Бұл бұл ма?! Біз «Крещениені» де күллі православие қауымынан артық атап өте бастағандаймыз. Қараңыз, Астана қаласы төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Бейбіт Садықов биылғы діни ғұрыпқа Есіл өзенінің Салтанат сарайына жақын тұсынан екі бірдей мұз ойық әзірленгенін мәлімдеді. Себеп, жылдан жылға жергілікті жұртшылық арасында діни рәсімге қатысушылар артып келе жатқан көрінеді.
Әрине елорда тұрғындарының дені өз қаракөздерімізбен толығып жатыр. Бірақ қаракөздеріміз өзіміз болғанымен, көкірек көзі өзіміздікі емес сияқты. Әйтпесе интернет желілерінде өзге ұлыстың қасиетті мерекесінің бел ортасында мәз-мейрам болып шомылып жүрген қазақтардың бейнетаспалары таралмас еді ғой. Иә, өзгеріп барамыз. Ой жарысы жағынан емес, дарақылық додасы жағынан өзгергеніміз қынжылтады. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегенде, бөтегеге бүккен санадағы сырқат, иммунитеттегі әлсіздік дәл осылай қалқып шығады деп әсте ойламаған екенбіз. Орға омақасатын олақтығымызға орын жетпей бара жатқандай ма, қалай?
Парламент Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «Твиттердегі» парақшасына «Меніңше, қасиетті Крещение кезінде қазақтардың топырлап жапа-тармағай суға түсуі орынсыз әрекет сияқты. Сырттан, әсіресе шетелден келген адамдарға бұл әрекет ерсі болып көрінеді» деп жазды. Қазақ елі бүкіл дүниеге түркі әлемінің от жаққан ошағы, онан кейін Орталық Азиядағы туыстас халықтар сияқты емес, тілі, ділі мұсылман болса да көпконфессиялы қоғам құруымен танылды. Яғни біз дәл осы «Крещениеде» шоқыну туралы ойдан ада болсақ та, олармен (діні басқалармен) жарысып ойыққа түспеуіміз керек еді. Осының өзі өзге сенім мен нанымға құрмет көрсеткеніміз болар еді. Дін тұрғысынан қарағанда, Иса пайғамбардың Иордан өзеніне түсуінен бастау алатын Крещениедегі мұздай суға шомылу шіркеу қатарына қабылдауды, яғни шоқындыруды білдіреді. Сондықтан бұл «шоқынуға» жол болсын!? Әрине әлдекімдер мұны шынығудың бір түрі деуі де мүмкін.
Ілкіде университетте бір оқытушымыз болды. Жарықтық, қыстыгүні де жалаңаяқ жүретін. Соның сырын сұрағанымызда, атақты Порфирий Ивановтың суық су құйыну әдісімен өзін дәрігерлердің емі жетпеген аурудан жазып алғанын айтқан еді. Бірақ бұл күнделікті өмір салты ғой. Есілге, Ертіске мұз ойыққа мұңсыз сүңгіп шығып жатқандар шынымен саламаттылық салтын қуаласа, осы жолмен неге жүрмейді деген сауал туады. Абай айтады: «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады». Хәкім он төртінші қара сөзінде осылай дейді. Жалпы, жан қиналған кездегі бағдаршамымыз – Абай. Ал дін мен діл мәселесінде абайлауды білмейтін ұрпаққа Абай ғақлияларын жиі-жиі оқытқан абзал. Бір заманда байтақ далада әскери бекіністер салынғанда зеңбірек тұмсығымен бірге ұмсына енген шіркеу қоңыраулары бабалар жүрегін шайлықтырса, бейбіт күндегі бұл «шоқыну» бетке шіркеу болып тұр.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»