«Мәңгілік елдің» маңызды баспалдағы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев жылдың басты құжатына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атауын берді. Осы сөздердің әр буынында сананы серпілтер өрліктің өзегі бар. Осы сөздердің қанатты екпінінде тәуелсіздігімізді тұғырландырған өр халқымыздың жаңашыл қадамдарға дайын екендігін меңзейтін асқақтық қол бұлғайды. Бұл замана талабындағы Жолдаудың терең мазмұнын білдіретін тұғырнамалық қағидат, қазақстандықтардың ерік-жігерін тасқындатқан «Мәңгілік елге» бастайтын сенімді баспалдақ ретінде бағалануда.
Елбасының әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысын ғана емес, алаңсыз болашағын діттейтіндігімен құнды. Тәуелсіздігіміздің 26 жылдық салтанаты мұны барынша дәлелдеді. Қазақстанды құрмет тұтатын, үлгі ететін мемлекеттер санаты қалыңдады. Себебі Қазақстан үнемі қозғалыстағы, үнемі алға басушы, ынтымағы ырысқа жетелеген ел. Мақсат – қазіргі азаматтық қоғамды біртұтас ұлтқа айналдыру. Сондықтан Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатына негізделген жаңа Жолдауындағы негізгі 10 міндетті мінсіз орындау баршамыз үшін үлкен абырой болмақ.
Республика Үкіметі Елбасы Жолдауын жүзеге асырудың жалпыұлттық жоспарын белгіледі. Мұндайда уақыт ұттырмағанымыз ғанибет. Біз де Жолдау жарияланар тұста ел ішін аралап, жұртшылықпен кездесулер өткіздік. Халық ертеңін уақыт алға тартқан өзгерістермен байланыстыратынын, оңтайлы істерге бейімделе бастағанын байқадық. Айналамызда ілім мен білімнің озық үлгілеріне сұраныс, қажеттілік пайда болды. Адами капитал жаңғыру үстінде.
Ақмола облысынан депутат болып сайланғандықтан жерлестер тынысынан бірер мысал келтірейін. Өңірде өнеркәсіптік серпіліс үлгі тұтарлықтай. Индустриялық-инновациялық бағытта жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар қатары көбейген. «Қазақстанда жасалған» маркасымен өнім шығарушылар ішкі-сыртқы нарықта кеңінен танымал. Облыс шағын және орта бизнесті несиелік қаржыландырудан бірінші орынға шыққан. Облыстың индустрияландыру картасына, яғни, кәсіпкерлікті қолдауға 782,5 миллиард теңгені құрайтын 90 жоба енгізіліп, 12,3 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары құрылды. Қайтарымның салмағын осымен де бағамдауға болады. Бұған қосымша «Ақмола облысының мемлекет-жекеменшік аймақтық орталығының» жұмыс істеп тұруы ортақ істің оралымдығын аңғартады.
Елбасы халқымызға Жолдауындағы маңызды міндеттер қатарында «Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс», деген тұжырымды атап көрсетті. Бұл тұрғыда да өзіміздің озық жүйеміз қалыптасып үлгерді.
Көкшетаудағы Назарбаев зияткерлік мектебі 2009 жылы «Тұңғыш Президенттің 20 интеллектуалды мектебі» жобасы шеңберінде жұмыс бастаған еді. Қазіргі күні физика-математика пәндерін тереңдетіп оқытатын мектепте эксперттік, модераторлық деңгейдегі 191 педагог 860 дарынды балаларға сабақ береді. Ұжым әлемнің 112 елінің озық оқу орындарын біріктіретін Халықаралық мектептер кеңесінде (CIS) аккредиттелген. Мектеп түлектері халықаралық SAT, IELTS, TOEFL емтихандарына қатысады. Былтыр кәмелеттік аттестат алған балалардың 90 пайызы арнайы гранттармен Ресей, Қытай, Малайзия, Кипр, Польша, Болгария, тағы басқа елдердің жоғары оқу орындарына түскен. Сондай-ақ өңірде «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы ойдағыдай жүзеге асырылуда.
Қазақстан Парламенті де Жолдау міндеттерін жүзеге асыру мүдделестігінде қызмет атқарады. Құжаттағы он міндеттің барлығы Сенаттағы біздің комитеттің үйлесімді жұмысын талап етеді. Сондықтан менің әріптестерім өз регламенті деңгейінде Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың мүмкіндіктерін алға жылжыту тетіктеріне сай заңдық актілердің әрекет жасауына белсенділікпен үлес қосатыны анық.
Рашит ӘКІМОВ,
Парламент Сенатының депутаты
Мұғалімдердің мерейін өсірді
Елбасы Жолдауын Қазақстан халқы жыл сайын асыға күтеді. Себебі әр Жолдаудың өз ерекшелігі бар. Ел өміріне қатысты салмақты дүниелер айтылады, әлеуметтік салаға қатысты маңызды жаңалықтар жария етіледі. Қазір Құдайға шүкір, елдің әл-ауқаты жылдан-жылға жақсарып келеді. Қазақстанды төрткүл дүние танып, біліп, мойындап жатқаны әркез қуантады, марқайтады. 2017 жылы еліміз БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болса, міне, қазір оған төрағалық етіп жатқан жайымыз бар. Бұл – елдің мерейі. Егемендік шапағы төгілген 26 жыл мұғдарында мемлекетімізде үлкен, ауқымды стратегиялық жоспарлар жасалды. Бүгінгі күні оның бірқатары орындалды. Президент биылғы Жолдауында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды», деді.
Қалған 40-ы үлкен, ірі жобалар. Ол да орындалады. Бәрі сәтімен, жөнімен келе жатыр деуге болады. Халықтың Жолдаудан асыға күтетіні – әлеуметтік салада жасалатын оң өзгерістер. Былтырғы жылмен салыстырғанда бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі 12 пайызға өскені айтылып жатыр. Бұл дегеніңіз – 4 триллион теңгеден артық сома. Сонымен қатар 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8 пайызға артқаны тілге тиек етілді. Жасыратыны жоқ, жұмыр басты пенде болғаннан кейін алдағы 20 жылда не болатынынан гөрі, бүгінгі күнімізге, бүгінгі тұрмысымызға көбірек алаңдайтынымыз рас. Бұл – алдағы сан жылға бағдарланған кешенді, перспективалы жобалардың маңызын жоққа шығару емес. Осы ретте Мемлекет басшысы бәрінің басын ашып айтып берді. 2017 жылы не жасалғанын, 2018 жылы не болатынын жұртшылыққа жария етті. Қоғамда мұғалімдердің еңбегі дұрыс бағаланбай жүр деген пікірлер жиі айтылушы еді. Елбасы білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Бұл – ұлт пен ұрпақ тәрбиешісі ұстаздар қауымын бір серпілтіп тастағаны анық.
Индустрияны көтеру, жаңа технологияларды, инновациялық жобаларды енгізудің маңызы айтпаса да түсінікті. Технология мен инновацияны жұрт игілігіне жарату – біздің елімізде ғана емес, дүние жүзінде күн тәртібінде тұр.
Өзім мәдениет, руханият пен әлеуметтік салада көп жылдар қызмет істегендіктен осы саладағы өзгерістерге, жаңашылдықтарға әркез елеңдеп көз тігіп отырамын. Жолдау алдында арнайы мәлімдеме жасалғанда мәдениет саласына қатысты көңілге қонымды сөз айтылса деп тілеп едім іштей. Құдайға шүкір, Президент бұл саланы да назардан тыс қалдырмай, «ұлттың әлеуетін көтеру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды дамытуымыз керек», деп шегелеп айтты. Руханият саласы қызметкерлерінің жағдайын жасау, олардың еңбекақысын арттыру осы сала жұмысына тың серпін беретіні анық. Өйткені өнердің өркен жаюы мәдениет саласындағы қызметкерлердің жағдайына, олардың көңіл күйіне тікелей байланысты. Елбасының аузынан шыққан екі ауыз сөз, әсіресе мәдениет төңірегінде жүрген азаматтарға үлкен медеу болып жатқанын ерекше атап айтқым келеді.
Түсіпхан ТҮСІПБЕКОВ,
қоғам қайраткері, салалық мәдениет, спорт және ақпарат
қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы
ӨСКЕМЕН
Цифрландыру — басты мәселе
Біз ең алдымен Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауына қатысты Мәлімдемесін ерекше ынтамен тыңдадық. Ақиқатын айтсақ, одан тың жаңалықтар, жақсы өзгерістер нышанын күттік. Ал Жолдаумен танысқан сәтімізде оның әрбір жолындағы ілгерілеуге бастайтын ізгі ниеттерді айқын сезіндік.
Бірінші міндет қатарында «Еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру жөніндегі қанатқақты жобаны іске асырып, бұл тәжірибені кеңінен тарату керек. Цифрлы және басқа да инновациялық шешімдерді әзірлеушілердің өз экожүйесін дамытуы аса маңызды мәселеге айналып келеді» деп атап көрсетілді.
Бұл, менің байқауымша, маңызды да ауқымды жобаның бастауы. Оның мәні, Мәлімдемеде атап көрсетілгендей, өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі деңгейін көтеруге септігін тигізетіндігінде.
Маған ұнағаны – жаңалықты енгізудің нәтижелеріне сараптама-болжамдар жасалуы. Мәселен, «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек» деген тұжырым адамдарға деген қамқорлықты сездіреді.
Ең бастысы, жаңа 2018 жылы мемлекетімізде атқарылатын маңызды істер нақты атап айтылды. Елбасымыз он негізгі мәселеге назарымызды аударды.
Мен жоғары оқу орнының оқытушысы және ғылым адамы ретінде бұл бағдарламалық құжатты ойға тоқи оқып шықтым. Алдағы күндерде де жұмыс барысында бірнеше мәрте қайта айналып қарап, әрбір сөйлемнің астарына терең үңіліп, зерделеп отыру қажеттігін және сезінемін.
Жолдаудағы білім беру сапасын көтеру, оны жетілдіру бағытындағы нақты шаралар көңіл аударады. Ұстаздарға құрмет лебі айқын сезіледі.
Білім беру саласын экономиканың жеке тармағы ретінде қарау туралы ұсыныс көңілге қонады. Жоғары оқу орындарына білім беру бағдарламаларын жасауға көбірек құқық беру жөніндегі міндет заман талабына сай келеді деп білеміз. Ал оқытушыларды қайта даярлықтан өткізу, жоғары оқу орындарына шетелдік менеджерлерді тарту, әлемдік университеттердің кампустарын ашу – біздің білімге ұмтылған жастарымыз үшін жасалып жатқан қамқорлық, келер күннің қамын ойлау деп ұғындық.
Алтай ТАЙЖАНОВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор
Жаңа технологиялар жетістік кепілі
Мемлекет басшысы халыққа Жолдауының «ақылды технологиялар – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» бөлімінде алдағы уақыттарда еңбек өнімділігін арттырудың жақсы, жаңа жолдарын көрсетті.
Қазақстан – аграрлы ел. Біз дүниежүзілік нарыққа агрокешендерімізді заман талабына сай үйлестіре алсақ еркін шығатынымыз айқын.
Жұмыс сапарымен шетелге шығуыма көп мүмкіндік болды. Сонда байқағаным, ғылымы ілгерілеген елдердің ауыл шаруашылығы да қарыштап дамып келеді. Мәселен, АҚШ фермерлерінің қолында бір-бір планшет жүреді. Жеріне қандай дақыл еккен қолайлы, топырақтың құнары қандай, ол бас ауыртып ойланатын мәселе емес. Бір уыс топырағын қағаз қалтаға салып, жер мәселесімен айналысатын ғылыми-зерттеу институтына береді. Бар болғаны сол. Біздегідей келсін-келмесін улы химикаттарды беріп, жерін аздырып алмайды. Бәрі ғылымға негізделген. Суды да, қажетті минералды да орнымен пайдаланады.
Америкада мақта өсіретін диқандармен пікірлесіп қалдық. Бір шаруаның 20 гектар суармалы жері бар екен. Бабасы мақта еккен, атасы еккен, әкесі еккен. Баласы да егеді мақтаны. Бізде ауыспалы егістік болмаса жер тозатындай көреміз. Ал ғылымы өрлеп тұрған елде олай емес. Тыңайтудың технологиясын сақтасаң болғаны жер жарықтық тозбайды. Яғни бұл туралы Елбасы Жолдауында айтылған.
«Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет. Бұл мәселені шешуге барлық аграрлық кешеннің түбегейлі бет бұруы маңызды. Аграрлық ғылымды дамыту мәселесі басты назарда болуға тиіс. Ол ең алдымен жаңа технологияларды трансферттеумен және оларды отандық жағдайға бейімдеумен айналысуы қажет», деген жолдар өте орынды деп санаймын.
Елбасымыз қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарыққа сапалы дайын өніммен шығайық дегенде өзіміздің отандық ғалымдарға зор үміт артып отыр.
Аграрлық ғылымды түбегейлі дамыту керектігі күн тәртібіне шықты. Кетпеннің дәуірі өтіп барады. Ол үйіргелік жерді өңдеуге ғана жарайды. Диқан атамның көзі ғой деп әлі де көз сата берсек ешбір мемлекет Қазақстан қатарымызға қосылсын деп тосып тұрмайды.
Мәселен, шетелдіктер Ресейді көп мойындай бермейді. Ал осы Ресей ғалымдары жүргізушісі жоқ, орталықтан басқарылатын трактор ойлап шығарды. Адам факторы жоқ, еңбек өнімділігі жоғары. «Адидас» сияқты мықты фирмалар тігіншілерді робот-тігіншілерге ауыстырып жатыр. Күні-түні шаршамайды. Осындай кезге келдік.
Елбасы жол көрсетті. Ендігі сөз отандық ғалымдар мен агрокешенді басқарып отырған азаматтарда. Ғылымға негізделген жаңа технологиялар мемлекетімізді жаңа белестерді бағындыруға септеседі.
Серік ТҰРБЕКОВ,
Оңтүстік Қазақстан облысы
ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы