Оңтүстік Қазақстан облысында өсірілген 18 тонна алманың алғашқы топтамасы «Сарайшық» базарына 20 қаңтарда саудаға шығарылды. Жеткізушілер қалалық әкімдікпен келісімшартқа отырып, жемістерге нарық құнынан төмен баға бекіткен.
- «DALA-FRUIT» компаниясының басшылығы тұрғындардың отандық ауыл шаруашылығы өнімдеріне деген сұранысы мен қызығушылығын арттыру мақсатында қалалық әкімдікке өтініш білдірді. Қазір Атырауға бірінші сұрыпты алманың үш түрі әкелінді, олар базар нарқынан 15-20 пайызға арзанға сатылады, - дейді қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Руслан Дәулетов.
Компания мұнайлы өңірге 18 тонна алма әкелген. Коммуналдық базарда оңтүстіктен келген алмалардың бір килограмы 230 теңгеден сатылуда. Негізі алманың орташа бағасы – 400 теңге. Сатылымның алғашқы күнінен бастап тұрғындардың отандық өнімге деген сұранысы жоғары екені байқалды. Жарты күннің ішінде бір тоннаға жуық алма сатылған.
Егер өнімнің сапасы мен бағасы тұрғындардың көңілдерінен шықса, Атырауда алғашқы алма бағы болуы әбден мүмкін. Компания өкілдері алманы Атырауда да өсіруге ниетті. Облыстық әкімдіктен хабарлағандай, бизнесмендерге мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.