Футбол • 24 Қаңтар, 2018

«Астана» «Спортингтен» еш қаймықпайды

422 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Астана» футбол клубы ел тарихында тұңғыш рет Еуропа Лигасының 1/16 кезеңіне жолдама алды. Осыған орай жуырда өтетін «Спортингке» қарсы кездесудің алдында елордалық ұжым дайындығын пысықтауда. Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Дубайда оқу-жаттығу жиыны аясында Ресей чемпионы, мәскеулік «Спартак» командасына қарсы ойнап, 3:2 есебімен жеңіске жетті.

«Астана» «Спортингтен» еш қаймықпайды

Біз осы орайда, еліміздегі футбол мамандары арасында кішігірім сауалнама жүргізіп, елордалық команданың «Спортингке» қарсы ойындағы мүмкіндігі және «Спартакқа» қарсы кездесудің нәтижесі туралы пікірлерін сұраған болатынбыз.

1. «Астана» Дубайдағы ОЖЖ аясында Ресей чемпионы мәскеулік «Спартак» командасына қарсы ойында жеңіске жетті. Бұл ойын нәтижесі кездейсоқ па, әлде, командалардың шынайы деңгейін көрсетті ме?

2. Станимир Стойлов командаға тиісті деңгейде көңіл бөлінбей жатқандығын, тіпті, соңғы уақытта трансферге қаражаттың жоқтығын, ал сыйақылардың төленбегеніне бір жылдан астам уақыт өткендігін айтып жүр. Сіздің ойыңызша «Астана» дәл қазіргі қаржылық мүмкіндіктерімен Еуропаның үздік командаларымен бәсекелесе ала ма?

3. «Астана» командасы екі маусымда Ресей, Польша, Словения және Чехияның үздік клубтары – «Спартак» (Мәскеу), «Легия» (Варшава), «Марибор», «Славия» (Прага) командаларына қарсы өткізген ойындарда басым түсті. «Астананың» жеткен жетістіктерінің артында кім немесе не тұр деп ойлайсыз?

4. «Астана» командасы 15 ақпан күні Еуропа Лигасының 1/16 кезеңі аясында португалиялық «Спортингке» қарсы алғашқы кездесуін өткізеді. Отандық клубтың осы кездесулерде жеңіске жету мүмкіндігі қаншалықты деп ойлайсыз?

Құралбек ОРДАБАЕВ, «Қайрат» футбол клубының ардагер қақпашысы:

1. Дәл қазір екі команда бірдей жағдайда, бірдей деңгейде. Ресей чемпионаты наурыз айының басында жалғасын тапса, біздегі ел чемпионаты да сол уақытта басталады. Ал оған дейін екі команданың Еуропа Лигасы аясындағы матчтары бар. Ал кешегі ойынға келер болсақ, «Астана» жеңіске деген жігер танытты. Ойынның оқу-жаттығу жиыны аясында өткендігіне қарамастан бұл елордалық ойыншылардың өздеріне деген сенімділіктерін арттыратыны анық. Екі команданың толық бет-бейнесін көре алдық деп ойлаймын.

2. Станимир Стойлов бапкердің сыйақы туралы айтқанына пікір білдіруден аулақпын. Себебі, бұл жағдайға клуб басшылығы мен бас демеушісі «Самұрық Қазына» қорының өкілдері жауап беруі керек. Осыған дейін, «Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов маусымға және Еуропа Лигасының 1/16 кезеңі аясында өтетін «Спортингке» қарсы кездесуге дайындық жоспарға сай өтіп жатыр деп мәлімдеме жасады. Ал клубтың мүмкіндіктеріне келер болсақ, «Астана» командасы соңғы жылдары өте жоғары нәтижелерге жетті. Оны Еуропаның үздік клубтарына қарсы кездесулерде көрсеткен ойындарымен дәлелдей алды.

3. Дәл қазір Еуропада біздің елдегі футболдың деңгейіне менсінбеушілікпен қарау деген жоқ. Себебі, «Астана» командасы соңғы жылдардағы жетістіктері арқылы ол түсінікті түгелдей жойды. Дәл қазір «Астана» және «Қайрат» Қазақстанның бетке ұстар командалары.

4. Екі ойын қорытындысын нақты айта алмаймын. Ал «Астана Арена» стадионында өтетін кездесуде жеңіске жететінімізге сенімдімін. Осыған дейін ешбір қазақстандық клуб мұндай нәтижеге жеткен емес. Елордалық команда ойыншылары матчты Еуропаның белді футбол агенттері тамашалайтынын жақсы біледі. Сондықтан, өздерін көрсетуге, жеңіске жетуге ерекше тырысады.

Асқар ҚОЖАБЕРГЕНОВ, бапкер:

1. «Астана» командасы заңды түрде жеңіске жетті. Дегенмен, екі команданың оқу-жаттығу жиындарын бастағандарына аз ғана уақыт болды. Олар өздерінің әлі де толықтай баптарына келе қойған жоқ. Ал БАҚ-та жарияланған мәліметтер бойынша ресейлік команда Қазақстан чемпионына қарсы ойнауға өздері ұсыныс жасаған. Осының өзі біздің елдегі футболдың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.

2. «Астана» бапкері Станимир Стойловтың пікірімен келіспеске амал жоқ. Себебі, ол ойыншылардың көзқарасын ашық білдіре алатын, соған жауап беретін маман. Ал жоғарыда айтылған мәселелер команданы ойынға дайындауда кері әсерін тигізетіні анық. «Астана» командасының бүгінгі күнге дейін жеткен жетістігіне көз салатын болсақ, онда командаға сыйақылары төленуі тиіс.

3. Мен дәл қазір «Астана» – Еуропаның мықты командаларының бірі деп сеніммен айта аламын. Команда осы жеткен жетістіктерін алдағы маусымда қайталап, еліміздің намысын еурокубоктерде лайықты қорғасын десек, «Астанаға» барлық жағынан қолдау ауадай қажет.

4. Алла сәтін салса, сол ойынды көруге мен де арнайы Астанаға барамын. Менің ойымша португалиялық команданы өз алаңымызда бірнеше доп айырмасымен жеңуге мүмкіндігіміз бар. Себебі, уақыт айырмашылығы, Қазақстанға дейінгі арақашықтық, «Астана Аренадағы» жасанды алаң және жанкүйерлердің қызу қолдауы жеңіске кепілдік береді. Астанада өтетін кездесуде жақсы нәтижеге қол жеткізсек, команда сырт алаңда қалай ойнау керек екендігін біледі. Оған елордалық команданың өткен маусымдағы латвиялық «Юрмала», израильдік «Маккаби», чехиялық «Славияға» қарсы кездесулерде көрсеткен ойыны дәлел.

Айдар КҮМІСБЕКОВ, Ұлттық құраманың экс-қорғаушысы:

1. Әрине, әділ нәтиже «Астана» командасы өткен жылы оқу-жаттығу жиыны барысында ресейлік клубқа 0:5 есебімен есе жіберген болатын. Ал бүгінгі жеңіс команданың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Ойынның жолдастық матч болғандығына қарамастан, астаналықтар осы ойында жеңіске жету арқылы қазақстандық жанкүйерлерге ерекше қуаныш сыйлады.

2. Әлбетте, бәсекелесе алады. «Астана» футбол клубының Еуропа Лигасының 1/16 кезеңіне шығуы соның айқын дәлелі. Бапкер айтып отырған командадағы қаржылық мүмкіндікті жақсарту, ойыншыларға сыйақыларын төлеу, қатарға жаңа ойыншылар алу керек деген пікірлерімен толықтай қосыламын. Себебі, команданың ойынына жоғарыдағы факторлар тікелей әсер етеді. Еуропадағы мықты командаларға қарсы ойындарда жеңіске жету үшін, команда құрамына еурокубоктерде жинаған тәжірибесі мол 1-2 ойыншы алса деп ойлаймын.

3. «Спартакқа» қарсы ойынды мысалға алар болсақ, астаналықтар бұрынғымен салыстырғанда қарсыластарынан қаймығу, қорқу дегенді ұмытқан. Өздеріне деген сенімділіктері басым. Осы орайда, «Астана» футбол клубын Еуропаның орта деңгейдегі ұжымдарының бірі деп сеніммен айтуға болады. Тіпті, қазір жанкүйерлердің өзі елордалық командадан тек жеңіс күтеді. Оның барлығы дұрыс таңдалған ойыншылар мен бапкерлер құрамының, клуб басшылығының, жалпы алғанда дұрыс бағытта жұмыс істеп жатқан жүйенің арқасы. Команда осы 2-3 жылдың ішінде жаңа деңгейге көтерілді.

4. Кез келген Қазақстан азаматы «Астананың» одан әрі өткенін қалайды. Менің ойымша екі команданың мүмкіндігі бірдей, 50 де 50. Егер елордалық команда ойынға тыңғылықты дайындалып, дұрыс тактика таңдай білсе, келесі кезеңге жолдама алатын мүмкіндігі бар.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

«Егемен Қазақстан»