Аймақтар • 23 Қаңтар, 2018

Ұлттық нақышты ту еткен

822 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбелік Роза Бисекенова алғашқыда ісмерлік өнердің бастауы мен қыр-сырына ою ойып, сыр­мақ тігетін анасы арқылы қанығыпты. 

Ұлттық нақышты ту еткен

Кейін­нен ол тігін­шілікке біржолата ден қояды. Осы мақсат оны Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мем­лекеттік университетінен дизайнерлік маман­дық алуға жетелейді. Бүгінде халықтық қол­өнерімізді ұлттық құндылық ретінде қастерлей бі­летін қаршадай қыз дербес тігін ательесінің ие­сі.

Біз онымен ой-пікір ал­масқ­ан кезде киімдерді ұлт­тық нақыштар мен этно сти­льдік үлгіде тігуге ба­сым­дық беретінін білдік. Роза­ның қолынан шыққан сәнді де сапалы ұлттық киім­дер түрлерінде кең-байтақ д­а­ла­мыз бен көгілдір аспанмен ұштасқан тауларымыз көрініс тауыпты. Ал екін­ші бірінде киіз үйлер бейнеленіп, кербез жолдары бедерленген. – Камзол-қа­же­­кейлер мен бас киімде ор­­наласқан ою-өрнектерді жүн­нен дайындаймын. Төрт түліктің таң­балары да осын­дай әдіс­пен әдіптеледі. Көй­лек­пен бірге көмкерілген қазақ­тың ұлттық ыдысы – тор­сық та бұл топтаманы то­лықтыра түседі, – дейді ол.

Ал қошқар мүйіз сти­лі қол­данылған келесі бір өніміне жас дизайнер «Назерке» деген атау бе­ріп­ті. Бойжеткендерге ар­нал­ған көгілдір түсті бұл көйлек нәзіктік пен әсем­дік­тің белгісіндей әсер қал­ды­­рады. Ал алтын түсті ою­-өрнектер мен маржан тас­тар салмақтылық пен сын­дарлықты танытып тұрғандай.

Ең бастысы, жас дизай­нер­дің ұлттық киімдер тігу ісін­е кәсі­би шеберлікке қоса үлкен жауап­кер­шілікпен қарай білетіні бай­қа­лады. Бұл ретте Роза ежелгі ұлт­тық стильді қазіргі заманауи сән үлгілерімен үндестіруге, әрі өзге дизайнерлердің қол­таңбасын қайталамауға ұм­тылады. Р.Бисекенова Ақ­төбе қаласындағы «Ру­ха­ни­ят» музейінде қыз­мет­ жасайтын «Шебер Арт» клу­бының бел­сен­ді мүшесі. Өткен жылы оның «Ою ойы­лым өрнектеп» ат­ты же­ке көрмесін тамашалаушы­лар да көп болып еді.

Өткен жылдың аяғында Алматы қаласында өткізіл­ген «Қазақстанның жыл көйлегі-2017» ұлттық бай­қауын­да жүлдегер атанған Роза Бейсекенова алдағы нау­рыз айында Үндістанда өткі­зілетін дүниежүзілік сән бай­қауына жолдама алыпты. Ол мұнда ұлттық нақыштағы киім үлгілерін әлемдік сән корифейлерінің назарына ұсынбақ.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе