Әлем • 23 Қаңтар, 2018

Ауғанстанда қаза болған отандасымыздың денесі жақын күндері елге жеткізіледі

182 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауғанстандағы теракті кезінде қаза болған қазақстандықтың мәйіті таяу күндері елге жеткізіледі. Бұл жайында ҚР СІМ баспасөз қызметінің жетекшісі Әнуар Жайнақов мәлім етті.

Ауғанстанда қаза болған отандасымыздың денесі жақын күндері елге жеткізіледі

«Қазақстан Елшілігі мен Сыртқы істер министрлігі біздің азаматтарға көмек көрсету тетіктерін, оның ішінде мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлу мәселесін іске қосты. Дегенмен, ол үшін белгілі бір процедуралар, сәйкесінше құжаттарды жинау қажет. Бұл іспен дипломаттарымыз айналысып жатыр. Бұған қоса, қаза болған азаматтың мүрдесін Қазақстанға жеткізу бойынша көмек көрсетудің басқа да жолдарын қарастыру үстіндеміз», - деді  Әнуар Жайнақов.

ҚР СІМ өкілінің айтуынша жерлеу жоралғыларын көрсететін ауғанстандық компаниялардың бірі бұл қызметі 20 мың долларға бағалап отыр.

«Бірақ, дипломаттарымыз жағдайды түсініп, 6-7 мың доллар сома ұсынған өзге компанияны тапты. Таяу күндері мәселе түбегейлі шешіледі. Біз қаза болған азаматтың туған-туыстарымен үнемі байланыстамыз», - деді ол.

Айта кетейік, 21 қаңтар күні Кабулдағы Intercontinental қонақүйіне содырлар шабуыл жасады. Салдарынан 1978 жылы туған Қазақстан азаматы қаза тапты. Ол Астана қаласының тұрғыны болған. Ауғанстанға телекоммуникация саласында жұмыс атқаратын ауған компанияларының бірінің шақыруымен іссапармен барған.