Әлем • 23 Қаңтар, 2018

Солтүстік Қазақстан делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінде болды

382 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрамында шағын және орта бизнес саласының, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, оқу орындарының өкілдері бар делегация мүшелері Біріккен Араб Әмірліктерінде болып, кездесулер өткізді.

Солтүстік Қазақстан делегациясы Біріккен Араб Әмірліктерінде болды

Облыс әкімінің баспасөз қызметі берген ақпараттар бойынша топ жетекшісі, аймақ басшысы Құмар Ақсақалов Фуджейраның билеушісі шейх Хамад бен Мұхаммед Əл Шаркимен кездесіп, қос тарап түрлі салада тығыз әріптестік байланыстар орнатуға уағдаласқан. Оның ішінде өнеркәсіп, инновациялық қызмет, дәнді дақылдар экспорты мен тасымалдануы, мал шаруашылығы, туризм жобаларын жүзеге асыру және көліктік-логистикалық бірлескен торап құру секілді келісімдер бар.

Теріскейлік делегация мүшелері бизнес-форумның жұмысына қатысып, іргелі экономикалық қарым-қатынасты нығайту, ауқымды жобаларға қаржы тарту, сауда-кәсіпкерлік палаталары, “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен “Fujairah National Group” компаниясы, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік және Фуджейра университеттері араларында ынтымақтастық туралы меморандумдар қабылданды.

Бизнес-форумда сөз сөйлеген Құмар Іргебайұлы облысымыз бен әмірліктің іскер топтар өкілдерінің келіссөздері өзара тиімді әріптестікке негіз қалайтындығын атап өтті.

Фуджейра – Біріккен Араб Әмірлігінің шығыс бөлігіндегі Оман шығанағын толық алып жатқан ірі әмірлік. Мұнда балық, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп жақсы дамыған.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»