Есірткіге бақылау қою туралы ең алғашқы ұсыныс Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мемлекеттерінің ынтымақтастық пен өзара түсіністік жағдайында Мәскеу қаласында өткен кездесуіне қатысқан ресми өкілдердің меморандумында, 1996 жылдың 4 мамырында жасалынған болатын. Содан атқарылуы күрделі қызметтің ең бірінші қанатқақты жобасы тиянақталып, мұқият айшықталған тұста, яғни, 2007 жылдың қараша айында халықаралық орталықтың мекен-жайын Алматы қаласынан ашу ұйғарылды.
Сол кезден бастап Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының есірткі қылмысы жөніндегі бас басқармасының ауқымды да өміршең жобасына бірден-бір жауап беретін, өңірдегі бой көрсеткен трансұлттық есірткі қылмысының жолын кесетін мемлекетаралық қуатты ұйым жұмысқа кірісті десе де болады.
Басы ашық жайт – орталық қандай да бір экономикалық-қаржылық немесе саяси-бағытты көздейтін көп салалық құрылым емес. Жоғарыда аттары аталған әр республиканың құқыққорғау және құқықтық-салалық мекемелерімен ғана қоян-қолтық араласып заңсыз ескірткі айналымына қарсы жұмыла күресетін ұйым. Бүгінгі таңда халықаралық дәрежеде жүргізілген ынтымақтастық іс-қимылдың қызмет аясында орталық тарапынан бақылаушы мәртебесіне қол жеткізген 16 мемлекет бар, сондай-ақ оған Интерпол мен Оңтүстік-Шығыс Еуропа Құқыққорғау орталығы (SELEC) секілді екі халықаралық мәртебелі ұйым кіреді. Орталықтың Аустрия, Ауғанстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Италия, Канада, Қытай, Моңғолия, Пәкістан, Румыния, АҚШ, Түркия, Украина, Финляндия, Франция мемлекеттерімен біріге ойластырылған бағыт бойынша «on-line» режімде қызмет атқарып отыруы соның айқын айғағы.
– Халықаралық үйлестіру шеңберінде жүргізілген ауқымды іс-шаралар кезінде өткен 10 жыл ішінде бірқатар мемлекеттердің құқық қорғау ұйымдарының белсенділігі арқасында 39 халықаралық дәрежедегі операциялар жүзеге асып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың – есірткі синдикаттарының күдікті мүшелері қолға түсіп, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Барлығы 6,5 тонна есірткі құралдары мен психотроптық заттар, сондай-ақ 64,5 тонна есірткі қоспалары тәркіленді, – дейді Орталық Азиядағы есірткі құралдары мен психотроптық заттарға қарсы күресетін өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы директорының орынбасары, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов.
Бүгінгі таңда орталықпен тікелей ынтымақтаса жұмыс істейтін мемлекеттер алдын-ала жасалынған ақпараттық-сараптамалық жоспар бойынша өңірлердегі синтетикалық есірткі таратудың жасырын жолдарын тауып, оған жүйелі түрде тосқауыл қоюға кірісті. Орталық алдағы уақытта да әлемдік дәрежеде өзінің халықаралық салмақты ұйым ретіндегі орнын нақтылау үстіндегі қызметін белсенді түрде атқара береді.
Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ