықтан актерлер арасында әлі де мемлекеттік қолдауға арқа сүйеушілік, театрға үй берсе деген үмітке иек арту да жоқ емес. Баспаналы болу үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар барын бәрі біледі. Бірақ отбасылы жастарға несие төлеу қиындық туғызады. Сондықтан актерлер тойдан табыс табуға уақытының біразын жіберетіні рас. Күн көрудің қамы болғандықтан бұл жұртқа ерсі көрінуден де қалды.
– 2000 жылдары театрға берілген үш бөлмелі екі үй жатақхана ретінде пайдаланылады. Оған шама келгенше биыл жөндеу жұмысын жүргіздік. Енді бюджеттен үй берілмейтіні жалпыға белгілі ғой. Мемлекеттік бағдарламаларды пайдаланып, әркім баспана мәселесін өзі шешуі тиіс, – дейді Ерлан Қалмақов.
Қостанай қазақ драма театры ашылғалы істен гөрі сөз көп. Пікірлер қақтығысы бір тоқтамайды. І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының директорсыз отырғанына жарты жыл болды. Сотталған директордан кейінгі директор бір жылға толмай өз өтінішімен жұмыстан кетіп қалды. Театр ардагері Қайыпберген Есенғұловтың «Қазір барлығы да тек ақшаға құрылады. Ақша театр өнері насихаттайтын адалдықтың, жан тазалығының алдына түсіп кетті. Заман өзге демеңіз, адам өзге», деген сөзі ойға қалдырады.
Әдетте, өнер біткеннің барлығы да құдірет, ал құдірет тазалықты сүйсе керек-ті. Соның ішінде сұлулық пен адамгершілікті, қысқасы, бекзаттықты, ішкі рухани байлықты қалыптастыратын театрға кірпияздықпен қарамаса, көрерменге де обал. Қолына өнер отауындағы істің божысы тигендерді өнердің емес, құлқынның таразысы басып кеткенде рухани тоқырау басталса керек, сірә. Оған осы мақалада айтылған сыбайластық, қазына ақшасын ұрлау, репертуар таңдаудағы әділетсіздік, өнерді руханияттан бұрын табыс көзі деп қарау мәселелері кіреді. Қазақ театр өнері пайғамбарларының ізі қалған Қостанайдағы театрдың да қазір осындай ағынсыз судың кейпінде тұрған жайы бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ